Қазақстанда мұнай-газ химиясы бойынша QazPolymers-2022 форумы басталды

3738
Adyrna.kz Telegram

9 желтоқсанда Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) бастамасымен тұңғыш отандық QazPolymers-2022 форумы басталды. Жиын елімізде өндірілетін полимер шикізатынан полимер өнімдер шығару нарығын дамыту мәселесін талқылауға арналған басты алаңға айналды.

Басқосуға ғылым, даму институттары, саладағы бизнес қауымдастық өкілдері, медициналық техника, құрылыс, орау материалдарын, пластикалық құбырлар өндірушілер, сондай-ақ мұнай өңдеу, мұнай химиясы мен басқа да отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері жиналды. Олар, ең алдымен,  Қазақстан экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені — полипропилен өндіретін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС зауытын аралап, кешеннің жұмысымен танысты.

Еске салсақ, KPI зауытын (ҚМГ-нің үлесі бар) 2022 жылы 8 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары кезінде іске қосты. 2023 жылы кәсіпорын жылына 500 мың тонна өнім өндіріп, толық өндірістік қуатын орындағанда полипропилен өндірісі бойынша әлемдік нарықтағы ең ірі ойыншылармен бір қатарға шығады.

Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында өткен форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, профессор Гүлзада Шакуликова қатысты.

ҚМГ басшысы өз сөзінде Қазақстанның географиялық орнын және көмірсутектерді қолдана отырып, жоғары технологиялық өнімдер жасау мүмкіндігін ұтымды пайдалану керегін атап өтті.

«Бүгінгі таңда полимер өнеркәсібі — әлемдік экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Саланың әлеуеті жоғары. Біз Қазақстанның ұтымды тұстарын, яғни тиімді географиялық орнымызды, көмірсутек ресурстары базасында жоғары технологиялық өнімдерді дамыту бойынша кең мүмкіндіктерімізді өнеркәсіп, тамақ, тұрмыстық, медициналық және басқа да салаларда құны жоғары түпкілікті өнім шығару үшін тиімді пайдалана білуіміз керек», — деді М.Мырзағалиев.

«ҚазМұнайГаз» басшысы ұлттық мұнай-газ компаниясы отандық бизнестің жоғарыда аталған әлеуеті жоғары саланы дамытудағы үлкен рөлі мен мүмкіндіктерін көріп отырғанын және оған барлық мүмкін қолдауды көрсетуге дайын екенін айтты.

Форум барысында екі панельдік сессия ұйымдастырылды: «Мұнай-газ химиясы — ұлттық экономиканы әртараптандырудың жаңа драйвері» және «Қазақстандық полипропилен — түпкілікті өнім өндіретін отандық бизнесті дамыту мүмкіндіктері». Қатысушылар сондай-ақ отандық мұнай-газ химиясы саласының даму кезеңдері туралы ақпарат алды (жылдық қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен зауытын салу бойынша жұмыстар басталды, қуаты жылына 180 мың тоннаға дейін бутадиен каучуктерін синтездеу бойынша бутадиен өндірісін құру жоспарда). Күн тәртібінде полимер импортына тәуелділікті төмендету үшін бизнес байланыстарды арттыру және бастапқы жағдайды қалыптастыру міндеттері, мемлекеттік қолдау шаралары мен отандық полимер шикізатына ішкі сұранысты ынталандыру мәселелері тұр. Қазақстандық шикізатты пайдалана отырып, халық тұтынатын тауарлар түрін кеңейту жөніндегі бизнес жобаларға шағын және орта бизнесті тарту мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ, компанияларға табысты бизнес кейстер таныстырылады.

Форумды ұйымдастырушылар қатарында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы (Мұнай-газ химиясы қауымдастығы), «Атамекен» ҰКП және Атырау қаласындағы KPI зауыты бар.

Анықтама үшін:

Қазақстанда полипропилен мен полиэтилен импортының көлемі өсіп келеді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 221 мың тонна болды, 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге артық (123 мың тонна). Ресми статистикаға сәйкес, елімізде импорталатын полимер шикізатымен жұмыс істеп, түпкілікті өнім шығаратын 130-ға жуық шағын және орта кәсіпорындар бар. Полимер шикізатының негізгі тұтынушылары негізінен — пластмасса және резеңкеден техникалық бұйымдар өндіретін кәсіпорындар.

Полипропилен — машина жасау, медицина, электр техникасы, орау материалдары, ыдыстар, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша және кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ құрылыс, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын негізгі шикізат.

Пікірлер