"Туған тілім үшін жан пида!" Қазақ азаматтары "Аватар 2"-ге билет алып, балаларға таратып жатыр

4080
Adyrna.kz Telegram

Ана тілімізде дыбысталған "Аватар 2: Су жолы" шытырман фильмін қолдау және қазақ тілінің тынысын кеңейту мақсатында белсенді азаматтар өз ақшасына билет алып, жас балаларға тегін  таратып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар бастаманы көтергендердің айтуынша, қазақ тілін кинонарыққа енгізіп, туған тілімізді барлық салада қолданатын кез жетті. Игі бастаманы қолдап, өңір-өңірде  жалғастырып әкеткендер көп. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады. 

Мұндай "қуанышты құбылыстың" барысын қоғам белсендісі Сәбит Рысбаев хабарлады.

"55 баланы кинозалға кіргізіп жібердік. Бір танысым тағы 20 билетке ақша жіберді. Сағат 16.00-дағы Еуразия кинотеатрына билет алып қойдым. Оны біреулер броньдап та қойды. Бала ғой, шөлдейді ғой дедім,  қосымша 55 су ала салдым. Тағы бір танысым мен 100 билет алайын деді. Ол ақша жіберсе оны да қосымша хабарлаймын. Күніне болатын айналдырған 5-6 қазақша киноға билетті өзіміз ақ сатып алып көпбалалы, басқа да мүмкіндігі болмай жатқандарды кіргізе салайық.. Қазақ тілінде де адамдардын кино көретіндерін көрсетейік. Қазақ тілінін дәрежесін аз да болса қолдан келгенше көтеріп қояйық", - деп жазды белсенді.

Мұндай бастамаға жер-жерден қолдау таныта кеткендердің қарасы қалың.

"Бүгін сағат 16.00-ға 20 билет алып балаларды кіргізіп жібердік. Тамыр таныстар, фейсбуктастар тағы 130 билетке ақша аударды. Ертең, арғы күнге билет аламыз... Екі күнде 200 ден аса адамды тегін кіргізетін боламыз. Біз Астанада бастадық. Басқа қалалар да қосылыңыздар. Қазақша киноға ұсыныс болмаса, соны болдырайық. Ал ол жәй билет алудан басталады", - деп жазды Сәбит Рысбаев.

Ескеріңізге сала кетейік, әлемдік кино әлемінде ерекше ықыласқа ие болған "Аватар 2: Cу жолы" туындысы төл тілімізге дыбысталған еді. Қазақ елі азаматтарының айтуынша, қазақ тіліндегі сеанс уақыттары сәске түсте, тамашалауға ыңғай келе бермейді. Десе де, билеттердің лезде сатылып, өтіп кетіп  жатқанын хабарлағандар бар.

"Евразия, Аружан жақта орын жоқ қазақшасына. Мегада әрең алдық. Сәл ыңғайсыз орындарды. Бұрын олай болмайтын. Қаланы аяққа тік тұрғыздыңыз", "Қазақша дубляждалған фильмдерді қолдау мақсатында өзімнен тыс тағы 3 орынға онлайн билет алып қойдым. "Аватар- Су жолы" фильмі. Алматы қ-сы Lumiera Sinema (ЦУМ) яғни Арбат жақта. Үш билет тегін беріледі. Алушылар жекеге жазыңыздар!", "Қазақтықты, ұлттықты қолдау осы ғой! Негізі, кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қазақ байларын "ұлттың қамқоршысы, ұйытқысы "деп сталин ең әуелі бай қазақтарды жала жауып қуғын сүргIнге ұшыратқан. Үйінен он пұт бидай табылса жала жауып көзін құрта беріңдер деген. Себебі, ол замандағы қазақ байлары парасатты, иман жүректі, салиқалы болған. Алла тағаланың сендерге берерi таусылмасын. Нәсіптерің артып табысты болыңдар. Туған Ұлтыңды қуантуда ғанибет қой. Бастама баянды жалғасын табуына тілектеспін" деп жазды оқырмандар.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер