Әлихан Смайылов Қызылордада жаңа ЖЭО құрылысының жобасымен танысты

2444
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің негізгі инфрақұрылымдық нысандарының жұмысын тексерді.

Атап айтқанда, Әлихан Смайылов Қызылордада 67 МВт электр қуаты мен 341 Гкал/сағ жылу энергиясын өндіретін ЖЭО-да болды. Сондай-ақ ол оңтүстік өңірлерді үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалпы қуаттылығы 240 МВт және 277 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығының құрылыс жобасымен танысты. Шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобаны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Премьер-Министр жұмыс істеп тұрған ЖЭО өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынғандықтан, тозығы жеткенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін оңтүстік өңірлерде бу-газ қондырғыларын салу бойынша бірқатар жоба іске асырылады.

«Ел экономикасы дамуымен қатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар да көптеп іске қосылуда, сондықтан қосымша энергия көздерін жедел іске қосу қажет. Осы міндеттер аясында Қызылорда облысында жаңа ЖЭО салынады. Бұл жобаны да уақытылы аяқтау керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, Қызылорда облысындағы тозығы жеткен электр желілерінің мәселесін де шұғыл түрде шешу керек, өйткені олардың техникалық жай-күйі өңір тұрғындары мен өнеркәсіптік объектілерін электр қуатымен қамтамасыз ету сапасына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Сырдария өзенінің арнасында орналасқан Қызылорда су торабының жұмысымен танысты. Оның негізгі қызметі өзендегі су ағынын реттеу және Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының аумағында орналасқан 110 мың га суармалы жерді, 250 мың га шабындық жер мен жайылымдарды сумен жабдықтау болып табылады. 2020 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес гидроторапты кешенді қайта құру басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Премьер-Министр қазіргі уақытта Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу аяқталуға жақын қалғанын, оны іске асыру инвестициялар тартуға және бірінші кезектегі проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов шекаралас елдермен жүргізілген келіссөздерден кейін биыл өңірде су тапшылығын төмендетуге мүмкіндіктер жасалғанын айтты. Сонымен қатар каналдарды тазарту және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде егіс алқаптары толығымен суармалы сумен қамтамасыз етілді.

Алдағы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да қарастырылған. Белгіленген су лимитін алу бойынша келіссөздер жалғасады.

 

Пікірлер