«Алатау» театрының Балалар жылы аясындағы шаралары

3018
Adyrna.kz Telegram

Саналы ұрпақ – болашақ негізі. «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл маңызды бағыт бойынша Ринат Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры да құр алақан емес. Театр біршама мектеп, балабақшалармен мәдени байланыстар орнатты. Балалар жылы аясында 2022-ні Нұржан Тутовтың режиссерлігіндегі балалардың жақсылық пен жамандық, әділдік туралы көзқарастарын қалыптастыру, қажетті адамдық сапаларды көрсетуді мақсат еткен «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылымның премьерасымен бастады. Осы уақытқа дейін 22 рет қойылды. Солардың ішінде көрермендердің сұрауы бойынша сахналанғандары да бар. Мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар, сондай-ақ үздік оқушыларға тегін көрсетілу күндері де ұйымдастырылған болатын. Ал жыл соңында, яғни желтоқсан айының 23, 28, 29, 30 күндері табиғат қамқоршыларының қатарын молайтуға бағытталған «Гүлдер хикаясы» (авторы – Нұржан Тутов, режиссері – Жұлдызбек Жұманбай) музыкалық ертегісінің премьерасы өтеді. Нұржан Тутов қойылымның мақсатын былай деп жеткізеді: «Бұл – гүлдер әлеміне арналған музыкалық ертегі-фантазия. Табиғаттағы сан алуан гүлдерге қатысты қызықты махаббат хикаясы бойынша жастар мен жасөспірімдердің гүлдерге деген сезімдік қатынастарын тәрбиелеуді, сол арқылы әсем табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруды негізге алдық».

Театр директоры, белгілі айтыскер ақын Ринат Заитов Театр ұстанымына байланысты «Балалар жылы аясында Біздің «Алатау» театры аз жұмыс атқарған жоқ. Атап айтатыны, жылдың басын «Әгугай мен Игигай» ертегісінің премьерасымен бастадық. Жыл соңында да балаларға арналған ерекше үлгідегі, бұрын-сонды болмаған сахналық безендірілудегі «Гүлдер хикаясы» деген ертегінің премьерасымен аяқтағалы отырмыз. Яғни жыл бойы арнайы түрде балаларға бағытталған шаралар үздіксіз жүргізіліп отырды. Біршама мектептермен меморандум жасастық. Мектептерде кездесулер өткіздік. Биыл Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының есеп беру концерті бізде өтті. Бұл да мектеп жасындағы балаларды өнерге баулу, сахнаға үйрету, оларды осы жолда тәрбиелеу мақсатындағы жұмыстар. Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатымен бірлесіп, қаншама республикалық, қалалық айтыстар өткіздік. Тек балалар жылында ғана емес, басқа уақытта да ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, қайырымдылық шаралары болсын, кино болсын, балаларға бағытталған нәрселерді еш мүлт жібермеуге тырысамыз. Өйткені бала біздің болашағымыз. Биылғы гастрөлдік сапардың өзінде де біз міндеттеп, «Әгугай мен Игигайды» апардық. Қай жерге барсақ та, көрермендері басқа қойылымдарға қарғанда көбірек болды. Театр бала тәрбиесіне қатысып жатыр», – дейді.

Еліміздің ертеңі жарқын болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер