“Өлген адамның персонажы ретінде”: Жазушы Тасыбековтың суретін отандық сериал рұқсатсыз пайдаланған

3986
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Қазақстандық танымал жазушы әрі тіл маманы Қанат Тасыбековтың суреті "Қазақстан" ұлттық арнасында отандық телесериалда өлген адамның персонажы ретінде рұқсатсыз көрсетілген.Бұл туралы Тасыбеков Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жазушыға бұл туралы Астанада тұратын танысы хабарлапты. Ал отандық фильмдегі өлген адамның персонажының орнында өзінің суретін көргенде отбасы мүшелері де өте қатты ренжеген.

Тасыбеков телеарнаға хат та жазған. Ол өзінен кешірім сұрауды, фильмдегі бейнені жоюды және өзіне моральді өтемақы төлеуді талап еткен. Алайда телеарнадан ешкім қарсы жауап бермеген.

Жазушы кейін өзіне бір әйелдің хабарласып, өзін телесериалдың продюсері деп таныстырғанын айтқан. Алайда екеуінің әңгімесі ұзаққа бармай, тұтқаны қоя салған.

Бұл мәселеге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жауап берген. 

"Тиісті тапсырма берілді, мән-жайды анықтап, сізге хабарласады. Айып етпеңіз", - деп жазған министр.

Кейіннен жазба астына "Қазақстан" ұлттық телеарнасының басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагим пікір білдірді. Ол сериалды 2017 жылы, Корпорацияның тапсырысымен RecMedia компаниясы түсіргенін жеткізген. Айтуынша, фильмге Жанна Әбішева продюсерлік еткен.

"Өкінішке қарай бұл шығармашылық топтың да, Корпорация тарапынан қабылдап алған маманның да салғырттығы. Дәл осы сериалды қабылдаған маман анықталып, жауапқа тартылады және Қанат мырзаның өзіне қосымша хабарланады. Кеткен олқылық үшін Канат Тасибеков мырзадан да, көрермендерімізден де кешірім сұраймыз", - деген телеарна өкілі.

Пікірлер