"Билік Қаңтар көтерілісі мен отыз жылдық тонауға қатысты сұрақтарға жауап бермеді" - Қайрат Жолдыбайұлы

1603
Adyrna.kz Telegram
Белгілі исламтанушы, ғалым, қаламгер Қайрат Жолдыбайұлы "Қаңтар оқиғасы" мен Қазақ еліндегі әлеуметтік-саяси келеңсіздіктерге қатысты шындықты ашып айтпаған биліктің әрекетін сынға алды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы автордың фэйсбуктағы жазбасына сілтеме жасап.
Қоғамға белгілі исламтанушы, ғалым Қаңтар оқиғасына қатысты айтылуы, ашылуы тиіс шындықты санамалап, билікке талап қойды.
- Қаңтар оқиғасына міне бір жыл толды. Бірақ әлі түйіні толық тарқатылып, шындық айтылмай отыр. Сұрақ көп, жауап жоқ.
Билік халық алдында мына сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап беруге тиіс:
1. Қаңтар оқиғасында билікті күшпен тартып алу бойынша тұтқындалып, тергеуде отырған Мәсімовтың арғы жағында кімдер тұр? Тапсырыс беруші кім? Билік уақыт созып барып, мәселені Мәсімовпен ғана түйіндесе, бұл Заманбекке өз-өзіне үш рет оқ атқызғаннан да бетер өтірік болады.
2. 238 адам қаза тапқан қасіретті қаңтар оқиғасының тергеуі неліктен жабық өтуде? Тергеуде отырған Мәсімов пен оның сыбайластары негізгі тапсырыс берушіні жария етіп жібере ме деген сақтық па?
3. Халықты арандатты, қару қолданды делінген бандиттер кімдер? Нешеуі тұтқындалып, қаншауы оққа ұшты? Қашып кеткендер ше?
4. Абайсызда оққа ұшты делінген бейбіт азаматтардың отбасына құн төленді ме? Олардың отбасынан ресми түрде кешірім сұрала ма?
5. Алтыншы қаңтар күні "біз бейбіт халықпыз, біз қарапайым халықпыз, біз террорист емеспіз” деген жазуы бар үлкен плакатпен алаңда тұрған бейбіт халыққа ешбір ескерту жасалмастан, тілдесіп сөйлеспестен әскерилердің оқ атқандығы жайлы куәгерлердің сөздері, түсірілген бейне үзінділері бойынша тергеу жұмысы жүргізілді ме? Анық-қанығы айғақтармен расталды ма? Алаңда бірде-бір бейнебақылаудың болмауы мүмкін емес қой! Куәгерлердің айтқанындай әскерилердің бейбіт халыққа оқ атқандары рас болса, ол жерде жазсықсыз қанша адам мерт болды? Оқ атқан кімдер? Бұған кім жауапты?
6. Бүкіл елдің жарты байлығын 162 адам иемденіп отырғанын президенттің өзі ашық айтқан болатын. 162 адам, олар кімдер? 30 жыл бойы байлыққа әділетсіз жолмен иелік еткен олигархтар әлі күнге дейін неліктен жауапқа тартылмайды? - деп жазды ғалым.
Сонымен қатар, Қайрат Жолдыбайұлы "Қаңтар қырғынының" тарихи маңызы бар екендігін еске салды. Әділетті Қазақстанды құрудың қарапайым жолын нұсқады.
- Осы секілді қаңтар көтерілісіне және отыз жылдық тонауға қатысты сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап берілмейінше халық пен билік арасында ешқашан сенім орнамайды. Ал сенім жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды. Қанша уақыт өтсе де, билік осы сұрақтармен ылғи бетпе-бет келетін болады. Тарих алдында, ұрпақ алдында, ақыретте міндетті түрде сұрауы болады. Әділетті Қазақстанның іргетасы қаңтар көтерілісінің әділ тергелуінде жатыр - деп түйіндеді автор.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket