Нартуған туралы толғау

10320
Adyrna.kz Telegram

Нартуған мерекесі - аса ежелгі тәңірлік танымнан бастау алатын мейрам. Күн ұғымын білдірген ежелгі «нар» сөзі осы мерекенің атауына негіз болған.

Көшпелі жұрттар жазғы бұл мейрамды Күн мен Жарықты кие тұту дәуірінде туындатқан. Алайда бүгінде бұл мереке біршама отырықтанған ұлттар мен ұлыстарға тән. Бұл мереке ежелгі көшермен евразиялық халықтардың космогониялық танымын әйгілейтін құндылық болып табылады. Мереке бірнеше сатылық ғұрыптар мен жоралғылардан тұратынын байқауға болады. Алайда, бұл мереке бүгінде барынша ұмытылған және ол бірте-бірте бірнеше халықтың бірігіп қалпына келтіруімен бұрынғы сипатын қайта оралтуға айналды.

Нартуған – қыс мезгілінің енді басталған кезіне келетін әрі қысқы күн тоқырауы қарсаңында аталып өтеді. Нартуған атауы бүгінде қазақтың Нұртуған, Күнтуған, Айтуған секілді есімдермен қатар аталатын кісі есімдері болғанымен, өзінің ежелгі тарихи танымдар мен білімдерді бойына жасырған тарихи құндылық деген дұрыс.  Алайда, бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Сол себепті көптеген халықтардың этнографиясында бұл атаулас мейрамды кездестіру де қиын. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде еміс-еміс шұбаш халқы біледі. Бұнымен бірге венгер/мажар халқы да ұмытпастан «корачун» атап тойлаумен келеді. Соңғы кездері татар, башқұрт халықтары да қалпына келтіре бастады. Мереке ғасырлар бойғы алуан идеологияның әсерімен түрліше аталып, түрлі сипатқа енгенін жасыра алмаймыз. Оның үстіне поляк сияқты халықтар да «қызыл жұмыртқа» күні деп осы мейрамның жұрнағын болса да атап өтеді.  Қазақ халқының да көптеген этнографиялық құндылықтары осы айтулы күнмен тығыз байланысты екенін ескере келіп, ежелгі ұлы мерекені қалпына келітуге тырыстық.

НАРТУҒАН мерекесінің тарихи негізі

Нартуған – түркі халықтарының ежелгі тәңірлік танымына негізделген қысқы жыл маусымындағы танымдық ұлы мереке.

Түркі халықтары төрт дүлейді/стихия Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлегені мәлім. Олар - су, от, топырақ және ауа. Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге Уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкесетінін келтіріп жүрміз: көктемге - Су дүлейі, жазға - От, күзге – Топырақ, қысқа – Ауа дүлейі шендесіп, соған орай кеңіс те төрт күйге түседі, төрт түрлі күй кешеді.  Көктем кезінде жер бетін су қаптайды, дүниенің бәрі сумен араласып, ол кезді қазақ «аласапыран» атайды; жаз маусымында жер бетіне шықпайтын шөп,өсімдік қалмайды, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып, қоңданады, физика тілімен айтқанда бойларына қуат жинайды. Қазақ шөбі шүйгін маңды «отты» жер атайтыны осыдан. Күз келгенде жазғы «оттың» бәрі қурап,күзеледі, жерге түсіп, топыраққа айналады. Күзде кеңістік топырақ дүлейіне қызмет етеді. Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққан тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем «жылға» сөзінен - «жылтоқсан», жаз - «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» аталып келе бертініректе ұмытылған. Тек қана «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналып, қолданыстан шықпай қалған.

Әрбір тоқсанның келу мезгілі Күн мен Түннің арақатысына сәйкес танылған: көктемгі күн-түн теңесімінде – Наурыз, күзгі теңесімде – Сабантой, жазғы Түн тоқырауында – Сабатой, ал қысқы Күн тоқырауында – Нартуған мерекелерімен сәйкес дүлей мезгілдері ашылған, атап өтілген. Жаратқаннан жайлы да жағымды, баянды жайттар тіленіп, күтілген.

Нартуған – осындай тарихи-философиялық танымға негізделген төрт ұлы мерекенің бірі және ол қысқы маусымның нышаны болып табылса да күннің ежелгі атауын иеленумен бірге, ұлы танымның қайнар көзіне бастайды.  Ежелгі түркі танымында Күн – мәңгі және ол сондықтан да жыл сайын өліп, қайта тіріледі. Оның өлетін күні жыл ішіндегі ең қысқа күндіз тәулігіне сәйкес келеді, ал ол күн – 22 желтоқсан. Қасиетті үш күннен соң күн-сәуле қайта туады. Бұл күн - 25 желтоқсан. Бұны түркілер Нартуған-Нартукан атайды.

НАРТУҒАН мерекесінің тарихи  көріністері

«Нартуған» аталатын мереке бүгінде шұбаштар мен татар-башқұрттарда еміс-еміс сақталған. Бұндағы «нар» сөзі нені білдіреді? Қазақта бүгінде қасиетті сәулені «нұр» дейді, бірақ бұл ежелгі «күн» ұғымы болатын да, оны «нар» атаған: бертін келе исламдық «нұр» сөзімен алмасты. Біртұтас алтай тілдік топқа жататын маңғол жұрты әлі «нар» атайды. Жалпы, «нар» сөзі Күннің бүкіладамзаттық атауы, тек қана әркім өз тіліне икемдеп «нар» немесе «нұр»/«нур» атап кеткен...

Қазақта жоралғы түрінде емес, адамның есімі ретінде Нартуған, Нұртуған сақталыпты: Нартуған да, Нұртуған да жыраулардың есімдері. Әдетте қазақ бұны адамның туған күніне орайлас құбылыспен байланыстырып қояды: бұл кісілер ежелгі «Нартуған» аталған мереке кезінде тууы мүмкін болмаса, бертін келе қайта туған күндей нұрлы, сәулелі жырларына сәйкес лақапат болуы да ықтимал.

Арғы ата-бабамыз желтоқсан айын соғымнан бастайды. Бірақ бұл бүгінде құлқынның қамына айналып, қысқа ет қамдау науқанына айналып кеткен. Ал ежелгі нұсқасы – ұлы Өмірдің көзіне айналған жарықтың қайнары – Күннің құрметіне құрбандық шалу еді. Ірі малы жоқ немесе аз кедейлер бірігіп бір ірі малды сойып, оны 12 жілікке бөлетін де, жеребемен  бөлісіп алатын. Бұл тәңірлік дүниетаным жоралғысы еді. 12 жілігіңіз аспандағы 12 шоқжұлдызынан тұратын Күн жүйесіне тікелей ықпалы бар ғаламдық Кеңістің құрылымын паш ету белгісі әрі сол кеңістің амандығын тілеу болар.

НАРТУҒАН мерекесінің мәні мен мазмұны

22 желтоқсан — Күн мен Түннің қысқы арбасу күні. Бұл күн астрономиялық қыстың басы. Жылдағы ең ұзақ түн мен ең қысқа күндіз болып табылады. Бұл – қыстың басталу мейрамы.Бұл Уақыттың жаңару күні. Кеңістікке Ауа дүлейі патшалық құрады. Сол себепті қысқы маусымның алғашқы айы «желтоқсан» аталады. 25 желтоқсан – Нартуған күні. Бұны Еуропада «Рождество» дейді де, оны Иса пайғамбар дүниеге келген күнмен шендестіреді.

Қысқы ұлы мерекенің мәні әрине жоғарыда аталып өткен қысқы маусым дүлейі мен Уақытты жаңарту және соларға қажетті ғұрыптарды дәріптеуге негізделген.

 Нартуған мерекесі қыс мезгілінің маусымашары, ең қысқа Күндізді ең ұзақ түнге жеңгізудің амалы мен шарасы, Күн мен Түннің арбасуын жарыққа ұтқызу ғұрпы.

Нартуған – «желтоқсан» аталатын тоқсан күн қысты паш ету салтанаты; ауаға құрмет, Күнді кие тұту, Жарықты қадыр тұту, от пен ауаның үйлесімін тілеу секілді адамзаттық құндылықтарды сіңірудің басы. Қыстың соңғы айында Ұлы Даланы ақ боран басады, бұл да Ауаның қысқы сипаты. Содан барып ол ай «ақпан» аталған. Бұл да ауаға қатысты.

