Біз креативті жастарды әрқашан қолдауға дайынбыз - Дархан Қыдырәлі

2468
Adyrna.kz Telegram
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі "Ел бірлігі" ТikTok house жобасының қатысушыларымен кездесіп, креативті жастарды әрқашан қолдауға даяр екенін жеткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Мәдени және тарихи құндылықтарды, мәдениетаралық диалогты насихаттауда бұл жобаның мәні мен маңызы зор. Бүгінге дейін жастардың Тик-Ток-тағы қайталанбас қызықты бейнероликтері алты жарым миллионнан астам көрілім, төрт жүз жетпіс мыңнан аса «лайк» жинаған екен. Бұл олардың еңбектерінің көпшілік тарапынан жоғары бағаланып жатқандығының айқын дәлелі.
Алдағы уақытта көрсеткіш саны одан да артарына сеніміміз мол. Өйткені жастарымыз жарқын идеяларының жүзеге асуына жан-тәнімен, бар күш-жігерін жұмсап жатқанын көріп-байқап отырмыз.
Тик-Ток бүгінде миллиардтаған қолданушысы бар әлемдегі ең танымал платформалардың бірі. Біздің елде Тик-Ток қолданушылары арасында қазақ тіліндегі контентке сұраныс артып отыр. Осы орайда, жақында елімізде Тик-Ток компаниясының өңірлік офисі ашылғанын тағы да тілге тиек еткім келеді. Тик-Ток кеңсесінің ашылуы осы платформаның белсенді қолданушыларына көптеген мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Біз өз тарапымыздан қазақ тілді контенттерді дамытуға, жаңа сапаға көтеруге байланысты жұмыстарды жалғастыра береміз. Мәселен, жақында елордада өтетін Орталық Азия медиа форумына YouTube арнасында 18 миллионнан астам жазылушысы және 5 миллиардтан астам қаралымы бар, өздеріңізге белгілі D Billions музыкалық тобы келеді. Олардың елімізге келуі маңызды ой алмасулар мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген үміттеміз. Жастар – қоғамның барлық саласындағы ең басты қозғаушы күш. Біз өз тарапымыздан креативті жастарды әрқашан қолдауға дайынбыз",- деп жазды министр өзінің фейсбук парақшасында.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер