"Анам Шолпан Байтұрсынқызы көрінгеннің жер төлесінде күн кешті" - А. Байтұрсыновтың ұрпағы баспаналы болды

6933
Adyrna.kz Telegram
Қазақтың ұлы ағартушысы әрі Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының жиен немересі, тектінің ұрпағы Айман Байсалова егде тартқан шағында баспаналы болды. Ахаң ұрпағының Алматыдан пәтер алуына алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова бас болып, сенатор Алтынбек Нұқұлы ұсынысқа қолдау танытқан. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады. 
- Аллаға шүкір, бүгін қасиетті дүйсенбі күні Алматыда керемет жаңалық болды. Президент Қ.К. Тоқаевтың қолдауымен Ақымет Атаның жиен немересі Айман апайымыз жаңа үй алды. “Алғаш рет жаңа баспанаға” кірдім дейді апай көзіне жас іркіле. Мәселені көтерген Айгүл Ісмақова апайыма, мақала жариялаған “Егемен Қазақстан” газетіне, проблемаға бей-жай қарамай, әрқашан өз көмегін ұсынған сенатор Алтынбек Нұқұлына Алланың нұры жаусын, - деген қуанышты жаңалықты қазақтың ғалым қызы Анар Бекмырза хабарлады.
Бұған Айман Байсалованың өзі:

 "Атам Ахмет Байтұрсынұлының өзіне тиесілі үйі ешқашан болмаған, Анам Шолпан Байтұрсынқызы көрінгеннің босағасында, кейде жер төлесінде қуғын-сүргінде өмір кешті. Айналайын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы маған бүгін су жаңа, жылы үй сыйлады. Атаның әруағын сыйлап, менің басымдағы жағдайға алаңдап, қамқорлық танытқаныңа рақмет. Алаш жолын ардақ тұтқан елдің болашағы зор деп сенемін. Еліме, Қазақ халқына жарқын болашық тілеймін!" -деп алғыс білдірді.

Айман Байсалова - Ахмет Байтұрсынұлының төл жиені. 1936 жылы туған. Қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде 1 жыл 7 айына дейін нағашысы атасы Ахмет пен әжесі Бадрисафа, өзінің әке-шешесімен бірге тұрған. Ахаңның жиені өзін атасы мойнына мінгізіп, талай еркелетіп ойнатқанын айтады. Ол туралы анасы Шолпан апамыз айтып берген екен. Кейіндеу, шамамен 1940 жылы шешесі Шолпанның жұмысына байланысты Бақанасқа көшкен.

Айман апамыз Ахмет Байтұрсынұлының жиені екенін, тек 1991 жылы білгенін былайша есіне алды:

«Абай даңғылы мен Масанчи көшесінің қилысындағы теміржол ауруханасында жұмыс істеуші едім. Анам Шолпан келіп, жұмыстан сұрап алып, Торғайға ұшып кеттік. Сол кезде Аманқос, Ғарифолалар жас еді (Мектептегі мен Әнесті айтып отыр. – Ред.). Ұшақта Тұрсынбек Кәкішев те болды. Мен ол кезде олардың бірін де танымайтын едім. Солай текті тұлғаның ұрпағы екенімізді білдік», - деп күрсінді апамыз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер