Әблязовты елге қайтаруға бар күшімізді саламыз – Бас прокуратура

3333
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Францияда жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязовті елге экстрадициялау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Экс-банкир Мұхтар Әблязов Қазақстанға қайтарыла ма? Франция мен Қазақстан арасында сотталғандарды экстрадициялау туралы шарт жасалған ба?» деген сұрақ қойды тілшілер спикерге Мәжіліс кулуарында.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда құзырлы органдар М. Әблязовқа қатысты екі қылмыстық іс қозғаған. Біреуі - БТА банк қаражатын жымқыру фактісі, екіншісі – Е. Тәтішевтің өліміне қатысты. Екі қылмыстық іс бойынша да айыптау үкімі күшіне енген соң тиісті экстрадиция тәртібімен Францияның өкілетті органдарына сұраныс хат жолданған. Олардың қаралу сатысы әртүрлі мерзімде, қазір Франция М. Әблязовқа бассауға күшін жойды. Осы және қолданылып жатқан басқа да шаралар септігін тигізеді деп ойлаймын. Сұраныс хаттары біздің қатаң бақылауымызда, біз оған бар күшімізді саламыз», - деді Ж. Өмірәлиев.

Сондай-ақ, ол бұл - Қазақстанның ғана емес, шетелдік құқық қорғау органдарының да жұмысының нәтижесі екенін де айта кетті.

Ертең Бас прокуратура М. Әблязов ісі бойынша арнайы брифинг өткізбек.

Еске салайық, 9 желтоқсанда Франция Мұхтар Әблязовке саяси бассауға болудан бас тартты. Ал Америка алқабилер соты ақша ұрлау фактісі бойынша Мұхтар Әблязовқа $218 млн айыппұл салды.

Пікірлер