Елімізде қарызын өтей алмай жүргендер 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
2022 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды мақұлдады.
Ол соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қарастырады.
Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Оның мақсаты — банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.
Банкроттықтан кейін пайда болатын салдар:
– 5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеуі;
– 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы;
– 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
Айта кетейік, алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.