"Билеттерінің қымбаттығын айтып аузымыз талды": Экс-депутат "Эйр Астананы" қатаң сынға алды

3902
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мәжілісінің экс-депутаты Омархан Өксікбаев "Эйр Астана" әуе компаниясын қатаң сынға алды.Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, “Эйр Астанаға” ешкімнің азуы батып, бақылай алмай отыр.

"Әділ Қазақстан демекші, біз әр істе әділдік жеңгенін қалаймыз. Алайда сол әділдіктің аулы толық көрінбей тұр. Бүгін айтпақшым бізді оңды солды алдап-арбап, өкілетті органдарымыздың шалалығын пайдаланып, кенедей халқымыздың қалтасын қағып жатқан алпауыт компаниялар туралы. Соның бірі - Эйр Астана компаниясы. Билеттерінің қымбаттығын айтып аузымыз талды, таңдайымыз кепті. 2006 жылы мен Есеп комитетін басқарып отырғанда осы компанияны тексеріп көптеген былықтардың бетін ашып едік, тек біздің ұсыныстан кейін компания бірінші самолеттерін алуды бастап еді. Содан кейін бұл алпауытқа ешкімнің азуы батып бақылау жасаған емес.

Бәрімізге белгілі монополияға қарсы күрес агенттігін тексеруге кіргізбей мазақ жасағаны. Міне осындай біздің атқарушы биліктің әлсіздігін пайдаланып аталмыш компания енді халқымыздан көрсетпеген қызметі үшінде ақы алуды міне бес жылға жуық уақыт жалғастырып келеді. Сөйтіп миллиардтаған заңсыз табыс табуда”,- деді депутат.

Сондай-ақ, ол билет құнының шарықтауы туралы да сөз қозғай өтті.

“Менің айтып отырғаным компанияның самолеттің эконом кластағы алдыңғы үш қатар орынды қосымша ақы үшін сатуы. Әр осы орындар үшін олар 6000-нан 15000 теңгеге дейін билеттің құнынан тысқары ақы алып отыр. Мейлі, алсын делік, бірақ сол қаржыға көрсететін қызметі болуы керек қой! Ал ол жоқ, сол орында отырғандарға басқа экономкласта отырғандармен тең қызмет көрсетіледі. Қосымша қызмет болмаса қосымша ақы алу заңсыз деп білемін! Тиісті құзырлы органдар осы мәселені тексеріп, халықты қанауды тоқтатуы керек. Білемін кейбір қорғаштар шығады: “нарық заңы бойынша сұраныс болған соң солай істеп отыр” деп. Өкілетті орган бұл компанияның монополды екенін ұмытпағаны дұрыс!", - деді мәжіліс депутаты.

Пікірлер