Сонымен ит қыр асты, доңыз жылы босағадан өтіп, Қособадан қиды. Өткен жылы не істедік, бағынғанымыз кім, сағынғанымыз не-деген сұрақтар сағадан құлап, жағадан алады!
Жыл экономикасы
«Бірінші экономика, саясат содан соң» -деген президент сөзі сары ауылдың жағал самайындай саңғырықтанып, суып, солып, мазақ тектес естіледі. Өкімет отырысында Тимур Сүлейменов 2018 жылғы ішкі өнім үлесі 3,8 пайыз екенін айтты. Мемлекет өзін асырау немесе нөлдік межеден асу үшін 12 пайыз қажет екенін қаржы саласынан хабары бардың бәрі біледі. Айдынды ақпараттарды инфляция жұтып қойды. Ресми түрде теңге құнсыздануы 3,7 пайыз делінсе де, қанттың 20 пайызға, ірімшіктің 10, консервіленген сүттің 9 пайызға өскені көп күдікке тізгін береді. Бұған қоса "Эксимбанк", "Қазақ", "Астана" банктерінің банкротқа ұшырауы қаржылық қауқарымыздың, қағаз бетіндегі әдемі цифрларының сәйкессіздігін көрсетті.
Жыл саясаты
Ал саяси алаңдағы кемел жеңістеріміз теледидар бетінен аспады.Көрші елдегі экс-президент Атамбаев мәлімдемесі, таздың басындағы тымағын ала қашқандай-ыңғайсыз жағдайда қалдырды.Сорлаған шекарадағы жүргізушілер болды. Бұған қоса БҰҰ-дағы Қауіпсіздік комитеті төрағасы болғанымыз, сонда Ұстаным Кодексін қабылдатқанымыз құлақ талдыра айтылды. Тым түсініксізі осы жүрістерде қанша ақшамызды шығындағанымыздың бәрі құпия қалды. Жетпіс мемлекет қол қойған Кодекске қалған жұрт неге қолдау көрсетпегені де мен үшін жұмбақ. Осы жылдың тағы бір ерекшелігі - қуғынға ұшыраған көк шарлар болды. Домбырасының шанағына қорғасын құйғандай, көк шарларға ресми түрде тиым салынды, парасат пен фарс майданында ақыл аяққа жығылды. БҰҰ-ның жаһандық контртеррористік стратегиясы үшін үш жүз мың доллар бөлінді де, Сириядағы гендерлік саясаттың дамуына ақша берілу қажет деп айтылды.
Жыл трагедиясы
"Мен қазақпын",- деп жүрген Денис Тен кісі қолынан қаза тапты.Әртүрлі тұжырымдар айтылса да, күмәні көп осы өлім жас пен кәрінің болашаққа деген сенімін шайқалтып кетті. Үлкен спортта мол мәселе бары танылды. Семейдегі көмір кенішіндегі әлем чемпионы қазасы да осыны айғақтады.
Жыл ақыны
Шын талант, қара сөзден сары уыз алған Тыныштықбек аға Әбдікәкімовтің Мемлекеттік сыйлық алғаны-сөздің сүбесіне, жыр сүйердің үлесіне берілген баға болды. Бұған қоса Астанадаға Ринат орамдары, Алаш зар күйіне қосылған боздаулы боз қайғыны қозғады.
Жыл Фениксі
Еуропадағы ұзақ ұйқыдағы, уақыттың қалың көрпесіне оранған Әкежан Қажыгелдин бүртүлі оянып, "Жаңа Қазақстан" атынан мәлімдеме жасады. Ұйқыдағы бүркітті, қай жапалақ үркітті...
Жыл Әртісі
Бұл даусыз Димаш. Басында микс, кейін икс дегендер үнсіз қалып, Ресей мойындай қол соқты. Біздегі конкурстардың түкке тұрмасын тағы дәлелдеді Димаш.
Жыл актрисасы
Алты жыл түсірілген "Айка" фильміндегі Самал Еслямова Каннды мойындатты. Біздегі "Кочевник", "Монғол" түсірілімдеріне кеткен қырауыр ақшаның обалын жоқтағандай Самал қыз ұлт киімімен әлемді таң жасады. Баянның "Баянын" ұялтып.
Жыл отставкасы
Президенттің ежелгі серігі, қызметтері қағазға симас Жақсыбеков зейнетке кетті. Балама қызметсіз. Соған қарағанда көмбе көріне бастағандай...
Жыл жол апаты
Астана көшесіндегі Олжас Сүлейменовтің немересінің өлімі, жыл соңында Алматыдағы дүнген авариясы-бұл мәселенің шектен шыққанын көрсетті. Тізгінсіз кеткен мажорлар-ажал болып жүйіткуде... Бұл біз көрген ит жылы. Жаңа Жылдарыңызбен!
Серік Елікбай,Кереку