«Zara» дүкенінің қызметкерлері қазақша қызмет көрсетуден бас тартты (ВИДЕО)

5936
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы «Zara» дүкенінің қызметкерлері қазақша қызмет көрсетуден бас тартты. Бұл туралы желі қолданушысы Құралай Бауыржанқызы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Намысым жер, жігерім құм болды. «Zara» дүкенінің балалар бөлімінде қазақша жауап сұрап, өз жерімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болдық. Кәріс баланы қазақ екен деп, "Қазақша айта бер" деп қалдық, әңгіме содан басталды. "Маған орыс тілінде ыңғайлы",— дейді әлгі жігіт. "Енді бізге қазақша ыңғайлы, сіз түсініп тұрсыз ғой, айта салмайсыз ба, қанша болды?"— десек, "Маған осылай ыңғайлы”,—дейді. Онда тіл білетін адамды шақыр дедік. Сол жердің әкімшісі келіп, өзімізге тап берді»,—деп жазды ол.

Әкімші қыз «Біз халықаралық компаниямыз. Қызметкерлеріміз қай тілде сөйлесе де өзі біледі» деп ақталған.

«Тіпті дүкенде қазақша сөйлей алмасақ, қайда барып сөйлейміз? Қашан сөйлеміз? Тек от басы, ошақ қасында ма? Бүйте берсек, қазақ тілі "кедейлер тілі", "домашний тәпішке" деген мазақтан қашан құтылады?!
Ең жаманы, біздің құқымызды қорғайтын, сөзімізді сөйлейтін ешкім жоғын түсініп, өзімізді жетім сезініп шықтық...»—деп жазды Құралай Бауыржанқызы.

Оқырмандардың кейбіруі қазақ тілін талап етуші де қатты айтты деп жазып жатыр. Оған ол кісі төмендегідей жауап берді:
“Видео соңында "ЖАП АУЗЫҢДЫ!" деп хормен айқайлағанымыз қызға емес,"Выпроводите их!" деген жігітке солай жауап бердік. Ол ту сыртымызда тұрғандықтан, дауысы естілмей қапты камерада, біз естідік те реакция жауап болды бірден.Өзі құқымызды таптауымен қоймай, қуып салмақшы. Сондықтан, ол қай тілде сөйлесе, сол тілде жауап берілді. Менің тілімді құрметтемеген адамға сызылып мәдениет сақтар жайым жоқ екен”,—деп түсіндірді желі қолданушысы.

Пікірлер