2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ - Ерлан Қарин

3572
Adyrna.kz Telegram

2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Бұл туралы Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин өзінің телеграм арнасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Алдағы 2023 жылдың саяси күн тәртібі өткен 2022 жылғыдай, Президент белгілеген саяси реформалар векторымен айқындалады. Бұл, ең алдымен, ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум нәтижелерін іс жүзінде іске асыруды жалғастыруға қатысты.

Жыл басынан мүлдем жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокуратураның жаңа конституциялық мәртебесін және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау жөніндегі Уәкілдің жаңа лауазымын құрумен қатар, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін жабады.

Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне енгізілген бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енеді. Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталуда.

Енді аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау процедураларының сапасын арттырады.

2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасын табады. 14 қаңтарда Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтеді. Содан соң бірінші жартыжылдықта Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтуге тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн. Биылдан бастап пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ”,- деп жазды Ерлан Қарин.

Пікірлер