Қазақ елінің депутаты: "Моңғолиядағы жағдай біздің билікке сабақ болуы керек!"

4292
Adyrna.kz Telegram
ҚР Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Моңғолиядағы болған саяси бұлғаққа қатысты пікір білдірді. Ол Қазақстан билігіндегілер мен олигархтардың "Қасіретті Қаңтар" мен Моңғолиядағы шеруді естен еш шығармауы тиіс екендігін айтты. Қазақтың жоғалған, ұрланған қазынасын қайтаруға шақырды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 
- Моңғолиядағы жағдай бізге сабақ болуы керек. Өзіміздің "Қасіретті Қаңтар" сабақтары да әрқашан есте болуы басты аспект. Яғни, мемлекет пен халықтың мұң-мүддесіне қарсы шығып, халықтың игіліктерінен күнелткісі келетін, шешім қабылдау тетіктеріне жақын жүріп, өзінің құлқынын толтыратын топтар билік айналасынан тазартылуы тиіс. Олигархия мен мемлекет "топтасып" кеткенде қандай да болмасын елде моральдық құндылықтар жойыла бастайды. Өйткені, шындық пен әділеттілік жұмыс істемей қалады.
"Балық басынан шіритіндігі" тәрізді, біздің шешім қабылдау тетіктерін, яғни министрліктерді олигархтардың "әсер етуінен" тазарту қажет.
Өйткені әділеттілік болмаса, елдің берекесі қашады.
Сонымен бірге, Екібастұзда майнинг фирмаларын қаптатып миллиардтаған пайда тауып, халықты "қан қақсатып" қойған топтар анықталып, жазалануы тиіс. Құрылып жатқан комиссиялардың негізгі жұмысы олигархтардың халық есебінен тапқан пайдаларын анықтап, елге қайтару, техногенді апатқа шынайы кіәлілерді анықтау. Халық пен азаматтардың "жоғалған пайдасы" анықталып, еселеп бюджетке қайтарылуы керек. Бұл мәселе бойынша халықтың, жұртшылықтың үні нақ естілуі тиіс, - деді депутат.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер