Вайнерлер ісі: Сот тыңдалымы қалай өтті?

3070
Adyrna.kz Telegram

Алмалы аудандық сотында онлайн режимде қаржы пирамидасын құруға қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Тыңдалымға қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған Руслан Бурханов, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтан бөлек тағы 9 айыпталушы қатысты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Mudarabah Capital"  қаржы пирамидасына қатысты істегі басты күдікті Руслан Бурханов салымшылардың қаржысын толық қайтарып беретінін мәлімдеді. 

"Мен барлығын қайтарып береміз дегім келеді. Мен уәде бергенмін, барлығын қайтарамын. Сәл шыдаңыздар. Тек қазір қолым байлаулы", – деді ол. 

Ал Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасын құру туралы айыппен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ жұбайы Дана Есееваны заңды қорғаушысы ретінде тануды сұрап, қылмыстық істі прокуратураға қайтаруды талап етті.

"Дана Есееваны менің қорғаушым ретінде бекітуді сұраймыз. Сонымен қатар заң бұзушылықтардың көп болуына байланысты істі прокурорға қайтаруды сұраймын. Мен компания құрылған соң бірнеше айдан кейін қосылдым. Ал айыптаушы тарап менің кінәмді дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ келтірмеді ", – деді Мейіржан Төребаев.

Ал адвокат Ролан Мурадов Мейіржан Төребаевтың сөзін қостап, оның қылмыстық іске заңсыз тартылғанын алға тартты.

Еске салайық, 2021 жылдың қазанында Mudarabah Capital компаниясының иесі Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында аталған компания жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті қаржы тарту мақсатында бірлескен қызмет туралы шарттар жасасқаны анықталды. Олар бұл істі 2019 жылдың ақпанынан бастап 2021 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асырған.

Пікірлер