Желтоқсан оқиғасы кезінде бас көтеріп, ұлтының жолына жанын төсеген қаһарман желтоқсаншылардың айтылмаған әңгімесі, ашылмаған сыры көп. "Адырна" ұлттық порталы желтоқсаншылардың естеліктерімен бөлісіп, естен кетпес оқиғаларын жазды.
Асқар Наймантаев - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Театр және кино актері.
Желтоқсан 1986.Бұл күнді ұмытпаймын. Ұмыттырмайды. Жақындаған сайын арқаға тиген сойылдың орындары жыбырлап, жарылған қарнымның тыртығы сыздап, қан араласқан аппақ қар көзге елестеп, тергеудегі тепкілер еске түсіп, "сол мені тепкілеген полицейлер қазір қайда екен, не айтып жүр екен?" - деген ызалы сұрақ мидан кетпей тұрып алады. "Целинный" кинотеатрының жанындағы ГУВДның подвалында "Бетіне тиме, денесін аяма!" - деген үш полицей де қазақ еді... Біреуі ғана орысша сөйлейтін. Жатақханада Украинадан келген үш КГБ қызметкері көктемге дейін жатып алып, бір бірлеп коменданттың бөлмесіне шақырып алып тергейтін. Естен кетпейді. Жаңа жылдың шыршасымен бүркемек болады үкімет, "Тәуелсіздік күнінің" қалқасына жасырғысы да келеді. Бәрібір біз тіріміз амал жоқ, сондықтан сумаңдап шыға келеміз. Біз бармыз, тіріміз! Ұмытпаймыз, ұмыттырмаймыз!
Анар Рахымжанова -Шығыс Қазақстан облысы, Қотанқарағай ауданында дүниеге келген. Мамандығы әдебиетші. Кезінде КазГУ-де білім алған.
"Жәннәтта азық көппе?" -деп сұраған сәбиді көрдім, өзендей ағып, жоқ болып кеткен мемлекет көрдім, босып кеткен халық көрдім, байрағы жерде тапталған ел көрдім, сол байрақты қорғай алмаған ер көрдім.... Бүгінгі күн Алматы алаңын да қазақ жастарының қаны судай ағып, қорланған күн. Мен неге налыймын? Өз тілін қор көріп, кезінде кімнен иттей қорлық көргенін біле тұра, шұбарлатып орысша сөйлейтін намыссыз қазақтардың билікте һәм қоғамда болғанына наразымын. Құрбан болған батыр боздақтарымның жаны мен жастық шағы текке қыршыннан қиылдыма деген сансақ ойлар санасын сайтанға билеткен санасыздарды көргенде жаным мен тәнімді жаулайды. 86-ның мұзын да қорлық көріп, бал өмірін, темір қапасқа айырбас қылған талай аға-әпкелер қазіргі күнге дейін ақталмай, маңдайына жағылған қара күйені өшіре алмай әуре. Ол кісілерге жан емес ар қымбат, үйдің емес отанның кеңдігі қымбат. Қазақ деген қасиетті һәм киелі атқа лайық болайық, қыз намысы- ел намысы, ұл тәрбиесі-ұлт тәрбиесі. Бар тілегім, бақытты, балғын бал дәуреніміз ұзағынан һәм мәңгілік болса екен!
Бекжан Камалиев - Катонқарағай ауданы, Берел ауылың тумасы. Бүгінде Өскеменде құрылысшы болып жұмыс істейді.
Алматы. 16 желтоқсан. 86-шы жыл. 86-шы автобус. 86-шы автобус орталық алаңға қарай зытып бара жатқан. Іші толған жастар. Бекжан Камалиев та бар. Көздегендері – ел мүддесі. "Қазақстанда бірінші басшы қазақ болуы керек" деген талап.Бүгін желтоқсаншы Бекжан Камалиевпен аз-маз әңгімелескен едік;– Алаңға жиналдық. Күн аяз. Талабымыз сол... Кешкісін от жағып, жылындық. Милиция қызметкерлері де бізбен бірге алау басына келіп, жылынып жүрген. Ертесі ғой... Су шашатын көлік ағындатқан күйі алаңға жиналғандарды басып-жаншып, ортасынан жарып өте шықты. Солдаттар күрекпен сабай бастады. Сабағанда да қырымен ұрады. Біз қыздарды арашалап жүріп, қолға түсіп қалдық. Сот он жылға жаза кесті. Кейін шаштан ұстап әкетіп бара жатқан фотомды көрдім, – дейді Бекжан аға.Тәуелсіздік таңы қазақтың қайсар қыз-жігіттерінің арқасында атты! Осынау егемен еліміздің ертеңі жарқын болсын дейміз!
