Home » Спорт » Ла Масия: жаңа белес

Ла Масия: жаңа белес

Әлем «Барселонадағы» бауырмалдықтың себебін іздеп әлек. Клубтағы атмосфера, жанкүйер қолдауы «Mes Que Un Club» деген ұранда тұрғандай. Мүмкін себеп көпшілігінің Ла Масияда ержеткенімен байланысты болар, бәлкім?

Ла Масия – үлкен футболға берілген билет. Бағасы маңдай тер мен тынымсыз жаттығудан тұрады. Ұшақтың бағыты белгілі – «Камп-Ноу». Мессимен бірге 87-лер ұшағына бірталай жолаушы мінеді. Кез келгені діттеген жерге жете алған жоқ. Біріне демеу, біріне құлшыныс жетпеді.

Хорхе мен Лео Буэнос Айрестен тікелей Барселонаға ұшты. Академия қызметкері әуежайдан күтіп алып, қонақүйге орналастырды. Мессидің деңгейін байқап көретіндер Жапонияға іссапармен кеткенін, кездесу ертеңге шегерілгенін жеткізді.

Месси ерте тұрды. Түні бойы отбасын, Росариосын ойлап көз ілген жоқ. Дегенмен ішінде бір толқыныс бар. Жаңа орта оны қалай қабылдамақ деген үрей басым. Хорхе баласының томаға тұйықтығын жақсы біледі. Бірақ Барселонаға келген екі күн ішінде Лео тіптен өзгеріп кетті. Қарапайым сұрақтарға жауап беруден ары аспайтын боп алды. Бұл әдеті ертең қабылдау кезінде қиындық тудыра ма деп қорқады. Бір жағынан баласының талантына шүбә келтіргісі жоқ.

Лео мен әкесін академияның алдынан күтіп алды. Жаттығу базасының есігін ашқанда оның таңданысында шек болмады. Орталық «Ньюэллс Олд  Бойздың» стадионынан да үлкен екен. Бұлар бірден бас кеңсеге барды. Оларды Карлес Решак пен Пьер күтіп отыр екен. Пьер Леоны көріп таңырқап қалды. Кеңесшіге бала бейнежазбадағыдан да кішкентай боп көрінді. Пьердің көзқарасын аңғарған Решак  Мессиді бірден стадионға шақырды.

Алаңда 13 жасқа дейінгі балалар доп теуіп жүр екен. Решак төрешіге белгі берді. Басшылық келгенін көрген жаттықтырушы Леоны жанына шақырды. Карлес Антониоға бәрін ескертіп қойған екен. Лео алаңдағы бір баламен ауысты. Кейінірек білсе, ол Васкес екен. Бұл бала кейінірек Мессидің академиядағы басты бәскелесіне айналды. Лео әдетінше пас бергенін күтумен жүрді. Бірақ кімге пас бер деп айтарын білмеді. Содан әрекетке көшу керегін түсініп, командаластарынан доп  алды. Бірінен соң бірін алдап өтіп, гол соқты. Жанындағылар таңдана түсті. Баланың бойындағы қабілетті байқап, пасты Леоға қарай асыруды бастады. Осылайша, Лео алғашқы ойында хет-трик авторы атанды.

Пьер Решакқа «қателесіппін» дегендей бір қарады. Ойыннан соң төрттік қайта кеңсеге қайтты. Стадиондағылар дел-сал күйде қалды. Кетіп бара жатып Лео командаластарына қайта бұрылды. Олар да Леоны бағып тұр екен. Кішкентай бала жылы жымиды да, жүріп кетті. Бұнысы «мен әлі келемін» дегендей әсер қалдырды. Жерар Пике есімді бала Леоның артынан ұзақ қарап тұрды. Мұның мәнісін білгісі келгендей Фабрегас жанына келді.

– Жерар, сенің кампусқа қайтқың келмей ме?

– Жаңағы баланы көрдің бе?

– Иә, доп қабылдауы жақсы екен.

– Көр де тұр, біз болашақта осы жігітпен Чемпиондар Лигасын ұтып аламыз.

– Осы сен қызықсың, Пике. Оның бізге қосылатыны да белгісіз. Сен болсаң Чемпиондар Лигасының әңгімесін айтасың. Жүр оданда кампусқа қайтайық, кешкі астың уақыты болды.

Фабрегас Пикені кампус жаққа алып кетті. Екі баланың әңгімесін естіп тұрған жаттықтырушы ойланып қалды. Себебі, Леоның алаңдағы әрекеті Антониоға да ұнаған еді.

Хорхе кеңсеге келісімен-ақ қол қоюдың қамымен жүреміз деп ойлады. Алайда Хорхенің ойындағыдай болмады. Сөйтсе, ойынды тек Решак пен Пьер ғана емес, өзге де кеңес мүшелері көрген екен. Олар баланың ойын мәнерін ұнатқанымен, кішкентай және әлсіз екенін алға тартты. Көпке дейін бір шешімге келе алмағандықтан, Лео мен әкесін қонақүйге қайтарды. Өздері мәселені ары қарай талқыламақ.

Жол бойы Хорхе үнсіз отырды. Ішіндегі сансыз сауалға жауап іздеп, дал болды. Лео болса, қуанышты. Оған алаң да, балалар да қатты ұнады. Тіпті 24 сағат доп тебуге дайын екенін сезеді. Әкесі ұлының бақытты екенін көздерінен байқады. Жанарындағы жалынды ертеңгі шешім сөндіре ме деп қорқады. Сондықтан тығырықтан шығудың жаңа жолын ойластырмақшы.

Леоның ұйқысын телефон қоңырауы бөлді. Бір көзімен айналасын бақса, әкесі телефонмен сөйлесіп жатыр. Бір нәрсені түсіндіріп жатқан тәрізді. Ары қарай ұйықтайын десе, академия есіне түсіп кетті. Өзінің сонда жаттығып жүргенін, қатарластарымен дос болғанын ойлап қиялға шомды. Ойын әкесінің сөзі бөлді. Баласынан басқа академияға баруға қалай қарайтынын сұрады. Леоға сұрақ ұнаған жоқ. Орнынан тұрып жинала бастады. Әкесіне Ла Масияға түспейтін болса, Росариоға қайтуды жөн көретінін айтты. Хорхе бұл тек үлкен футболға жол емес, сондай-ақ денсаулығын түзеуге берілген мүмкіндік екенін  түсіндіріп бақты. Лео бір сәт әкесімен келіскендей болды.

Хорхенің ойын өзгерткен «Реал Мадридтің» ұсынысы еді. Олар Леоны бірден Ла Фабрикаға қабылдайтынын, ем-домына қаржы бөлетінін айтты. Клубтың спорт директорымен түстен кейін кездесуді жоспарлады. Лео әке шешіміне көндіккен сыңайлы. Сөйткенде, бөлменің есік қоңырауы шалынды. Ашса, алдарында Пьер тұр. Жылы амандасып, мейрамханада Решактың күтіп тұрғанын айтты. Үшеуі астына түссе, шынымен, Карлес дастарқан жайып күтіп отыр екен. Решак әңгімені қысқа қайырып, Леоны Ла Масияға қабылдайтынын, ертеңнен бастап кешікпей келуін өтінді. Хорхе мен Лео естігеніне сене алар емес. Асығыста, Пьер мен Решак келісімшартты ұмытып кетіпті. Содан Леоның алғашқы келісімшарты қағазмайлыққа жазылды. Кейін білсе, Решак комиссия мүшелерін ұзақ көндіруге тырысыпты. Алайда нәтиже шығара алмапты. Ертесіне «Барселонаға» Леонель Мессиге «Реал Мадрид» академиясының ұсыныс білдіргені жетеді. Содан Решак ақылдастар алқасын қайта жинайды. «Реал» қимылға көшкенін, баланың талантын, қазіргі медицинаның күшін айтып, ақыры көндіреді. Оң шешімді естісімен Пьерді алып, дереу қонақүйге тартады.

Леоның Ла Масиядағы хикаясы басталып кетті. Алғашында, мұндағы дүниелер бұған таңсық көрінетін. Мұнда келісмен тек доп тебемін деп ойлаған. Қайдан, сабақ оқуы, ерте тұруы, жеке тапсырма орындауы қажет екен. Оның үстіне каталан тілін үйренуі керек. Академиядағылар мұның көзінше каталанша сөйлеседі. 1-2 апта қонақүйден қатынап тұрды, кейіннен кампусқа көшіп келді. Клуб басшылығы Хорхеге үй жалдап, жаңа жұмысқа орналастырды. Лео апта соңында әкесіне барып қайтады.

Кампусқа келгесін, Ла Масия тіршілігімен толық танысты. Академия аңыздарымен кездесті. Өзімен қатарластарынан бөлек, үлкен топтағы ойыншылармен тілдесті. Үлкендерден Хавидің ойын мәнері қатты ұнады. Иньестаның ұстамдылығына қайран қалды. Оны биіктетіп тұрған сабыр мен талант екенін аңғарды. Пуйоль туралы айтпаса да белгілі. Мықты әрі мінезді ойыншы. Қатарластардан Фабрегас, Бускетс, Пикені жақын тартты. Әсіресе, Пикені. Өйткені академиядағы қызық пен шыжықтың бәрі Жерармен байланысты еді.

Ла Масия ойыншылары түрлі әдіс-тәсілді сынап көретін. Әркімге арналған жеке жатығулары тағы бар. Академиялар арасындағы турнирге дайындық қатаң түрде жүреді. Шәкірттерінің топ жаратынына күмән жоқ болса да, тренер тапсырмасы таусылмайды. Мессиге өсу гармонын тездететін ине салу мұнда да жалғасты. Дәрумен қабылдау да тоқтаған жоқ. Ол соның өзінде бойындағы әлсіздікті сезетін. Кейде матч ортасында алаңнан кетіп қалғысы келетін. Осыны байқаған Решак Леоға арнап жаңа айла ойлап тапқан. Лео кішкентайынан шоколадты ботончикті қатты жақсы көретін. Решак оны кабинетіне шақырып алып: «Лео, сенің әр голыңа мен бір шоколадты ботончик беремін. Қанша соқсаң, соншасы дайын»,– дейді. Кезекті бір бойында Месси дубль жасайды. Решак қос ботончик береді. Дәндеп алған Лео барынша көп гол соғуға тырысады. Карлес бұл амалды қиындатудың жолын ойлайды. Леоға « әр баспен соққан голыңа қос шоколадтан беремін» дейді. Ендігі ойындарды Решак стадионнан тамашалауға арнайы келеді. Бірде Лео баспен гол соғып Решакқа екі деген белгі береді. Карлес қалтасынан екі шоколадты ботончикті көрсетеді. Сыйлығын көрген Леоның көзі бал-бұл жанады.

Мессидің Ла Масиядағы қалыптасуына әр жаттығумен қатар, айналасындағылардың да әсері бар. Оның үстіне командада Мессиден гөрі Васкеске көбірек сенім артады. Расымен, Васкестің денесі мығым әрі ойын мәнері жинақы. Содан ба Месси әр ойын сайын қатарластарын таңғалдыруға тыраштанады. Әрине, нәтиже жоқ емес. Академия әртүрлі турнирде бақ сынайтын. Лео келгелі бері біріншілікті бермейтін болды. Комбинациялары жарап тұр. Бәрі жаттығу кезіндегідей өтеді. Турнирлік кестедегі жағдайлары да тәп-тәуір.

Соңғы кезде қарсылас команда ойыншылары Мессиге жиі шабуылдайтынды шығарды. Мүмкіндік болса, құлатып кетуге дайын. Кезекті бір соққыдан Лео екі ай бойы алаңға шықпады.  «Барселоналықтардың (С)» турнирдегі жағдайы жақсы, бірақ алаңға бір леп жетпей тұрады. Комбинацияға бір қуат керек тәрізді. Жанкүйерлер де, команда да Мессиді сағынып жүрді.  «Эспаньолға (С)» қарсы кездесуде Месси алаңға шықты. Әдеттегідей жарқын ойын өрнегін көрсетті. Мұнда да құлатуға құмарлар табылды. Лео құласымен-ақ, Пике жанына жетіп келді. Эспаньолдық жігітті итеріп, ерегесіп жатыр. Нәтижесінде, сары қағаз алды. Жерар Месси үшін жиі соғтығысып қалатын. Тіпті сары қағаз көптігінен келесі ойынға қатыса алмайтын. Месси де осындай «қорғаушысына» ерекше ілтипат білдіретін. Әрекеттеріне қарап Пикені «Папа Пике» деп атап кетті. Жерардың бұл әрекеті Мессиді басқаларынан артық көргені емес, командаға қажетін жете түсінгеннен еді.

Ла Масиялықтар «Камп-Ноуға» баратын күн туды. Месси теңдессіз стадионды көзбен көруді бұрыннан армандап жүрген. Жай матчқа емес, Эль-класикоға барады. Бускетс әдеттегіден ертерек тұрды. Месси Серихионың әр тактиканы жете түсінетініне таңдай қағатын. Фабрегас, Леолар ойын көргенді ұната бермейтін. Бускетс ойнауға да, көруге де құмар еді. Ол барлығын кезек пе кезек оятып шықты. Лео  Эль-класикоға барудың өзі түрлі этаптан тұратынын сонда байқады. Бұлар стадионға 2 сағат бұрын келді. Месси ерте келудің мәнін кейіннен түсінді. Ойынға 1 сағат қалғанда Барселона көшелерінде қарбалас басталды. Көлік кептелісі, стадион маңындағы шу, билет таба алмай жүрген жанкүйер. Айнала азан-қазан болды. Таңертең Серхионың ұйқыдан оятқанына, уақытысымен жиналғанына іштей қуанды.

Ойын тамаша өтті. Матч атмосферасы бөлек-ті. «Камп-Ноуда» әуелеген гимн қандай әсерлі. Қос клубты қолдауға келген жанкүйердің санында шек жоқ секілді. Перфоманстар көз жауын алады. Капитанның клубты бастап шыққаны көз алдында қалды. Ішіне кейін мен де капитан болам деп түйіп алды. Ой жетегіндегі Мессиді Пике түртіп жіберді.

– Қазір біз «Камп-Ноуды» аралаймыз, қаласың ба?

– Жаттықтырушының рұқсатынсыз ба?

– Түу, не бопты. Ешкім білмей қалады. Көп боп келдік қой. Біз жылда осылай істейміз.

– Кім-кім қалады?

– Мен, Бускетс, Фабрегас, Диос, Вальенте, Дани, Васкес. Қаласаң, сен де барсың.

–Жарайды, көрсек көрейік.

Осылайша, Пике бастаған топ «Камп-Ноуға» кішігірім экспедиция жүргізді. Трофейлер тұрған бөлмеден бастап, газонға шейін аралап шықты. Ең қызығы, «Камп-Ноу» газонында басталды. Газон төңірегінде жүргенде Пике алаңға шығып көрейік деген ұсыныс тастады. Көпшілігі келіскенмен, Бускетсті көндіру қиынға соқты. Ақыры, бәрі алаңға шығатын болды. Пике бәріне газонды жалаңаяқ басуға кеңес берді. Содан алаңдағы арпалыс басталып кетті. Ла Масиядағыдай емес, мұнда бәрі басқаша екен. Бәрі алаңда қалағанын істеді. Шаршағасын ба, жантая кетті.

– Көресіңдер, кейін біз осында доп тебеміз. Әрине, бәріміз емес, біразымыз. Бускетс, сен орталықтың мықтысына айналасың. Мен саған қорғаныстан көмекке келіп тұрам. Фабрегас та бар өнерін салатын болады. Лео  шабуылда бар сойқанды бастайтын болады. Жігіттер, біз «Камп-Ноуға» ойыншы боп ораламыз ғой. Солай ма? – деген Пикенің әсерлі сөзін күзетшілер бөлді. Класикодан соң сырттағы абыр-дабырды әрең басқан олар стадион ішіне тексеріс жүргізеді. Газонда жатқан балаларды байқап, алаңға келеді. У-шу басталды. Нәтижесінде, жаттықтырушыға қоңырау шалып, мәселе академия басшылығына жетеді. Ертесіне «экскурсия мүшелерін» жаза күтіп тұрады.

Жаза ретінде 15 айналым жүгіру берілді. Лео жүгіруді онша ұната бермейтін. Ішінен Пикенің жер-жебіріне жеткісі келді. Алайда кешегі әсер үшін бәрін кешіруге бар. Бускетс үнсіз жүгіруді бастап кетті. Фабрегас, Пике іле-шала қосылды. Месси жаймен жүгірісті бастады. Ойын бөлу үшін кешегі Жерар айтқан сөзді есіне түсірді. Алдында жүгіріп бара жатқандарды досы емес, атақты футбол жұлдызы ретінде елестетті. Бір күні аталған жігіттермен «Камп-Ноуда»  доп тебетінін елестетті. Бұларға да эль-класикода тамаша қолдау білдіретін жанкүйер табыларын ойлады. Өздерін қуып шыққан күзетшілердің кейін қолтаңба сұрап кезекке тұратынын елестетіп қояды. Кенет ойын алдымен «Барселона Б-ға» қабылдану керектігі бөлді. Тек бір өзі емес, жанындағы достарымен бірге. Ол үшін не істеу керек?  Жоспарын жігіттермен бөлісу үшін, жылдамдықты арттыру қажет. Пикелер алға ұзап кеткен. Месси барынша жүгіріп келеді. Тек қана достарына емес, болашағына. Әлемнің үздік ойыншысы болам, «Камп-Ноуда» доп тебем деген мақсатына жүгіреді.

                       Айзат Айдарқызы

арнайы “Адырна” ұлттық порталы  үшін 

                                                                                        

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Үстел теннисі

“RÝH MARAFON” спартакиадасы аясында біздің спорттық турнирлер жалғасуда. Бүгін Қазақстан Үстел теннисі федерациясының базасында үстел ...