100 жыл бұрынғы аурухана және Алаш қайраткері туралы құжаттар

10684
Adyrna.kz Telegram

Ғылыми жоба қорғау барысында абайлық 10 сынып оқушысы Алашорда қайраткері, алғашқы дәрігерлердің бірі Ахметжан Қозыбағаровтың 100 жыл бұрын салдырған ауруханасын зерттеп, видеоға түсірді. Оқушы қайраткердің архивтегі құжаттарымен де танысып, көшірмелерін алған. Бұл зерттеушілер мен тарихшы, өлкетанушылар назарын аударатын деректер болуы мүмкін. 

Абай облысы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Диана Амангелдина республикалық ғылыми зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде Алашорда қайраткері туралы тақырыппен екінші орын алды. Бұл конкурсты ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырып отыр. 

ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАСА ДА ОРНЫ ҚАЛҒАН ҒИМАРАТ

Диана Амангелдина «Ахметжан Қозыбағаров – ұлт мүддесінің қайраткері» тақырыбы аясында өзінше ізденуге тырысқан. Ол көнекөз қариялармен кездесіп, деректер жазып алған. Мұражайлар мен мұрағаттарға сұрау салған.

«Алаш қозғалысы қазақ даласында демократияға жол ашты. Бұл кезеңнің еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Жалпы Алаш дегенде есіңізге қай зиялы түседі?  Меніңше, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы деп түсінер едім.  Менің есіме өз өлкемнің ардақты тұлғасы Ахметжан Қозыбағаров түседі» деп жазған Диана өзінің қайраткер туралы эссесінде.

Ахметжан Қозыбағаров – Шыңғыстау өңірінің тумасы. Оның өмірі мен қызметі де Семейде жарияланған Алашорда үкіметімен байланысты өрбіген. Алаш идеясына беріктігі сондай – Ахметжан өзінің тұңғышына Алаш деп ат қояды. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановпен бірге бір мақсат аясына жұмылған ол Алашорда милициясының құрылуына да үлес қосқан. Алашорда құрамында болғаны үшін, кейін Ахметжан Қозыбағаров екі рет сотқа тартылғанымен, екеуінде де ақталып шығады. Ал үшінші рет ұсталған кезінде оның ату жазасына кесілгені айтылады.

Ахметжан Қозыбағаров елдегі алғашқы маман дәрігерлердің бірі болған. Оның дәрігер ретінде қарапайым адамдарға көп септігі тиген. Осыдан 100 жыл бұрын Шыңғыстау өлкесінде, Архат ауылында ол ашқан алғашқы аурухана қайраткер еңбегінің үлгісі іспетті. Шыңғыстау халқынан жиналған ақшаға салынған бұл аурухананың қаңқасы өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарына дейін сақталған екен. Бүгінде тек орны ғана жатыр. Сол аурухананың құрылысы мен жұмысын ұйымдастыруда Ахметжан Қозыбағаровтың ролі туралы ғалымдардың зерттеу еңбектерінде айтылған. 

10 сынып оқушысы Диана Амангелдина Алаш қайраткері туралы деректермен танысқан соң 1921-22 жылдары салынған аурухананың орнын іздеп табуға қызығады. Ол ата-анасының көмегімен Архат ауылының қариялары Тұрғазы Мұсағалиев пен Мәдениет Қасымжановпен жолығып, аурухананың орнын іздеп табады. Соңынан дронмен 100 жылдық аурухана орнының әуе-көрінісін түсіріп алады. Аурухана орнының көрінісі зерттеушілер еңбегінде айтылған сипатпен сәйкес келеді. Онда 16 бөлменің орны анық көрінеді. Мәдениет Қасымжановтың әкесінен естігені бойынша, аурухананың жанында бөлек салынған екі бөлмелі дәріхана да болған. Ақсақал оқушыға дәріхананың да орнын көрсеткен.    

ҚҰЖАТТАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АЛАШОРДАДАҒЫ ҚЫЗМЕТ 

Ал Семейдегі облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығындағы жұмыс барысында Диана Амангелдина қайраткердің қызметі, соты және өліміне қатысты бірнеше құжатпен танысқан. Оқушы ізденісіне оның жетекшісі Ғалия Қапанова жәрдемдесіп, ата-анасы да қолдау көрсетіп, көмектескен. Диана жергілікті жазушы, өлкетанушы Әсет Мырзақасымовпен де жолығып, өзін қызықтарған сауалдарға жауап іздеген.   

Ол қайраткер туралы архив деректерімен танысу кезінде бірнеше құжатқа кезігіп, көшірмелерін түсіріп алады. 

Алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаровтың қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған құжаттарының бірі – оның өлімі туралы куәлігі. Бұл құжатта қайраткердің 1946 жылы гипертониядан Семейде қайтыс болғаны көрсетілген. Ал өлімі туралы құжат 1956 жылы толтырылған. Әдетте, Ахметжан Қозыбағаров туралы деректерде оның 1937 жылы, ұсталып атылғаны жайында айтылатын... 

Алаш қайраткері 1957 жылы ақталған. Семейдегі қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған тағы бір құжат осы туралы деректен хабар береді. Түркістан әскери округі әскери трибуналының анықтамасында Ахметжан Қозыбағаровқа қатысты қозғалған істің тоқтатылып, 1957 жылдың қарашасында оның ақталғаны туралы айтылған. Бұл құжатта қайраткердің 1937 жылы 26 тамызда ұсталып, сол жылғы 9 қазанда үкім шыққаны жайлы атап өтілген.

Архив құжаттарының бірі – Алашорда жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың Ахметжан Қозыбағаровқа милиция отрядын құрып, оны атпен жабдықтау туралы орыс тілінде жазған хаты. Осы хаттың төте жазумен жазылған қазақша үлгісі бұрын да жарияланған. Екеуі де мазмұн жағынан ұқсас және датасы да бір күнге тура келеді.

1918 жылдың 12  маусымында жазылған бұл хатта Ахметжан Қозыбағаровтың қызметі Семей уездік земство басқармасының басшысы деп көрсетілген. Онда Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов Қозыбағаровқа дереу әр болыстан 30 адамды милиция отряды құрамына алуды және оларды жеткілікті мөлшерде атпен жабдықтауды тапсырған. Хат «шұғыл» деген грифпен таңбаланған.

АРХАТТАН ТҮРГЕНГЕ ДЕЙІНГІ ҒҰМЫР

Диана Амангелдина танысқан құжаттың бірі – Ахметжан Қозыбағаровтың еңбек кітапшасы. Онда қайраткердің еңбек жолын 1900 жылы Семей уезіндегі 4 медициналық бөлімшеде бастағанын байқауға болады. Одан кейін ол 1902-1906 жылдары Омбыдағы медициналық мектеп орталығында оқып, фельдшер мамандығын алғаны көрсетілген. 1906 жылдан бастап Ахметжан Қозыбағаров Семей уезінде фельдшер болып қызмет атқарады. Ал 1917-1922 жылдар аралығында Архат дәрігерлік пунктін басқарған. Оның Архатта аурухана салдыртатыны да осы кез.

Кейін де уезд аумағында қызмет атқарған Алаш қайраткерінің еңбек кітапшасында 1930 жылдан бастап, Алматы облысының  Қаратал және Еңбекші-қазақ аудандарының атаулары ұшыраса бастайды. Сондай-ақ бұл құжатта оның Алматы қаласында және сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Талас ауданында дәрігерлік пункт меңгерушісі болғанын көреміз. Соңғы жұмыс орыны ретінде Еңбекші-қазақ ауданы Түрген қой совхозының дәрігерлік пункті мен ауруханасының меңгерушісі болғаны айтылады. 

Алаш қайраткерінің архивтегі тағы бір құжаты – оның сотына байланысты жазған өтініші. Ахметжан Қозыбағаровтың 1927 жылы 9 қарашада Семей губерниялық сотына машинкамен жазған хатында ол аға тергеушіден әлдебір тізімделген кітаптарды қайтару және сотқа куәгер ретінде Агрипина Поднебеснаяны шақырту туралы өтінішін білдірген.

Бұл құжатта оның сол кездегі қылмыстық кодекстің 128 және 129 бабтарына байланысты айыпталғаны айтылады. «Шаруашылық қылмысына» жататын бұл баптардың алғашқысы мемлекеттік немесе қоғамдық мекеме басшылығындағы адамдардың тапсырылған іске салақ қарауынан туындаған ұқыпсыздықты қамтыса, соңғысы аталған мекеме басшылығының тиімсіз келісім-шарттар арқылы қоғам мүлкін талан-таражға салуы туралы айыптарды қамтиды. 

10 сынып оқушысы Диана Амангелдина ғылыми жоба қорғау кезінде кезіккен Алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаров туралы бұл деректер ғалымдар, тарихшылар және өлкетанушылардың назарын аударуы мүмкін. Бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына бағыттаған Алашорда қайраткері бір ғасыр бұрын салдыртқан аурухана да тарихтың бір жәдігері бола алады.

Назар Бекмырза

 

Пікірлер