Жидегүл Әбдіжәділқызы - 1982-жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. ҚазҰУ, Журналистика факультеті, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Күні бүгінгідей бәрі де көз алдымда. 16-желтоқсан. Кешкі сағат 9.00-де Мәскеуден берілетін «Время» жаңалықтар топтамасынан «Зейнетке шығуына байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметтен босатылып, орнына Василий Геннадиевич Колбин тағайындалды» деп хабарлады диктор. Сол хабарды ести салысымен – ақ, тура ақылдасып алғандай бәріміз жөңкіліп, бір бөлмеге жиналдық (өзіміздің курсты айтам). Амантай Шәріп (қазір Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі әлеуметтану факультетінің деканы), Срайыл Смайыл («Жас қазақ» газетінің бас редакторы), бәрін тізіп шықсам, мақалам журналға сыймай қалар. Түнімен кірпік қақпай ұлт туралы, ұлттық мемлекет туралы курстағы төбесі тесік жігіттер ойларын ортаға салды. Әлі есімде «Янушкевичтің хаттары» деген кітапты, Тұрар Рысқұловтың ұлт жайлы айтқан ойлары баяндалған еңбектерді дауыстап оқып, кәдімгідей толғанып, бірауыздан «бізге қазақ басшы керек» деген шешімге келдік. Таң атты. Сабаққа баратын уақыт та болды. Біз бәріміз бірге шығып университетке қарай беттедік, тек корпусқа кірмей қасынан өтіп, алаңға тура тарттық. Мен дәл сондай халық лық толы алаңды қайтадан ешқашанда көрген жоқпын. Шын мәнінде ұлттық намысы оянған елдің қаршадай ұлдары мен қыздары, ел ағалары, ақындар мен жазушылар, әрине, студенттер жүрді алаңда. Бәріміз хормен «Қазақ басшы керек, қазақ басшы керек» деп айғайлағанымыз әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Ал парақша таратқан Жансая Сәбитованы қолын бұрап, көлікке салып әкеткендерін біздер, журфактың студенттері өз көзімізбен көрдік. Сол кезде арамыздан суырылып шыққан Гүлнар мінбеге бірақ көтерілді. Сөйтіп, ана тілі туралы ойларын айтты. ( Гүлнар сол жылы Шығыс Қазақстан облықтық газетінде өндірістік тәжірибеден өту барысында ана тілі туралы проблемалық мақалалар жариялап, өткір ойларын жұртқа паш еткен еді). Сөз жоқ, ол ірі планмен камераға түсіп қалғанынбәріміз де сездік. Сондықтан да ол бірден көзге түсті. Оны жасырып–жабу мүмкін болмады. Гүлнардан кейін оқудан шығып кеткен екінші қаһарманымыз Аманғазы Кәріпжанов болатын. Жүрегінен жыр өрілген намысты жігіттің жалын атқан ойлары отқа май құйғандай болды. (Кейін Аманғазы Желтоқсан жайлы кітап шығарды). Ал қалғандарымыз ше, қалғандарымыз да камераға түсіп қалдық. Шамамен түнгі сағат 12–ден ауған шақта, яғни, 18 – желтоқсанға қараған түнде су шашатын машиналар келіп, бәрімізге жапа-тармағай мұздай су шашты. Үсті-басымыздан түк қалған жоқ. Пальтоларымыз мұз боп қатып қалды. Сол кезде Мейірхан Ақдәулетов, Ұлықбек Есдәулетов, Есжан Айнабеков марқұм біздің жанымызға келіп; «Журфактың студенттері, енді қайтыңдар, арандап қаласыңдар, көрдіңдер ғой» деп ағалық ақылдарын айтты. Әйтеуір, алла жар боп аман–есен жатақханаға жеттік. Арамызда полиция қызметкерлерінен таяқ жеп, басы жарылып жарақат алып, ауруханаға түскендер де болды. Бірақ, журфактың саясатты білетін студенттері сол ауруханадан қашып шығып, жатақханаға келіп жан сауғалады. Өйткені, ауруханада болса оларды ұстап алып, оқудан шығарып жіберулері әбден мүмкін еді. Міне, сол түннен кейін бізді жатақханадан шығармай тастады. Кәдімгі біздің тарихи 5-жатақхана болатын. Бірінші қабатта полиция қызметкерлері тұрды. Тіпті, азық-түлікті дүкеннің сатушылары астына әкеліп сататын болды. Ойлап қараңыздаршы, ұялы телефон жоқ, қоңырау шала алмайсың, жеделхат жібере алмайсың, әке-шешелеріміздің уайымнан қандай күй кешкендерін, ал оқудан шығып кеткен Гүлнар курстасымыздың қандай жан азабын шеккенін тілмен айтып жеткізу қиын шығар, сірә!..
Анар Жеңісханқызы Серкенова – Желтоқсан көтерілісіне қатысқан еліміздің патриот азаматшаларының бірі. 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, «Медведька» ауылында дүниеге келген.
18 жасымда сотталдым.Желтоқсан-86 кезінде жасым 18-де еді, максималист болатынмын. Неліктен былай болды? Қазір бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмас. Бәлкім, сол кездегі достарым да шындықты соңына дейін ашып айтпаған болар. Осы жылдар ішінде Желтоқсан тақырыбына қатысты бірде-бір тұщымырақ материал оқыған емеспін. Мен бұл жағдайды есіме алғым келмейді, өйткені 18 жасымда қатты психологиялық соққыға душар болдым. Дегенмен, мен бұны айтуға құқылымын деп есептеймін. Орыстар көп тұратын ауылда туып-өстім, мүлде ұлтшыл емес едім. 1986 жылы Талдықорғанда болатынмын, заңгер мамандығына оқып жүргенмін. Алматыда болып жатқан жағдайды ел аузынан естідік. Достарыммен жиналып, қаладағы алаңға шықтық. Бізді жедел таратып жіберді. Кейін милицияға шақырып алып, мені тек түрме ғана түзете алатынын айтты. 30 желтоқсанда сот өтті. Ешқандай негізсіз 1,5 жыл түрме жазасын берді. Жаңа жылды темір тордың ішінде қарсы алдым. Жазамды басынан аяғына дейін өтеп шықтым. Мен үшін ата-анам қатты қайғырып, шешем сал болып қалды. Сол жылдардың кесірінен әкем екі жыл бұрын дүниеден озды. Өте қиын болды. Мен Талдықорған заң техникумында оқып жүргенмін, бұл оқу орнына түсу өте қиын еді. Прокурор немесе сот болуды армандағам, аяғында қылмыскер болып, «зэк» атандым. Қамаудан шыққан соң, Алматыға жол тарттым. Екі аптадай вокзалда түнелтіп, кейін Алматы бас киімдер фабрикасына жұмысқа тұрдым. Әйтсе де кейін техникумдағы оқуымды қайта жалғастырдым, тұрмыс құрып, екі қыздың анасы атандым. Заңгер де болдым. Қазір көлік компаниясында қызмет істеймін. Әкемнің «бәрі де орнына келеді» деген сөзі есіме түседі. Сіздер білесіздер ме, тек қана алаңда тұрғаным үшін, мені 18 жасымда түрмеге тыққан судья жуықта Жоғарғы сот қазылар алқасының атышулы ісі бойынша орнынан алыныпты?! 26 жыл бұрын менің жасым 20-ға да жетпеген еді. Мен ол кезде жас болдым, алайда өмірді қайта бастауға күш-қуат таптым. Ал ол болса 60-ты еңсерген адам, бұл жаста оған өмірді қайта бастау әлдеқайда қиын...
Роза Әлмұхан - Атырау облысында дүниеге келген. Ғалым, педагог.
"Мынау сен ғой, желтоқсаншы!"- деп, Жiбек құрбым. Осы фотоны ватсапқа салып қойыпты.КГБ-ның альбомында бұдан да жақыннан түсipген фото бар, менi тауып келгенде, көрсеткен.
Ұлтым алдында, ұрпақ алдында Арым таза! Өмірлік ұстанымым - әдiлдiк. Иә, намысы бар рухты ұрпақ 1986 жылы алаңда болғанбыз. Желтоқсан 1986 тарихи дата ретінде бағалануы тиіс! Мемлекетті қорғайтын рухты, намысты халық. Халықты сыйлау керек!
"Желтоқсан шындығының" ашылмаған парақтары көп. Редакция желтоқсаншылардың естеліктерін оқырман қауым үшін топтап, батырлар ерлігі мен өрлігін әрқашан жадында тұтсын деген ниетпен арнайы ұсынды.
"Адырна" ұлттық порталы