Нартуған мейрамының мазмұнын айғақтай түсетін тарихи мына бір құндылыққа назар аударған абзал.Аңырақай тауындағы жартастағы петроглифте бейнеленген  жазғы маусымды байқататын көтерем сиыр осы қыс мезгілінің тірілей бейнесі екенін мойындауымыз керек.

Қазақ ұғымында қыс маусымы уақыттың қартаю белгісін білдіреді. Сондықтан ұлы Абай «Қыс» өлеңінде:

Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды – дейді.

 Нартуған мерекесі Күн бейнесіндегі Уақыттың өліп тірілу арқылы мәңгі жасауын паш ету басты маңызға ие. Қайта туған күнді «қызыл шақа» атаса керек. Бұл жаңа туған нәрестенің бейнесі және «шақа» сөзі ежелгі түркінің «бала» деген ұғымы. Поляк ұлтының құрамындағы түркілермен бірге қызыл жұмыртқа» ғұрпын дәріптеуі де осы Нартуған рәсімінің бір жұрнағы деп есептеу керек.

НАРТУҒАНның түрлі жұрттардағы көрінісі

Бұл күн айтулы мереке ретінде талай жұртта сақталып, әр халық бұл күнмен өз танымын бейнелейді:  мажар халқында – «карачун»/қаратүн; полякта «қызылжұмыртқа күні», шұбашта – нартукан т.с.с. Ал қазақ бұны айтулы мереке ретінде емес, соның жұрнағы болған құрбандықты «соғым басы» ретінде өзгертіп, тұрмыстық салтқа бейімдеп  кеткен, ғұрыптың мәні ислам дінінің келуімен ұмытылған.

Нартуғанға қатысты түркі халықтарының ішінде барынша толық ғұрып пен дәстүр шұбаштарда. Көз жеткізу үшін Сурхури ғұрпын алайық.

Сурхури – күнге қатысты мерекенің басы (22 декабря). Сур хури (қараға қарап түкіру) қайғыны жоққа шығару дегенді білдіреді. Басқаша жергілікті жерде «нартукан» атайды. Үш күн бұрын қыздар ауылды аралап шығып, келіні бар үйді айналады екен.  Сосын боза мен ботқа пісіруге уыт пен дақыл жинайды. Бәрі жиналып оңаша үйде пісіреді. Осы үйде кешкісін жастар оңаша мерекелейді. Бұл қазақтың «бастаңғы» отырмағына ұқсайды. Келесі күні таңертең жастардың негізінен әкелері жиналады. Оларды төрге отырғызып боза беріп, әзілдеп  көңілдерін көтереді. Шұбаштардағы бұл мейрамның мәні жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың тууы болып табылады.
 Сет күні – ескі мен қараңғыны қиратудың негізі. Жылдағы ең қысқа күндіз. Бұл күн қара күштердің күшейген сәті болып есептеледі. Бұл күні үйдің киелеріне қатысты дұға оқылады. Құрбан ретінде қаз сойылады екен. Ал қазақта соғым – ірі қара сойылады.

Кәшарни (Кăшарни)  - бір аптаға созылатын Нартуғанның/сурхуридың жалғасы. Бұл аптаның басты сусыны арнайы рәсіммен ашытылған боза. Бұны ашыту кезінде арнайы сақталатын ғұрып пен дұға оқылады.  Кăшарни – 21-22 желтоқсаннан кейін басталады.
Мары елінің де Нартуғанға тікелей қатысты ғұрыптары жеткілікті. Марылардың қысқы күн-түн арбасуынан кейін ойналатын «Шорыкйол» (Қойдың аяғы) ойындары осы күндері бір апта бойы ойналады екен. Бұндағы қой Күннің жердегі бір проекциясы ретінде бейнеленген. Ал қазақтың қошқар мүйіз оюының түбінде Күннің біржылғы өмір жолы бейнеленсе керек.Ол сондықтан да қадырлы әрі қастерлі таңба болып сіңген. Бұл ойын тіпті шұбаш, татар, башқұрт пен ұдмурттарға да тән.

Сондай-ақ марыларда «Соқыртаға» аталатын ойыны бар және ол қазақтағы «Соқыртеке» ойынының бір парасы, нұсқасы. Соқыртеке - Түннің кейпі болып табылады. Қазақ фольклорындағы аймүйізді ақ серке түннің нышаны, айдың рөлін мүйіз атқарады.  Соқыртеке ойыны Түнді әжуалау, Күннің мәртебесін арттыру, қолдаудың шарасы.

Нартуғанның нышандары

Нартуған мерекесінің атрибуттық нышандары мейрамның санаға сіңісуін, қабылдануын тездетеді, оның қадырын арттырады.

         Мүйізді қошқар – Нартуғанның басты айуандық кейпі, мүйізі Күннің біржылғы жүріп өтер жолының траекториясы.

Қораз – Ауа дүлейінің белгісі, уақыт жаршысы.Ол әрбір таңның атуын хабарлап, тәуліктің жаңарғанын жариялайды. Күннің көмекшісі.

 

 

Шырша  - Ауа дүлейіне төтеп беріп, түсін бермейтін мәңгі жасыл ағаш, уақыттың мәңгілік нышаны. Табиғаттағы жолтеректің, яғни тілектің жолы. Шыршаны жолтерек түрінде де пайдалануға болады.

 

Бауырсақ – Күн-құдыреттің сәулесіндей шашылатын дәм. Қызулы Күннің бейнесін паш етеді, жаңа туған Нарға от пен қуат беріп қолдайды.

 Нартуғандық дәмдер

Соғым жәрмеңкесі. Қысқы мереке ұлттық тағамдардың қай-қайсысында жайнатып көрсету мүмкіндігі мол кезең. Әсіресе, Нардың туар қарсаңында қазақтың «қызыл» атайтын ет тағамдарына молынан орын беріледі. Соғым сойылып, жіліктеме тарату, сыбаға үлестіру, соғым сату шараларының қызатын науқаны.

Бауырсақ. Жаңа туар Күн-құдыреттің шашуы, мерекеге тартуы мен сәулесінің бейнесі. Нартуған мейрамында дастарқанға мейлінше шашырата төгілген бауырсақ Күннің бауырлары – сәулесі есебінде тартымды болары сөзсіз. Арнайы бауырсақ күнін де белгілеуге болады.

 Қуырдақ.  Қуырдақ көбінесе соғым сойылғанда тартылады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген мәтел бар.

Боза. Бұл сусын әсіресе шұбаш халқында осы мейрамның басты ішім саналады. Бірақ көшпелі түркі халықтарына кең таралған дәстүрлі ашымақ, масаңдығы әлжуаз сусын болып есептеледі.

         Қатық – бұл көбінесе бүгінде шалап секілді сусынның атауы ретінде қате аталып жүрген кез келген сұйық тағамға қататын, қосатын сүттен әзірленетін қою тамақ. Бұны сорпа құрт деп те атайды.Қатық – қату, қосу дегенді білдіреді.

Науан – танымдық тағам, бұл -  Ырыс пен Берекені паш ететін дастархан сәні ретінде жаңаша ойластырылды. «Науан» сөзі Көк пен Жерді қосатындай  биік және таңғажайып, өте жақсы, тамаша, әдемі деген мағынаны береді, бірақ нақты нені білдіретіні беймәлім, соған қарағанда ежелгі мифтік танымның жұрнағы болғаны.

  Науан қазақ ұғымына негізделген үш текті дәмнің жыймасынан тұрады: халқымыз «қызыл» деп ет тағамын, «ақ» деп сүттен пісірілген асты, ал «көк» деп көкөніс пен жеміс-жидекті атаған. Соған орай, үш сөрені үш текті дәмге толтыру арқылы ырысты паш ету мақсат болды. Науаннан келген қонақтар дәм татып кетеді де, ол үздіксіз тағаммен толтырылады, сөйтіп, сарқылмас береке көзі іспетті алып қазына нышаны болып табылады.

Науан тағамы ежелгі түркілік үш белдеулі ғаламдық құрылымды елестетеді: жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлем.

Пікірлер