“Бейбіт күннің батыры!”. Қазақ жігіті көптің жүрегі дауалай бермейтін ерлік жасады

2500
Adyrna.kz Telegram

Арқаның арыстан жүректі азаматы қақаған қыста суға батқан бірнеше адамды қиындықтан тайсалмай, көзсіз ерлікпен құтқарып қалды. Оның шарболат рухты болмысына бас иіп, батасын беріп жатқандардың қарасы қалың. Қасымызда жүрген қаһарман Оразалының айрықша хикаясын журналист Нұрлыхан Қалқаман көпшілікке паш етті. Бұл жайлы “Адырна” ұлттық порталы хабарлайды.

Журналист Нұрлыхан Қалқаман жол-сапарда болған жарқын ерлік пен өрлік оқиғасын төмендегідей суреттейді:

- Мына жігіт бүгін көптің қолынан келмейтін ерлік жасады. Ызғары бет қаратпайтын қақаған аязды мұздай суға үш рет сүңгіп, бірнеше адамды тура келген ажалдан арашалап қалған. Оқиға былай болған ғой, таңертең бір топ адам таксимен Ғабиден Мұстафин ауылына қарай жолға шығады. Көлікте аяғы ауыр келіншек, бес жастағы қыз және әлі төстен шықпаған нәресте болған. Айналма жолдың сапасы тым төмен. Жұрт қыс түскенде Нұра өзенінің үстімен тура жүруді әдетке айналдырғалы қай заман. Таксидің шопыры да сол әдетке салып, мұзға шығады. Бірақ, жол ортасына келгенде мұз шытынап, көлік суға кеткен. Сол кезде алдыңғы орында отырған Оразалы Асылханов дереу қауіпсіздік белбеуін шешіп, аяғы ауыр келіншекті құтқарып қалады. Артынша қайыра суға сүңгіп, екінші келіншекті алып шығады. Кейін үшінші рет мұздай суға сүңгіп, сәби мен бес жастағы қызды жағалауға жеткізіп, есінен танып қалған қызға алғашқы көмекті де көрсеткен.

Кейіннен журналист Отаны үшін отқа түсіп, үлкен шаңырағының амандығы үшін шоқ басуға даяр азаматтың бұған дейінгі ерлігін баян етеді:

- Оразалының ерлігі бұл ғана емес. Анасының айтуынша, жазда Нұраға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалыпты. Өзі әскерден қайтқалы көп бола қоймапты. Құтқару қызметіне жұмысқа тұрғысы келіп, орналаса алмай жүр екен... Осындай жігіттер баратын-ақ жер ғой, шіркін...

Қалың оқырман Оразалының жолына жоқ бітпей, мерей-мәртебесігің үстем болуына тілектестік танытып жатыр. Халқы азаматтың діттеген мақсатына жетіп, сөзсіз, құтқару қызметінің маманы атанарына да сенімді.

Жазба соңында:

“Осындай жігітті тәрбиелеп отырған ата-анасына мың алғыс! Нағыз батыр осындай болады. Бақытты болсын, арманы орындалсын!”,

“Құтқару қызыметіне орналасуына лайық, батыл да батыр жігіт, аман жүр, айналайын!”,

“Отқа күймейтін, суға да батпайтын осындай Ер-жігіттер қазақта көп қой, шіркін. Әттең, оны бағалайтын мемлекет болмай тұр”,

“Қазақтың жігіттері - мықты! Кейбір қыздар соларды менсінбей, қазақша сөйлегенін ұнатпай шетке кетіп жатыр. Бір кем дүние деген осы” деп жазды тілеуқор оқырман қауым.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер