Қарағандыда «Тәуелсіздік белгісінің» тұсаукесері өтеді

3216
Adyrna.kz Telegram

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қарағандыда «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының Qazaq club бастамасымен «Тәуелсіздік белгісінің» тұсаукесері өтеді, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

Биыл көпшілікке ұсынылғалы отырған «Тәуелсіздік белгісі» осыған дейін 2020 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік лентасының» негізінде жасалды. Төсбелгінің ортасында Қазақстан Республикасының қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта көрініс тапқан. Сонымен қатар Қазақстан аумағын біздің жыл санауымызға дейін 5-4 ғасырларда мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адамы бейнеленген. Бұл қазақ тарихының сақтар заманымен байланысты екенін білдіреді. Бұдан кейін белгіде Ғұндар мемлекетінің негізін қалаған Мөде қаған және ғұн мемлекеттілігінің шаңырағы көтерілген б.з.д 209 жыл көрініс тапқан. «Тәуелсіздік белгісіндегі» келесі айтулы дата 552 жыл, яғни Түркі қағанаты құрылған жыл және оның символы Бөрілі байрақ бейнеленген.

Бұдан кейін Қазақ хандығының шаңырағы көтерілген 1465 жыл мен Керей мен Жәнібек хандар салынған. Тәуелсіздік белгісіндегі келесі көрнекті тұлға үш жүздің басын қосқан хандардың ханы ұлы Абылай хан мен ол сайланған 1771 жыл, ұлтымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп өткен және Қазақ хандығын қалпына келтірген Кенесары Қасымұлы хан атанған 1841 жыл және Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда Үкіметі құрылған 1917 жыл бейнеленген. «Тәуелсіздік белгісінің» жоғарғы жағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі жарияланған 1991 жыл көрініс тапқан.

Көтеріліп келе жатқан күн қазақ халқы үшін жаңа дәуірдің келгенін, ал ашылып тұрған кітап еліміздің болашағы ғылым – білімде жатқандығына меңзейді. Тәуелсіздік белгісінің өн бойындағы ұлттық ою-өрнек біздің ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызды әруақытта көздің қарашығындай сақтауға үндейді. Ел игілігіне бағытталған бұл жобаны қаржыландырған «Qazaq club». «Тәуелсіздік белгісі» кеуденің сол жағына жүрек тұсына тағылады.

«Тәуелсіздік белгісін» тағып жүру әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін есте сақтау керек. Белгінің иегері онда бейнеленген ұлы тұлғалардың жолын жалғастыруға, сақтауға, оны жас ұрпаққа насихаттауға атсалысуға мүмкіндігі келгенше тырысуы керек.«Тәуелсіздік белгісі» Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері күндері, салтанатты шараларда тағуға арналған. Сондай-ақ белгіні ел тарихына құрмет білдіру мақсатында күнделікті тағуға да болады – дейді «Тәуелсіздік белгісінің» авторы Н.Сұршаұлы. 

Тәуелсіздік белгісінде қазақ тарихына есімдері алтын әріппен жазылған 5 тарихи тұлға мен 8 тарихи дата, ҚР жер аумағын бейнелейтін карта мен Түркі қағанатының Бөрілі байрағы және ұлттық ою-өрнек көрініс тапқан.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер