Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі өсті

3136
Adyrna.kz Telegram

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3450 теңгеге өсуіне байланысты жүргізушілер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін көбірек төлейді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың жаңа мөлшері күшіне енді.

Айыппұл көлемінің артуына АЕК мөлшері әсер етті – қаңтар айынан бастап ол 3450 теңге болып бекітілді.

Енді ең төменгі айыппұл мөлшері 6 900 теңге (2 АЕК) болады. Бұл зиянды заттар шығару немесе шу деңгейін көтерген көлік иелеріне ғана емес, сонымен қатар рұқсат етілмеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен жаяу жүргіншілерге де қатысты.

Ең ірі 172 500 теңге (50 АЕК) көлеміндегі айыппұл жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырған және жол апаты болған жерден қашып кеткен жүргізушілерге салынады.

Сонымен қатар, көлікті сақтандырмағаны, жылдамдықты асырғаны, апатты жағдай тудырғаны және құжатсыз көлік жүргізгені үшін салынатын айыппұлдар да өсті. Олардың көлемі 17 жарым мыңнан 70 мың теңгеге дейін барады.

Пікірлер