Бірнеше жылдан бері «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы негізінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы даярланып, жүзеге асырылып келеді (Ұлттық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі // Егемен Қазақстан. 2018. 28 қараша).
Аталмыш жобаның орындалу мерзімі жеті жыл уақыт аралығын қамтиды. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ҚР Орталық мемелекеттік архиві де өзіндік үлесін қосуда. Архив қызметкерлері өзге мекемелердегі әріптестерімен тығыс байланыста жұмыс жүргізуде. Өйткені алыс-жақын шет ел архивтері мен кітапханаларынан жинақталған деректер мен құнды материалдар бірін-бірі қайталамауы тиіс. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланыста мынандай ортақ мақсатта жүргізіліп келеді: Ұлт тарихына қатысты алыс-жақын шетел архивтеріндегі құжаттарды, осы уақытқа дейін өзге елдің мекемелерінде тасада қалып кеткен тарихи жәдігерлерімізді жинақтап, ғылыми айналымға қосу, қазақ тарихының «ақтаңдақ» парақтарын толықтыру, көпшілік назарына ұсыну.
Шынтуайтына келгенде бұл мәселе өткен XX ғасырдың 30–60-шы жылдары да көтеріліп, бірақ кеңестік идеология мен кертартпа саясаттың әсерінен ресейлік және шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты құнды құжаттарды қайтару немесе көшірмесін алу жұмыстары тоқтатылған болатын.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы бағыттағы маңызды іс-шаралар жаңа арнада жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, 2004–2014 жж. «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалар аясында алыс-жақын шетел архивтерінен, ғылыми мекемелері мен кітапханаларынан ұлт тарихына қатысты құжаттарды іздестіру, көшірмелерін алу, ғылыми айналымға енгізу жұмыстары өз жалғасын тапты. Солардың заңды жалғасы болып саналатын «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» атты Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасын жүзеге асыру бойынша үйлестіру және әдістемелік жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік ұйымдармен, архивтермен, ЖОО-мен, ғылыми қауымдастықты жұмылдыра отырып, ұлттық тарихтың ашылмаған тұстарын ашуға мүмкіндік беретін отандық және халықаралық архивтердің құжаттары негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Ұлттық архив және Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы жанынан «Архив – 2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды.
Осы үйлестіру орталығының жұмысына белсене араласқан ҚР Орталық мемлекеттік архиві Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қолдауымен Ресей, Франция, Түркия, Белорусия, Қырғызстан және т.б. елдерде археографиялық экспедиция ұйымдастырды. Сондай топтың бірі, осы мақала авторлары Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласына жоспарланған мерзім аралығында - 2022 жылдың 11 мен 30 мамыры аралығында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, ҚР Ұлттық архив қорларына Бішкек қаласындағы орталық архивтерден (ОМА, ҚСҚ ОМА, Бішкек қалалық архиві, ҚР Жоғарғы соты) бұрын әкелініп өткізілген істер мен құжаттар тізімімен мұқият танысып, ол құжаттарды қайта қарастырмас үшін олардың тізімі жасалынды. Бірақ осы кезеңге дейін Қырғызстан архивтерінен құжаттар әкелінбегені анықталды. Археографиялық іссапарға мұқият дайындалдық.
Іссапар мақсатына сәйкес Бішкек қаласындағы орталық мемлекеттік архивтерден төмендегідей бағыттар бойынша құжаттар мен материалдар жинақталды:
- XVIII-XIX ғасыр бойындағы Жетісу өңіріндегі Ресей отарлау саясатының кеңінен етек жаюына негіз болған әртүрлі экспедициялардың қорытындылары мен есептері, Қоқан хандығымен қарым қатынастар;
- 1884-1916 жж. Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Ыстықкөл, Шу ошақтары және осы Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының ара қатынасы;
- «Сырдария облысы Әулие-Ата уезі бастығының басқармасы (Әулиеата қаласы) 1868-1917 жж.» қорынан Ұлы жүзге қатысты Ошақты, Сиқым, Шымыр, Қоралас т.б. болыстықтардың басқарушылары мен ауыл старшиналарын қаржыландыру жөніндегі сайлау парақтары мен үкімдердің көшірмесі;
- 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және 1850-1921 жылдардағы Жетісу өңірінің Ресейге қосылуы (1920 ж. 30 қаңтар -1921 ж. 3 ақпан);
- Жетісу аумағындағы ұзаққа созылған отарлау саясаты барысындағы сұлтандардың өзара қарым-қатынасы, олардың патшалыққа билікке қызмет етуі мен қарсылығы, ұлт-азаттық көтерілістердің барысы туралы есептер мен мәліметтер (1884-1916 жж.);
- Қырғыз АССР-нің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары Кеңестерінің орталық атқару комитеті (ОАК) жұмысы, қаулылары, шешімдері мен жеке құрам бойынша бұйрықтар (1915-1919);
- Бүкілодақтық атқару комитетінің (БОАК) Қазақ және Қырғыз Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараларды нақтылау туралы бірінші кеңесінің хаттамасы. Қырғыз АКСР-і мен Өзбек АКСР-і арасындағы аумақтық дауларға қатысты КСРО ОАК хатшылығы отырысының №36 хаттамасынан үзінді және оған қатысты материалдар (1926-1932);...
- Қырғыз және Қазақ АКСР арасындағы шекараларды нақтылау жөніндегі материалдар (3 қаңтар-30 желтоқсан 1928);
- 1920-34 жж. ашаршылық жылдары Қырғыз АКСР аумағында көшіп келген, босқын қазақ-көшпелілері, босқындары туралы материалдар мен мәліметтер (1926-1934 жж.);
- Жетісу революциялық комитетінің бұйрықтары, ерекше комиссияның баяндамасы, қазақ босқындарды орналастыру туралы мәлімдемелер мен хат алмасулар. 1-б. (1920 ж. 30 қаңтар-1921 ж. 3 ақпан);
- Түркреспубликасы ХКК, ОАК Жетісу облысындағы қазақ босқындарды орналастыру жөніндегі арнайы комиссиясының және уездік ревәскери комитетінің бұйрықтары. Одақтың хаттамалары. Әскерге жұмылдырылғандарды (мобилизацияланғандар) жабдықтау туралы Азық-түлік бөлімімен алмасқан хаттары (1917-1924);
- Жетісу облыстық атқару комитетінің, уездік, қалалық ревкомның, аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның ауыл шаруашылығы саласынан таза мал шаруашылықтарын босату, ашаршылық зардаптарын жою, қалалардың санитарлық жай-күйі туралы, қоғамдарды тіркеу тәртібі және олардың съездерін шақыруға рұқсат беру туралы қаулылары, циркулярлары, нұсқаулықтары, өкімдері. Реформа жүргізу бойынша алмасқан хаттарының көшірмесі алынды. (1923 ж. 24 қаңтар-1923 ж. 29 желтоқсан);
- ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ-қырғыз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірі, алғашқы қазақ кеңестік республикасының құрылуына қатысты құжаттар, мемлекет қайраткерлері туралы;
- Ұлт тарихындағы ірі тарихи құбылыс болып табылатын «Алаш» қозғалысы және оның қазақ-қырғыз қайраткерлеріне қатысты да тың мәліметтер жинақталды.
Төленова Зирабүбі Маймаққызы, ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты
Аширова Анар Жошыбекқызы, архивтер және жеке тектік тарихи-құжаттық коллекциялармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы