Қаңтардағыдай қан төгілмесін десек, бізге Парламенттік жүйе керек! - Өмір Шыныбекұлы

13638
Adyrna.kz Telegram
"Қаңтардағыдай алаңда қан төгілмесін десек, бізге "Парламенттік жүйе" керек! "Суперпрезиденттік" билік жүйесі бізге қол емес екенін тарих бірнеше рет дәлелдеді. Келесіде "20 мың террорист", "ОДКБ" дегендер өтпейді... Саны санаулы қазақ үшін революция да, азамат соғысы да қол емес". Бұл пікірді белгілі ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 
"Суперпрезиденттік" билік жүйесінен бас тартып, билеушінің билігін шектеуіміз қажет!
"Суперпрезиденттік" билік жүйесі бізге қол емес екенін тарих бірнеше рет дәлелдеді. Сондықтан біз бас шұлғи бермей, билеушінің билігін шектеуді аталарымыздан үйренейік. Қазір "Конституциялық монархия" деп атап жүрген билік жүйесі ең алғаш Нидерланды да, Ұлыбританияда да емес, Шағатай ордасының қирандысында құрылған Моғолстан мемлекетінде пайда болды (Өкінішке қарай, ғалым тарихшыларымыздың трайбализмінің кесірінен әзірге Моғолстан мемлекетінің тарихы қазақ тарихынан тыс қалып тұр). 1330 жылдан 1347 жылға дейін Шағатай ұрпақтары арасында тақ таласы өршіп, бірнеше хан өз бауырлары қолынан қаза тапты. Тақтан үміткер әр сұлтанның артында бір-бір ру-тайпа қарашылары тұрды. Сұлтандар арасындағы тақ таласында ең көп қырылған сол қараша халық - сіздер мен біздердің ата-бабамыз болды. Соған төзбеген дулат бегі Полатшы 1348 жылы Ақсу қаласында Шағатайдың 17 жасар ұрпағы Тоғлық Темірді таққа отырғызды да алдына мал, қойнына қанша аламын десе де қатын сап берді. Ал билікті бектердің қолына беріп, өзі "Беклер бегі", яғни премьер-министр болды. Осыдан кейін ғана елдегі қырғын тоқтап, бұрынғы «Шағатай ұлысы» деген мемлекет Моғолстан аталып гүлдене бастады", - дейді тарихшы. 
Қаңтар қайталанбасын десек бізге "Парламенттік жүйе" керек!
"Қаңтардағыдай алаңда қан төгілмесін десек... Біріншіден, Қазақстанға қабылданатын заңның әрбір әрпі үшін Парламент қабырғасында төбелесетін "Парламенттік билік" жүйесі керек. Екіншіден, Сайқал саясат екіге жарған Ресей қоғамына көз сап қоялық. Өткен жылы Ресейдің ең мықты театрларының бірі МХАТ-ң белді актерларының бірі Александр Белый да РФ билігінің саясатымен келіспейтінін білдіріп Израильге қоныс аударды. Театрдан жұмыстан шығарда өтінішін алып кірген Александрға театр директоры Константин Хабенский "5, 10 немесе 15 жылдан соң кездескенде бір-біріміздің көзімізге тіке қарай алатын болайықшы!" - деп өтінішіне қол қойып беріпті. Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамы да әлдеқашан солай екіге жарылған. 30 жылғы биліктің саяси технологтары зиялы деген қауымды да қақ жарды. Биліктің ыңғайына көнгендері аса байып кетпесе де, балаларына май жаққан нан жегізіп, көнбегендері қоңыз теріп кетті... Ал, мүмкіндігі барлары Мұхтар Мағауин секілді мұхит асып кетті.. Осы Мағауин ағамыздың "Қатаған қырғыны" туралы "Бір біріне деген кектен көздеріне қан толған қос әмірші (Есім хан мен Тұрсын сұлтан) Сайрам түбінде кездесті...Осы қырғыннан соң бұрынғы 8 алаш қазақ 6 алаш боп қалды" дейтіні бар...", - дейді Өмір Шыныбекұлы. 
Келесіде "20 мың террорист", "ОДКБ" дегендер өтпейді...
"Осындайда баяғы КСРО-да "Қайта құру" басталғанда түсірілген Тенгиз Абуладзенің "Покаяние" ("Арылу") атты фильмі еске түседі... Ертең бір-біріміздің көзімізге тіке қарай алуымыз үшін қазақ қоғамына да сондай бір "арылу" керек... "Жауырды жаба тоқи беру" келесі қырғынды тоқтата алмайды.. Келесіде "20 мың террорист", "ОДКБ" дегендер өтпейді... Саны санаулы қазақ үшін революция да, азамат соғысы да қол емес. Тамтығымыз қалмайды. 30 жылда "Рубикон сызығы" терең тартылған біздің қоғамның бұқарасының қолында да, зиялы қауымның қолында да енді ештеңе жоқ... Билік ойлануы керек... Президент Қ.Тоқаев айтқан Қазақстан байлығына ие 162 адамды өз еріктерімен алғандарын қайтаруға мәжбүрлеу аздық етеді (қайтара қойса). Әр ауданның, әр өңірдің өз "162-і" бар.. Бәріне бейбіт түрде люстрация жасалмаса, ұлт үшін қауіп.... Бұқара көтерілсе жолындағыны жайпап кететінін қаңтар қырғыны көрсетті. Келесіде ондайларға есі дұрыс адам үтік баспайды... Арылудың жолын өзінің "Размышлизмы" деген оқшау ойларында белгілі режиссер Ермек Тұрсынов көрсетіп берген секілді. Өз басым өзге жол көріп тұрған жоқпын.. "Суперпрезиденттік жүйе" де бір, "абсолюттік монархия" да бір болып шыққанына соңғы 30 жыл куә...",- дейді ұстаз.
Билік санасатын азаматтық қоғамның қалыптасуы ұзаққа созылып бара жатыр...
"Қайталап айтайын, Қазақстанға парламенттік билік жүйесі керек. Осы орайда өткен жылы патшайымы қайтыс болған Ұлыбритания жаққа бір қарап қояйық. Билік жүйесі "Конституциялық монархия" Ұлыбританияда монарх ештеңе шешпейді деген түсінік қалыптасқан ғой. Бірақ, патшайым ІІ Елизаветаның алдына күн сайын парламент, үкімет және арнайы қызметтердің соңғы шешімдері секілді құжат толы қызыл шабадан әкеледі екен. Ал патшайым оны қарап шығуға міндетті. Патшайым ІІ Елизавета таққа отыру салтанатында Британиялықтарға былай депті: "Сіздердің маған шынайы қызмет етем деп жатқандарыңыз секілді, мен де сіздерге қалтқысыз қызмет етуге уәде беремін. Өмір бойы жан-тәніммен сіздердің сенімдеріңізге лайық болуға ұмтыламын!" Билік санасатын азаматтық қоғамның қалыптасуының ұзаққа созылып бара жатқанының да өз себептері бар. «Күшігінде таланған ит қасқырға шаппайтыны» ақиқат. 20 ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы физикалық тұрғыда құрып кетпеу үшін жанталасты. Ал екінші жартысын ұлт ретінде сақталуға жан-дәрмен әрекет жасай бастады", - дейді Өмір Шыныбекұлы.
Алтынбек, Заманбектер өзгеше ойлағандары үшін құрбан болды
"Егемендік алдық дегенмен, билік баяғы кеңестік номенклатураның қолында қалып қойды.  Ал кеңестік номенклатурада оқшау ойға орын жоқ. Олар үшін өздерінен басқаша ойлайтынның бәрі дұшпан. Алтынбек, Заманбектердің өлімі, 2011 жылғы Жаңаөзен, өткен жылғы қаңтар қырғындары соның әсері.. Абайдың замандасы Вольфредо Парето деген ғұлама ойлап тапқан "Парето приниципі" немесе "20/80" деген қағида бар. Ол қағида бойынша, белгілі бір ұжымдағы жұмыстың 80 %-н, сол ұжым мүшелерінің 20 %-ы атқарады. Сол секілді, қоғамдағы өзгерісті де қоғам мүшелерінің жалпы санының 20%-ы жасайды. Ол өзгеріс "ОҢ" немесе "КЕРІ" бағытта болуы мүмкін.Себебі, әлгі 20%-ң шамамен тең жарымы жалпыға түсінікті тілмен айтсақ, "Иманды", жартысы "Имансыз" (Ал, қоғамның қалған 80%-ы алдыңғылар қалай сүйресе, солай жүретін бұқара). Егер, "Имансыздар" 20 %-ң тең жарымынан асып кетсе, ол қоғамның ертелі кеш бір күйреп, апатқа ұшырары ақиқат! Ең қауіптісі осы...",- деп түйіндеді сөзін тарихшы.
"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер