Біз білмейтін "Рыжий Алмаз"

4838
Adyrna.kz Telegram

ТАҒДЫРЫ ЖҰМБАҚ ЕР НЕСІПБАЙ

Қазақтың ұлтшыл жігіті, намысқой азамат «Рыжий Алмаз» туралы сөз қозғай бастасам, маған сұрақтар қарша борайды. «Қылмыскерді неге батыр дейсің?» «Ол ұлт үшін не істепті?» «Тәуелсіздікке қандай еңбек сіңірді?» деген сауалдар бәрі. Мен үшін бұл сұрақтар қызықты әрі керек. Кез келген адамның тағдыры жұмбақ, қоғам құбылмалы, тарих айнымалы. Адам баласы сан тарау өмір жолында адасады, сүрінеді, құлайды, қайта тұрады. Қоғам да сондай, кешегі жақсы деп сипатталатын құндылықтар түбінде басқаша баяндалады. Бұрынғы «киелі» ұғымдар ендігі жерде құр, көбік сөзге айналады. Өткен жолдың өкініші де мол, келешектегі үміті де зор болады.

Ер еді ел ішінде сайран салған…

Сондықтан қандай да бір тұлға өміріне қатысты өтірік-шыны аралас аңыздар мен ақиқаттар мені әрдайым қызықтырады. Қара бояуды жалпылама жаға салғаннан гөрі сол нысананың өмір жолын, бел-белестерін, қоғамын, ортасын түсініп, саралап, анықтаған дұрыс. Несіпбай Нәсенов тақырыбына келуім де ойламаған жерден болды. Бірде күйеу баламның үйіне жолаушылап барғанымда тарихшы Болатбек Нәсеновтің «Абыралы тұңғыш тарландары және Дегелең» деген қалың кітабынан «Рыжий Алмаздың» шын есімі, өскен-өнген жерін, басқа да мінез-құлықтарын, қасиеттерін оқып білдім. Кезінде даңқы шарықтап шетелге шыққан, бірақ тағдыры өте күрделі, нағыз ерлерге тән бұралаң және ғажайып ғұмыр кешкен таныс та бейтаныс адамның шынайы келбетін көріп, азан шақырып қойған есімін білу менің төбемді көкке жеткізгендей әсер қалдырды. Совет уақытында жоғары жақта жауапты қызмет атқарған, елге белгілі әкесінің естелігі, кейіпкердің қаза болған кезінде әр түрлі республикалық басылымдарда жарияланған қазақ-орыс тілдеріндегі мақалалардың көшірмесі тірісінде-ақ аңызға айналған азаматтың тағдыры мен әрекетінен аз-кем дерек береді. Қай әке баласын жаман болсын дейді, десек те, мына бір дерекке назар аударуды жөн көрдік.

«Мен Несіпбай бір жасқа толған кезде шешесі Бикенмен ажырастым. Одан кейін ол менің тәрбиемде болған жоқ.

1981 жылы Бикеннің Қазақстан Орталық партия комитетінің финанс бөліміне жазған хатын маған әкеп берді. Онда: «…Ұлың Красноярскіде түрмеде.  Бесінші жыл болды. Маған ақша бер. Ол ауру». Тағы басқа да жағдайларды хабарлап жазыпты. Ол кезде Несіпбай 20 жаста.

Менде беретін ақша болмады. Бірақ қолдан келетін көмегімді дереу жасадым. Москвадағы Финанс министрінің орынбасары, марқұм Масленниковты жақсы білетінмін. Одақтың кірістер мен шығыстар басқармасының бастығымен де қарым-қатынасым жақсы еді. Оларға шындықты айттым. Сол азаматтардың көмегімен Красноярскінің аймақтық милициясының бастығы генерал-лейтенантпен телефонмен сөйлестім (фамилиясын ұмыттым). Ол кісі: «Ұлыңызға өзім бардым. Шын мәнінде ауру (туберкулез). Бір мінездері үшін жалғыз отыратын камерада отыр екен. Қазір госпитальға жатқыздым. Біраз уақыттан кейін босату жолын табамыз. Балаңыз жазықсыз сотталғанға ұқсайды», – деді.

Міне, осыдан кейін Несіпбайға хат жаздым. Одан үш беттік жауап келді. Өте ақылды, өлеңмен әр түрлі ойларын жазыпты. «Мен әкемнің тірі екенін білген жоқ едім» депті. Хатты жоғалтып алғаныма өкінемін. Екінші хатында түрмеден шыққан соң мен сізге келсем қабылдайсыз ба деп сұраныпты. Мен жолдасым Кенжеш Секенқызымен, балаларым Асқар, Айгүл, Асандармен ақылдастым. Олар мектепте оқитын. Қарсылық көрсеткен жоқ. «Папа, келсін. Біздің  ағамыз ғой» деді. Осылайша Несіпбай 1981 жылы күзде келді».

Ешқандай асыра мақтауы жоқ, әсіресіз, қоспасыз қалыпты баяндау. Бұл аз десек, сол кітапта даңқты кейіпкеріміздің қапияда қаза болғанында жарық көрген газеттердегі материалдардың көшірмесі беріліпті. 1998 жылдың 30-мамырынан бастап қыркүйек айына дейінгі газет мақалаларында олар қанша жерден жамандап отырса да, даттап, қара бояуды мейлінше қалыңырақ жақса да, сонша жерден сүйсініп, мерейленіп, арқаланып кеткенін сезбей қалады.

Осыдан екі жыл бұрын «31» арнаның тілшілері қазақтың ұлтшыл жігіттері туралы 10 минуттық хабар көрсетті. Онда тоқсаныншы жылдары қазақтың азаттық алып, тоқырауға ұшыраған қиын кезеңде жатқа кеткен есені, кекті қайтарған ерлердің ісі баяндалған. Асты да үсті байлыққа толы, ұлтарақтай жердің өзі адам өмірінен де қымбат боп тұрған мына заманда ұлан-ғайыр қазақтың жеріне иелік еткісі келіп, елге тұтқа болғысы келіп, өктемдік танытқан диаспора өкілдерінің мысын басып, сес көрсеткендер: Қаныбек Әбішбаев, Бақыткелді Райымбеков, Сабыр Мүсілімов, Несіпбай Нәсеновтер деп анық сипатталады. Халық арасында сақталған әр түрлі бейнекөріністерде олардың кескін-келбеті, әрекеттері, сөйлеген сөздері мен көзін көрген, жанында болған адамдардың, туыстарының пікірлері берілген. Мен өз басым Несіпбай Нәсеновті басына қанша жерден қара бұлт үйірілсе де, батыр деп білемін, солай танимын.

 

Қонаев «Қазақстан жастарының көшбасшысы» деп білген

 

Үшқара, басың биік мұнар шалған,

Сұмпиып өте шықты мына жалған.

Тар есік, тар босаға жаман екен,

Ер едім ел ішінде сайран салған,

деп марғасқа ұл Мәди жырлағандай, Ер Несіпбай да алдыңғы ағалары сияқты қуғын көрген, өз ортасынан шетқақпай болған ұлт перзенті. Ол Қазақ Советтік Социалистік Республикасын ұзақ жылдар басқарған, ірі мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевпен атамыздың өмірінің соңғы жылдарында кездескен. Бұл туралы Несіпбай Нәсеновтің досының (авторын белгілі бір себептермен айта алмаймыз) естелігінде тәптіштеп жазылған.

«– Димаш Ахметұлы, міне сізге жұрт айтып жүретін «Рыжий Алмазды» әкелдім, танысып қойыңыз, – деп Ю. Кошкин жаңа танысын таныстырды.

– Амансың ба, ұлым? – деп Димаш Ахметұлы қолын созды. – Естуімше, сен Семейден екенсің, солай ма? Ал неге сені «Рыжий Алмаз» деп айтады? Сенің атың Несіпбай емес пе?

– Сәлеметсіз бе, Аға, – деді Алмаз, – иә, мен шығыстанмын, тегім Нәсенов, атым Несіпбай. Жігіттерімді Нұрқаділовтың жиенінің жігіттерімен шатастырып алмас үшін мені «Рыжий Алмаз», оны «Черный Алмаз» деп атайды.

Димаш Ахметұлы Алмазға үңіліп бір қарап алды да, танысуға қолын ұсынды.

– Иә, қазір жастар бүгінде қоғамда керексіз болып қалды, егерде оларды қадағалап отырмасаң, өз жолындағының барлығын жайпап өтер үлкен тасқын, сел сияқты алып күш емес пе? Анау 86-ның Желтоқсанында бүкіл Совет Одағының алып күші болмаса немен аяқталар еді. Мендей қарт адамды ұмытпай келгеніңе рахмет, келіп, ақыл-кеңес алып тұр. Юра, мен де саған айттым емес пе, сенің алып келген адамдарыңның барлығына сенемін деп. Шынымды айтсам, қазіргі жастармен әңгімелескеніме қуанамын. Сен мынаған жауап берші, қазір жастармен жұмыс істейтін ешқандай ұйым қалмаған ба? Комсомолдар қайда? Қазақстан жастарының одағы қайда? – деп ол Алмазға қарады.

– Жастар одағы бар, Аға, бірақ онда жастардың болашағына немқұрайлы қарайтын адамдар отыр. Олар өздері бірнеше делдалдық фирма ашып алған. Өз қара бастарының қамдарын ғана ойлайды. Ал жастар, әсіресе кішкентай қалашық, ауылдарда  тұратын жастардың болашағына бас қатырмайды да. Міне, мен соларға көмектесуге тырысам, тым құрығанда спортшыларға, қазір спорттың өзімен де ешкімнің жұмысы жоқ, бәріне ақша араласып кетті ғой.

– Иә, ұлым, сен дұрыс айтасың, қазір тек спортқа ғана емес, жастардың рухани дамуына, тәрбиесіне де дұрыс көңіл бөлінбейді. Егер шын жанашырлық танытып жүрсең, рахмет саған, Совет одағы қирағаннан кейін елімізде қалыптасқан қиын жағдайда тым құрыса бір бос қалған кеңістікті толтырып жатқаныңа. Юра, саған да рахмет, маған Қазақстан жастарының көшбасшысын әкеліп таныстырғаныңа!»

Осындай баға бергеніне қарағанда Димаш ақсақалдың адам тану қабілетіне бас игендейсің. Алдында аз-кем аялдап, бірер тіл қатысудан соң, қаршыға құс тәрізді қағілез жігіттің алғырлығына тәнті болғанын аңғарамыз.

 

Даңқ пен дақпыртқа толы өмір

 

Бұл ретте жүректі жігіт жайлы көптеген мәліметтерді келтіруге болар еді, алайда мұның өзі бір мақаланың аясына сыймайтындықтан, бұған дейінгі белгілі жайттарды, айтулы азамат Бекболат Тілеуханның «Тасжарған» газетіне берген сұхбатын, Несіпбайдың дүрілдеген кезінде Алматы қаласы Ішкі істер басқармасын басқарған генерал-майор М. Оразалиевтің пікірін және танымал журналист Т. Тәшеневтің мақаласын атап қана өтуге мәжбүрмін.

Несіпбайдың көзі тірісінде сұхбат алып, кітап жазған журналист — Гауһар Исаева. Онда «Рыжий Алмаздың» қылмыскер атана жүріп, Алматының «Қалқаман» ықшам ауданында аурухана тұрғызбақ болған ниеті жазылған. Сондай-ақ, оның ойлары тосын әрі терең болғанын журналист сүйсіне жазады. Мысалы, Нәсеновтің ешқандай да есірткі тасымалымен, наркобарондықпен айналыспағанын, керісінше Қазақстанда осыншама жылдан соң осынша нашақор болады, оларды болдырмас үшін күресуіміз керек дегенін, оның сол сөзі үшін есінен адасқан шығар деп ойлағанын, бірақ оқиға шынымен де солай өріс алғанын, өмірде болғанын егжей-тегжейлі сипаттайды. Ал спортты насихаттап, сол үшін қазақ балаларына арнап спорт кешендерін салып, жаттықтырушы болғаны баршаға аян нәрсе.

Ержүрек жігіттің бір ғана принципі болды: әлсіздерге қорған болып, әлімжеттік жасағандардың сазайын беру. Сол үшін ол басын талай қатерге тігіп, қауіптің ортасында жүрді. Достарының айтуынша, Несіпбайдың өз атынан баяндалатын мынадай оқиға бар:

«Бірде маған бір әжей:

– «Алмаз балам, көмектес!» деп жылап келіп тұр. Менің бармаған жерім қалмады, соты бар, прокуратурасы мен полицейлердің табалдырығын тоздырдым, ешбірінен қайран болмады. Баламды алдап, алаяқтар алып қойған зәулім үйімізді қайтарып алсам деймін, – дейді әжей еңіреп.

Оқиға былай болған екен: әжейдің бір жерде қарауыл болып істейтін баласының кезекшілігінде әлгі мекемеден құнды заттар жоғалған екен. Байғұс бала тіпті ұрланған нәрсенің не екенін көрмек түгілі естімеген де. Ұрланған заттарды өтеу үшін балаға несие алғызып та үлгеріпті. Мәселенің мән-жайын өзім қарап шешпесем болмайтынын білдім де іске кірістім. Сөйтсем, әлгі мекеменің директоры әжейдің баласының кезекшілігінде мекеме өнімдерінің барлығын өз туыстарына таратып жіберген екен. Мен әлгіні тауып, кінәсін өз мойнына алғызып мойындаттым. Әжейдің де үйін қайтарттым, бүгінде ол кісі күнде менің амандығымды тілеп мешітке барып, Жаратқанға жалбарынатын көрінеді.

Ал бұдан басқа қаншама оқиғалар болып жатыр. Қаламыздағы осы сияқты басқа да толып жатқан мәселелерді менің шешу керектігімді сен, әрине, біле бермессің».

Бұдан бөлек, «Рыжий Алмаз» бастаған жігіттердің ерлігі деуге тұрарлық нәрсе шетелдік, орыс, қытай, басқа да мафиялық топтарға қарсы тұрумен ерекшеленеді. Негізінде мемлекеттік құрылымдардың айналысатын шаруасы болатын, бірақ қауіпсіздікті осындай топтар қамтамасыз етті. Шетелдік топтар біздің елге тұмсығын да сұға алмады. Біле білгенге бұл да ерлік. Шекарамыз аңғал-саңғал ашық, заңымыз олпы-солпы, ішкі саясатымыз тесік шелектей үңірейіп, тіпті мемлекеттік құрылымдардың өзі есін жия алмай жатқанда ол секілді жігіттер ауадай қажет болды. Кейін ел басқару жүйесі мүлде өзгергенде, 1998 жылдан бері билік бір кісінің ғана қолына өткенде олар «керексіз адамдар» қатарына жатқызылды да көзі жойылды.

Сосын мына бір фактіге қайран қаласыз: «Қарашығанақ» мұнайын сорып келген америкалықтардан біз мемлекет болып 10 пайыз алып отыруға тек 20 жылдан соң қол жеткізсек, «Рыжий Алмаз» өзінің дүрілдеп тұрған кезінде «Филип-Моррис», «Қазақойл» секілді компаниялардан он пайыз алып отыруды міндеттеген. Ерлік пе?

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің соңына аңду салып, көп түсетінін білетін «Рыжий Алмаз» киген киімдерінің, мейлі жаңадан сатып алса да, костюм-шалбарының барлық қалтасын қайшымен қырқып тастайды. Ұстап жатып қалтасына есірткі сүңгітіп жіберетін органдағылардың қитұрқы әрекеттерінен осылайша құтылып кетіп отырған. Сондықтан ресми орындардың хаттамаларындағы Несіпбай бейнесі бөлек те, достарының, тілеулес жандардың, кейбір шыншыл сақшылардың айтуындағы Несіпбай бейнесі мүлде бөлек.

Оның қазақ байлығын тонаған бай, миллиардер Машкеевичпен Жезқазған мыс комбинатына таласқанын көп адам біле бермейді. Осы Машкеевич тәуелсіз Қазақстан тарихының сүйкімді кейіпкері екен де, басын талай мәрте қатерге тіккен оғлан ұлға бір ауыз жылы сөз жоқ. «Халық сөзі» газетінде  жарық көрген «Қазақ мафиясы: аңыз бен ақиқат» деген сұхбатта Машкеевич туралы көп мәліметтер айтылған. Бұл енді басқа әңгіме.

«Заң орындарында жауапты басшылар (КНБ, прокуратура) ойларына келгенін жасап, нарықтық экономиканы сылтауратып, жасырын жекеменшік кәсіпорын, мекемелер ашып, мекемелері арқылы басқалардан қарыз алған болып, оны қайтармауды әдетке айналдырды. Қалталарын қалыңдап, арам, сасық жолмен байыды. Оларға коттедждер дәлел. Міне, осыған қарсы тұрған, солардың бұзақы әрекеттерін әшкерелеген менің ұлым Нәсенов Несіпбайға жала жапты. Ақыр сол кездегі КНБ-нің төрағасы Мұсаев бастаған жігіттер Несіпбайымды Испанияда өлтіртті». Болатбек Нәсенов жоғарыда аталған кітабында ащы шындықты, жанайқайын осылай білдірген. Көрдіңіз бе, жекелеген бір топтың жолын кесіп, көлденең тұрған «Рыжий Алмаз» жаманатты атанып, істі болып отыр. Сөйтіп жалпы халық санасына «қылмыскер» деген атау таңылған. Қарапайым халыққа тізесін батырғандармен күресу жолында ол ерлерге тән бұралаң жолдардан өтті дейтініміз сондықтан.

Міне, аты аңызға айналған адам «Рыжий Алмаздың» – Несіпбай Нәсеновтің қырлары осындай. Оның «Мен де ұлтшылмын. Қазақтардың жақсы киінгені, жақсы өмір сүргені, жақсы машиналарды мінгені, жақсы үйде тұрғаны маған ұнайды. Мен бұған рахаттанамын. …Мен өзіме де, басқаларға да Қазақстанда жақсы өмір сүру мүмкін ғана емес, міндетті екенін дәлелдегім келеді» дейтіні қазір қанатты сөз – афоризмге айналды. Қалай болғанда да атақты «Рыжий Алмаздың» даңқ пен дақпыртқа толы өмірінің әр кезеңінде шындық жасырынған.

 

Заңғар КӘРІМХАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер