Хасен Қожа-Ахмет - 70 жаста

4425
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың тамыз айында –  Қазақ халқының ұлт-азаттығы, мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресіп 1970-1990 жылдар аралығында үш мәрте бас бостандығынан айырылған белгілі саяси қайраткер, композитор, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, тарих, музыка, филология зерттеушісі, профессор, «Желтоқсан», «Азат» ұлттық қоғамдық ұйымларының басшысы Қожа-Ахмет Хасен Кәрімжанұлы (Қожа-Түрк) 70 жасқа келеді. Оның есімі 1977 жылы Хельсинкидегі Дүниежүзілік саяси тұтқындар тізіміне жазылып, шетелдерде де белгілі болған еді.

Тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев «Туын жықпай алаштың» атты деректанулық зерттеуінде Х.Қожа-Ахметтің 1970 жылдарда жазған еңбектері туралы былай деген еді: «Ұзын-ырғасы 260 жылдық тарихы бар тәуелсіздік жолындағы күрестің өзіндік ерекшеліктері бар үлкен бір кезеңі замандасымыз Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахметтің атымен тікелей байланысты. Хасеннің 1972-1976 жылдар арасында жазған еңбектері мен сол еңбектердің негізінде пайда болған соттың «Айыптау қорытындысын» дерек көздері ретінде алып отырмыз... Хасеннің жүз пайыз шындықты айтқанына бүгін ешкім күмән келтіре алмайды. Мысалы, бір ғана Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып ондаған кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Талайлар ғылыми атақ-дәрежеге ие болды.

Бірақ, уақыт шындықты тарихшы ғалымдардың емес, Х.Қожа-Ахметтің жазғандығын толығымен дәлелдеп берді. Тек, Хасен ғылыми емес, «аса қауіпті мемлекеттік қылмыскер»–деген атақ алып түрмеге түсті. Бүгінгі күні кәсіпқой тарихшылардың бәрі дерлік Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағандығын айтып, оған дәлелдер келтіруде. Тек, сол шындықты бұдан 40 жыл бұрын, яғни коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде Хасеннің айтқандығын естен шығарып жүр.

Х.Қожа-Ахметтің күресін, көп жағынан, XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының күресіне ұқсас деп айтуға болады. Хасенді де кеңестер түрмесі мойыта алған жоқ. Түрмеде отырып та, одан кейін де жазған саяси мазмұндағы өлеңдері, ертегілері, мақалалары Хасеннің алған бағытынан таймағандығын көрсетеді.

Алаш көсемдерінің терең энциклопедиялық білімнің, сан-салалы өнердің иелері екендігі баршаға аян шындық болса, Х.Қожа-Ахметтің жариялаған еңбектері де оның қоғам даму зандылықтарын, тарихты жақсы білетін саясаткер, сазгер, суретші, ақын, журналист және жазушы екендігін көрсетеді.

Дегенмен, Х.Қожа-Ахметтің күресінің өзіндік ерекшеліктері де бар. Біріншіден, қазақ зиялылары өз күрестерін Хасенге қарағанда әлдеқайда демократиялық жағдайда жүргізді. Бұл жағынан келгенде олар Хасеннен әлдеқайда «бақытты» еді. Олардың кейбірі мемлекеттік Думаға мүше болып өте алды, ұлттық бағыттағы бейресми газет, журналдар шығарды. Екіншіден, негізінен XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында саяси күрескер ретінде қалыптасқан қазақ зиялылары күреске, яғни тарих сахнасына топтасып бірге шықты.

Ал, Хасен өзінің күресін елімізде кеңес өкіметінің зорлықпен орнағанына 55 жыл өткеннен кейін, ел толығымен «жаңарғанда», партияның ақылға сыймайтын шешімдерін асыра орындауға «Әр қашанда дайын» тұрған қазақ оқығандарының жаңа ұрпағының ортасында жүргізуіне тура келді.

Ол өзінің Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған үнпарақтарын «Жас Қазақ» ұйымы атынан көрсетіп, өз күресіне топтасқандық сипат бергісі келгенімен, ондай ұйым құру ол кезеңде еш мүмкін емес еді. Сондықтан Х.Қожа-Ахмет, іс жүзінде отаршылдықпен жалғыз күресті.

Дегенмен, мұндай ерекшеліктеріне қарамастан Хасен күресін Алаш ардагерлері күресінің жалғасы ретінде қарап, XX ғасыр басында Алаш көсемдері көтерген күрес туын Хасен «Желтоқсанға» жеткізе білді – деп айта аламыз» («Ақиқат» журналы, 2002 ж. №7.).

Мемлекеттік кауіпсіздік комитеті (КГБ) полковнигі Тәңірберген Бекімовтің 1986 ж. Желтоқсан көтеріліс туралы 1993 ж. ҚР Конституциялық сотына арызынан: «Маған Қазақ теле-радиосының редакторы, композитор Қожахметов Хасеннің үстінен  даттау материалдарын жинақтау тапсырылды. Мен архивтен оның үстінен 1977 жылы жүргізілген 6 томдық «қылмыстық іспен» мұқият таныстым. Х.Қожахметов – соңғы 20 жыл ішінде ұлтшылдық, антиорыстық, антиимпериалистік көзқарасы үшін сотталған жалғыз қазақ азаматы екен. Оны қайтадан қамалудан алып қалу үшін мен: «Қожахметов Желтоқсан оқиғасына қатыспаған» деп штабқа есеп жазып бердім. Бұған қанағаттанбаған басшыларымыз бұл істі қайтадан тексертіп, Қожахметовтың «қылмысын дәлелдеп», ол 4 жылға сотталды. Ал мен болсам қызметтен алындым» - деп жазады.

      Хасен Қожа-Ахмет мерейлі жасқа келуіне орай, оның «Зұлымдық империясымен» жекпе-жек» атты жинағынан 1970 жылдары Ресей-КСРО-ның отаршыл-тоталитарлық саясатын әшкерелеп, қазақ елін азаттық күресіне шақырған шығармаларының бірқатарын жұртшылық назарына ұсынамыз.

--------------------------------------------------------------------------------

                                     ОЯН, ҚАЗАҚ! ОЯН, ЕЛІМ!

Өзіңді намысы бар азамат деп санасаң, ойланатын уақытың жетті, бауырлар. Туған жер тоналуда. Ана тіліміз, мәдениетіміз үмытылуда. Орыс шовинистерінің осы саясаты өзгермесе, қазақ ұлтының жер бетінен жойылар уақыты да алыс емес. Тарихтың бұл тәлкегінен тек күресу арқылы аман қалуға болады. Отанымыздың тәуелсіздігі үшін, Қазақ елін жойылудан сақтау үшін біз, қазақ елінің азаматтары, орыс отаршыларына мынадай талаптар қоямыз:

  1. Бір ұлтқа табындыру, орыстандыру саясаты тоқтатылсын!
  2. Орыстарды қазақ жеріне қаптатып қоныстандыру тоқтатылсын!
  3. Қазақстандағы барлық оқу орындары, мекемелер ұлттық тілімізде болсын.
  4. Ядролық қарулар сынап, химикат "тыңайтқыштармен" улап, қазақ жерін шөлге айналдыру тоқтатылсын!
  5. Қазақ жастарына зорлықпен қой бақтыру тоқтатылсын!
  6. Ұлт азаттығы үшін күрескен саяси тұтқындар
    түрмелерден босатылсын!
  7. СССР Конституциясының 125-бабында айтылған: сез бостандығы, баспасөз бостандығы, жиналыс жасау бостандығы, т.б. праволар іске асырылсын!
  8. .Шетелдердегі қазақтарға және Түркістандық басқа да ұлттарға Отанына қайтуға рұқсат берілсін. Олар қудаланбасын!
  9. Қазақстаннан тоналып Россияға жөнелтілетін бар-
    лық заттарға шек қойылсын (мұнайға, етке, астыққа,
    т.б.).
  10. Орыстар өз Конституциясындағы "Әрбір Одақтас
    Республиканың СССР-ден еркін бөліну правосы сақта-
    лынады" делінген 17-бабын естерінде сақтасын.

Ұлт бостандығы жасасын! Біз жеңіске сенеміз!   (1972 ж.)

-------------------------------------------------------------------------------

                                                           M A C A

 

Қан құмар сары масадай,

Отарын сорады Россия.

Соруын орыс қояр, - деп,

Қанға да бір күн тояр, - деп,

Көніп келдік бас ие...

Соруын орыс қоймайды,

Шапалақ жемей тоймайды!

 

 

                                            

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

(1972 ж.)

 

 

 

                                    

                                          ХАЛҚЫМА

 

Тыңда, саған айтамын мен сырымды,

Қазақ болсаң ұғарсың бұл мұңымды.

Егер сөзім тебірентсе жүрегіңді,

Өздеріңнен табармын тірегімді.

 

Жатсам-тұрсам санамнан шықпайтын ой –

Халқым, сенің ертеңгі тағдырың ғой!

Ежелгі жау ел болмас» деген мақал,

Тура екен бабалар айтқан нақыл:

 

Көзіңді ашшы, қарашы айналаңа,

Шаңы шығып, шөл болған ен далаңа.

Ақан сері, Біржан сал жырлап өткен,

Осындай ма ед жеріміз мақтан еткен?!

 

Жеріміз көп, өзіміз аз ел едік,

Басындырып жат жұртты, таяқ жедік.

Неше мың жыл бабалар сақтап келген,

Енді айрылдық Отаннан, Ана тілден.

 

Өз тілімде сөйлесем – мазақ қылад,

Қалай енді жойылмай қазақ қалад?!

«Барлық ұлт – тең!» айтары, арам іші,

Алдау, қыру – орыстың ежелгі ісі.

 

Миллиардтап жыл сайын берем астық,

Сонда дағы істері бізге қастық...

Санап бәрін айтуға ауыз бармайд,

Ілияс, Сәкендердей атып-қамайд.

 

Не айтамыз кейінгі біз ұрпаққа,

«Қазақ деген ел қайда?» деген сұраққа.

Жойылмасын десеңдер біздің халық,

Басты қосып, біз де бір іс қылалық.

 

Талай батыр тудырған ел емес пе ең?!

Жау жылаған қазақпен ерегіскен.

«Қырық күн сынбай, бір күнде сынар шөлмек»,

Шыдап болдым, ендігі ой – шайқасып өлмек!

 

(1972 ж.)

 

 

 

                                                                            ТОНАУ

Завод салды, жол салды,

Россия қолын мол салды.

Астық, мұнай, кенді алды,

 

Тоналмай, қазақ нең қалды?

(1972 ж.)

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер