Астанада «Біз біргеміз Fest» атты музыкалық қайырымдылық фестивалі өтті. Онда әлемгетанымал әнші Димаш Құдайберген және басқада қазақстандық эстрада жұлдыздары мен мүгедектігі бар әртістер өз өнерлерін көрсетті.
Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде балалардың әл-ауқаты, олардың интеллектуалдық, шығармашылық және рухани дамуы ұлтымыз үшін маңызды басымдықтар екенін айтты.
«Қазіргі таңда елімізде мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтары туралы түсінік өзгеріп жатыр. Әділетті Қазақстан дегеніміз - ең алдымен, инклюзивті Қазақстан. Біз көмекке мұқтаж әр азамат, әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезінуге тиіс қоғамқұрып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осындай міндет жүктеп отыр. Сондықтан мемлекетерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдап, кедергісіз орта және инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін тиісті жұмысты жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өткен қайырымдылық концертінен жиналған қаражат жаңадан ашылып жатқан “Біз біргеміз” реабилитациялық орталығына медициналық аппараттар алынады.
“Қайырымдылық қор 3 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп келеді. Ал биыл балалар жылына орай ерекше талантты жастарымыз бен әлемге көк туымызды желбіретіп жүрген жұлдыздарымыздың басын біріктіріп, үлкен аренада концерт ұйымдастырудамыз” -, деді қор басшысы Перизат Қайратқызы.
Концертке арнайы келген туа біткен зағип жан Кенжебек Нұрдолдайдың анасына сахнада 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Тик-ток әлеуметтік желісі арқылы танылған ерекше дауыс иесі Кенжебек Нұрдолдай соңғы уақытта ресейлік телеарналардан да жиі көрініп жүр.
“Қазір қайырымды жандар өте көп. Ерекше талантыңмен танылсаң халық арасынан арқаңнан қағатындар табылады. Ең бастысы еңбек етсең, Алла ары қарай жолын көрсетеді” -, дейді жас әнші.
Ерекше жандарды қолдау арқылы адамдардың жанына жылулық сыйлау – басты мақсатымыз деп сахнада көз жасына ерік бере сөз алған Перизат тағы бір отбасыға 1 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. 3 айлық баласымен такси жүргізушісі болып нәпақасын тауып жүрген жалғызбасты ана Асел өз қуанышын жасыра алмады.
Фестиваль аясында Қарақат саз мектебі, Тамара Асар, Назима, Мona Songs, Aidyn, Alfa тобы сынды әншілер де қайырымдылыққа атсалысқандарын қуана жеткізді.
«Бүгінгі кешке арнайы шақыртумен 100 жетігенші шәкіртіммен концертті ашып бердік. Біздің мақсатымыз балаларды ұлттық өнерге баулу, әсіресе мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді қолдауға қашан да дайынбыз. Осындай игі, ізгі амалдар көп болса екен» - деген тілек білдірді әнші Қарақат Әбілдина.
Көпке танымал «5:32» сериалының актерлері Мансұр және Қобыланды да іс-шарадан шет қалмады.
«Жастар жақсылық жасап жарысып жатыр. Ата-бабамыздан келе жатқан мейірімділік қасиетімізді жоғалтпай, дамыта берейік» - дейді олар.
“Қайырымдылық деген қараңғыдан жарық сәуле іздегендей ғой. Жас кезімде өзім де осы кезеңнен өттім. Сондықтан осындай кештерде ән шырқасам тебіреніп кетемін.” -, деп Тамара Асар әсерімен бөлісті.
Кеш соңында жобаның басты қонағы Димаш Құдайберген өнер көрсетіп, ерекше қолдау білдірді. Димашты көрермен ыстық ықыласпен қарсы алып, әндерін бір деммен тыңдады.
“Бүгінгі кештің ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін. Жүректеріңіздегі мейірімділік оты сөнбесін. Еліміз әрқашан бірлікте болсын. Ең бастысы сәбилеріміз жыламаса екен, ауырмаса екен деген тілегім бар. Үлкен мерекелерде амандықта, тыныштықта қауыша берейік.”-, дейді Димаш.
Шараны Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қоры және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
"Адырна" ұлттық порталы