Челах Жоғарғы соттан БҰҰ комитетінің шешімін орындауды сұрады

2341
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Жоғарғы соты қаңтардың 22-сі күні өмірлік түрме жазасына кесілген 26 жастағы Владислав Челахтың ісін кассациялық инстанцияда қарайды. Алматы облысындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде өлген 15 адамның өліміне "кінәлі" деп танылған Челах 2012 жылдан бері түрмеде отыр.

Жоғарғы сотқа берген өтінішінде Владислав Челах соттан БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеттің шешімін орындап, үкімнің күшін жоюды, қылмыстық істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Бұған қоса, қылмыстық қудалау органдарын іс материалдарынан сотталушының құқығын бұзатын барлық құжаттарды алып тастауға міндеттеуді өтінген.

- 11 желтоқсанда Владислав Челах Жоғарғы сотқа өтініш жазып, 2017 жылы 7 қаңтарда шыққан БҰҰ комитетінің шешімін орындауды сұраған. 12 желтоқсанда өтініш өндіріске қабылданды. Бұған дейін комитет Қазақстанға құқықбұзушылықтарды жойып, сотталушының құқығын бұзғаны үшін өтемақы төлеуге кеңес берген еді. Қазір сот оның ісін қайта қарауды ұйғарған сияқты. Бұл қайта қаралайын деп отырған алғашқы іс, сондықтан қалай болатынын болжау қиын, - дейді Азаттық тілшісіне Адам құқықтары жөніндегі бюроның заңгері Светлана Хижниченко.

Сот құжатында Жоғарғы соттың Челахқа “құпия ақпаратпен танысуға құқығы бар” кәсіби адвокат тағайындағаны айтылады.

2017 жылы қараша айында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін "әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды" деген ұйғарым шығарған. Комитетке шағымды Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мен оның адвокаты Серік Сәрсенов (ол 2018 жылы наурыз айында қайтыс болған) дайындаған.

2012 жылы 30 мамырда Алматы облысындағы "Арқанкерген" шекара бекетінің өртенген орнынан 14 шекарашы мен бір қорықшының мәйіті табылған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырған.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер