Бүгін бойына күллі батыр-қаһанмандарының рухын жинаған және өмірімен, өрлігімен қазақ азаматының нағыз бейнесіне айналған Бауыржан Момышұлының туған күні. Жылдар жылыстап өтсе де, Бауыржан Момышұлының келелі пікір, кенен ойлары, көзсіз ерлігі мен парасатты тұлғасы қазақтың рухын биіктетіп, мерейін өсіре беретіні анық. "Адырна" ұлттық порталы қаһарманның құрметіне Батыр Бауыржанның қанатты сөздерін ұсынады.
* Әділдікті мойындау - адал кісінің ісі.
* Опасыздық - ойсыздық.
* Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ.
* Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
* Намысты нанға сатпа.
* Қарабет болып қашқанша - қайрат көрсетіп өлген артық.
* Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық.
* Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
* Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше - шындықтың уын ішін өлген артық.
* Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.
* Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
* Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
* Ата-ана қадірін білмеген - ел қадірін біле алмас,
Ел қадірін білмеген - ата-ана қадірін біле алмас.
* Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?!
Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес.
* Тіл - ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
* Қазақ тілі - сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл.
* Жақсы сөз жанға - жақын, құлаққа - жағымды, ойға - қонымды келеді.
* Сөз жылата да, жұбата да алады.
* Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
* Тілекке - еңбек тірек.
* Терлеп еңбек етерсің - тілегіңе жетерсің.
* Тәрбиелі - тәртіптің құлы,
Тәртіпті - елдің құлы.
* Қайратыңа - әдісіңді жолдас ет, әдісіңе - ақылынды жолдас ет.
* Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел - құл болмайды.
* Қайрат етер кезінде - жүк көтерер нардай бол,
Ақыл айтар кезіңде - жүз жасаған шалдай бол.
* Ылғи алтын іздеме - шоқтың бәрі от болмас.
* Күншілдік - өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігінді мойындаудан туған құбылыс.
* Ерлік - тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.
* Өршіл рухтан - өлмес ерлік туады.
* Үміт - өрге тартады, үмітсіздік - көрге тартады.
* Жерге - тер төгіп, халыққа - қан төгіп қызмет етуден тайсалма!
* Белдескеннің - белін сындыр, тірескеннің - тізесін бүктір.
* Ептілік те - ерлік.
* Қолбасшы болсаң сондай бол - жосылып жатқан жолдай бол.
* От басының өнегесі - Отан өнегесі.
* Халықтық тәжірибе - бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына.
* Сұлу сөзге құл болма - зерлі ой онда көп болмас.
* Үмітін жоғалтқан жан - ешқашан үміттеніп көрмеген жан.
* Тіл - ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
* Тіл - елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш.
* Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеу - шынайы патриоттар тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян.
* Қазақ тілі еш уақытта өзімен көрші халықтардың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалмағаны, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігіне мың жылдық көне тарих куә.
"Адырна" ұлттық порталы