Қайрат Сатыбалдының қай колонияда жазасын өтейтіні белгілі болды

3422
Adyrna.kz Telegram

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қай колонияда жазасын өтейтіні белгілі болды. Бұл туралы YEDILOV ONLINE telegram-арнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Қайрат Сатыбалдыұлы ШҚО-дағы № 22 колонияға ауыстырылды. Бұл арнайы және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған колония. Дереккөздер Қайрат Сатыбалдыұлының осы колонияға жеткізілгенін, сот үкімімен 6 жыл жазасын өтейтінін хабарлады”, – делінген жазбада. 

Астана соты Қайрат Сатыбалдыұлының тергеу изоляторынан босатылғанын растады.

"Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты үкім 20 қазанда заңды күшіне енді. Ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №22 мекемесінде жазасын өтеп жатыр", – делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салайық, 26 қыркүйек күні Астанада Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Қайрат Сатыбалдыға қатысты соңғы үкімді оқыды. Сот Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. 

Сот үкімін судья Нұрлан Баяхметов оқыды. Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған.

Бұған дейінгі сот отырысында Қайрат Сатыбалды миллиардтаған долларды жымқырғанын толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.

Ол 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі түзеу колониясында өтеу жазасына кесілді. Сондай-ақ ол 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Прокурор Жангелді Есебаев Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ол айыпталушыны "Құрмет", "Парасат" ордендерінен айыруды да талап еткен.

2022 жылғы 13 наурыздан бастап үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауға алынған күн жазаны өтеудiң 1,5 тәулiгi болып есептеледi.

Сонымен қатар, Марат Мұхамбетжанұлы мен Ғайни Бекетов алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Ал Шыңғыс Қоңырбаев пен Леонид Муравьевке 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Одан бөлек, Сатыбалды мен басқа да тұлғаларға қатысты салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сол себепті Қайрат Сатыбалдыдан сот алдында алдағы уақытта да жауап алынады.

Пікірлер