Мәжіліс депутаты Кенесары ханның бас сүйегін қайтару мәселесін көтерді

3062
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, Кенесары ханның бас сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонға жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық музейге тапсыруды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Депутат былтыр Кенесары ханның туғанына 220 жыл, ал хан бастаған көтеріліске 185 жыл толғанын атап өтті.

“1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс –  қазақтардың отаршылдыққа қарсы жаппай бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі болды. Оны патша үкіметі де жеңе алмады. Кенесары хан қапыда қаза тапқан соң, қазақ хандығы да жойылды. Хан Кене аз уақытқа болса да  үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған», –  делінген депутаттық сауалда.

Ол қазір Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық музейде уақытша сақтаулы тұрғанын да айта кетті.

«2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйектің Кенесары хандікі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды», – деді ол одан әрі.

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы Ресейден Қазақстанға қайтарылса, оның сүйегі Астанадағы Ұлттық пантеонда жер қойнына тапсырылса, ал мылтығы Ұлттық музейге қойылса, ол ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етеді.

Пікірлер