Қазақстанды шығынға батырғандар Ресейде тайраңдап жүр

2654
Adyrna.kz Telegram

30 жылдық тарихымызда «асымызды ішіп, астауымызға түкіргендер» аз болған жоқ. Бүгінгі әңгімеміз солардың көшін бастап тұрған ағайынды Александр және Михаил Сутягинскийлер жайлы болмақ.

Ағайынды алаяқтар 2006 жылы билікті айналшықтап ақыры дегендеріне көндірді. Олар елімізде «Биохим» және «Силициум» зауыттарын салмақ болып, сол зауыттарға биліктің араласуымен қаражат алды. Ағайындылардың жобасына «Қазақстанның Даму Банкі» 60 млн доллар, ал «Альфа-Банк» 17,5 млн доллар, «ЦентрКредит Банкі» 10,6 млн доллар және «БТА Банкі» ақша бөлді. Бұл барлық салымдардың 10 пайызынан астамы ғана болатын.

Нәтижесінде, бәрі жақсы басталды. 2006 жылы «Биохим» зауыты салынып, Назарбаевтың өзі келіп ашып берді. Негізінде, нарықты биоотынмен толтыруы қажет болған кәсіпорынның аз уақытта мәселесі мәлім бола бастады. Алғашында электр қуатымен, соңынан өнімді сатуға қатысты мәселелерге малынған кәсіпорын тиімсіз болып шықты. Ақыры жоба банкротқа ұшырады. Салықты сылтауратқан ағайынды Сутягинскийлердің көздегені де осы болды ма дерсің… Себебі жобаның құрылысына қыруар қаржы жұмсалды ғой. Нәтижесінде, зауыт Қазақстанның инвестициялық қорына көшті. Кейіннен мемлекет қатысатын компанияға 20 миллион долларға әрең сатылды.

Сутягинскийлер мұнымен тоқтаған жоқ. Олар тағы бір «Силициум» зауытын салуға көшті. Онда да өз қаржыларына емес, ел қаржысына. Тағы да «Қазақстанның Даму Банкі» мен сол кезде Мұхтар Әблязов басшылық ететін «БТА Банкі» ақша салды. Сәйкесінше, Сутягинскийлердің салмақты саналған «Силициум» жобасы да сәтсіз аяқталып, банкротқа ұшырады. Несие қайтарылмады. Бұл жобалардан «Қазақстанның Даму Банкі» мен «БТА Банкі» орасан зор шығын көрді. Соңынан ағайындылардың үлкені Александр Сутягинский адам өлтіруге оқталғаны үшін, яғни адам өлтіруге тапсырыс бергені үшін 12 жыл арқалады. Ал кішісі сол күйде ізін жоғалтты. Содан бері үнсіз кеткен Михаил Сутягинский жақында көрініс берді. Әрине, Қазақстанда емес. Ол жақында Псков облысында Путиннің өзі онлайн қосылып, ашып берген «Титан-Полимер» зауытының директорлар кеңесінің төрағасы болып шықты. Бұл ретте Қазақстанның миллиондаған қаржысын жымқырып, елден табанын жалтыратқан Сутягинскийдің ойда жоқта «Титан-Полимер» зауытының инвесторы болып шыға келгені есімізден тандырды. Өйкені мұндай деңгейдегі алаяқты Путиннің білмей қалуы “көрмес-түйені көрместің” кебі емес пе?

Пікірлер