Көптен бері көрінбей кеткен белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай өзінің фб парақшасында әсерлі жазба жариялап, 19 желтоқсан Қарағанды қаласында жеке шығармашылық кеш өткізетінін хабарлап, сүйінші жаңалықпен бөлісті. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады.
Руханият жанашыры көрінбей кетуінің себебін түсіндіріп, қазір немен айналысып жүргенін айтты.
"Мен ФБ-те болмағалы қай заман?! Ең кейінгі жазбамды 6 қазан күні жариялаппын. Содан бері екі жарым айдай уақыт өтіпті. Жалпы, биыл әсіресе соңғы жарты жылдықта ФБ бетінде өндіртіп ештеңе жариялай қойған жоқпын. Себебі биыл жұмыс көп болды. Кітап жаздым күзге дейін, сосын күз бойы Ұйғыр ауданында түсірілімде болдым. Киноның басқа да бастан асып жатқан жұмыстары бар дегендей. Содан мен ФБ-тан суып бар қалыппын.... Әлеуметтік желіден қол үзген жақсы – бір жағынан.. Шығармашышылық, басқа да жұмыстарың өндиді. Екінші жағы бар – қоғамда болып жатқан оқиғалардан қол үзіп қаласың. Жазба жариялап, пікір білдірмек түгілі тіпті ешкімнің қуанышына, қызығына ортақтаса алмай қалдым. Ғафу етерсіздер, достар! Бұдан былай сирек болса да шығып тұрамын енді. Өйткені жыл бойы жиған қоржыным тоқ. Соны сіздермен бөліспек ойым бар. Білдіретін пікір де жетерлік", - деп жазды Ерлан Төлеутай.
Сонау 1990 жылдардың соңынан бері Қарағандыдағы өнерлі жастардың алтын қазығы болып, күні бүгінге дейін руханиятқа айрықша үлес қосып келе жатқан Ерлан Төлеутай өзінің туған облысында тұңғыш рет "Атыңнан айналайын, Қарағанды" атты жеке шығармашылық кешінің өткелі жатқанын айтып, ризашылығын жеткізді.
"Соның бірі Қарағандыда шығармашылық кешім өткелі жатыр. Туған облысымда тұңғыш рет және облыстық әкімшілік пен облыстық мәдениет басқармасының мұрындық болуымен. Бұл мен үшін зор қуаныш. Сол үшін бүгін Қарағандыға келдім. Дайындық жұмыстарына қатыстым. Облыстық Мәдениет басқармасында кешіме байланысты әзірлік жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Тоғайып, марқайып қалдым. Дегенмен іштей мазасыздану бар. Себебі 2017 жылдан бері үлкен сахнаға шыққан жоқпын. Не де болса – тәуекел деп ширығудамын. Қысқасы, ертеңгі болатын шығармашылық кешіме келіңіздер, қарағандылықтар, астаналықтар! Шығармашылық кешіме өнердегі жақын достарым қатысады және ол достарым тек менің әндерімді шырқамақ. Атап айтқанда: Рамазан Стамғазиев, Меруерт Түсіпбаев, Еркін Шүкіман, Роза Әлқожа, Ерлан Құжиманов, Сейіл Аяғанов секілді сайыпқырандар өнер көрсетпек. Келіңіздер, тамашалаңыздар қадірменді қарағандылықтар мен қала қонақтары!",- дейді өнертанушы.
"Адырна" ұлттық порталы