Cаясаттанушы, қазақ қоғамының ерекшеліктерін зерттеп жүрген сарапшы Самат Нұртаза ел күтпеген тақырыпты қозғап, қазақ халқының болмысына қатысты тосын пікір білдірді. Автордың пайымдауынша, қазақ адамды бақ-дәулетіне қарай алалайды, сондай-ақ қазіргі басқа келген бәленің көбі - кедейліктен. Жазба түйінінде саясаттанушы жарлы-жақыбайлы емес, жағдайлы болуға ұмтылуға шақырды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.
- Балаң кеудесін соғып, еңсесі биік болсын десең - ақша жи, байы. Қалғаны бос сөз. Бұл қазақ тек байды сыйлайды, бай туысқанын төрге шығарады, байға күлімсірейді, ал кедей туысынан қашады, кедей туысы звандаса трубка көтермейді, - деді саясаттанушы.
Автор, сонымен қатар, қоғамдағы келеңсіздіктердің бастауы кедейліктен екендігін ашып айтты. "Ақшадан басқа бұл өмірде бақыт жоқ" екендігін жеткізді. Мұны:
- Кедей - бақытсыз. Кедей өзін О’Дүниедегі “күтіп” тұрған рахатпен алдайды. Сіңірдің жұбанышы - Жұмақ. Ертең өліп кетсең де, бүгін ақша тауып кет. Ақшадан басқа бұл өмірде бақыт жоқ. Көпшілік олай айтпайды, себебі біздің қоғамда “ақша қолдың кірі” деген жалған түсінік бар. Он қазақтың тоғызында несие, несиені жоқшылықтан алды. Он қазақтың алтауы үйсіз, үй алатын ақшасы жоқ. Он қазақтың төртеуі дәл қазір ауырып жатыр. Емделейін десе ақша жоқ. Осының барлығын көріп отырып “ақша қолдың кірі” дейді …Тап-таза қазағым-ай, байысаңшы! - деп жазды автор.
Автордың жосын жазбасына пікір білдіргендер өте көп:
"Түстік өмірің болса, кештік мал жый" деген халық даналығы","Советтік билік "кім жаман, - бай жаман" дегенді санамызға сіңдіріп тастағаны сияқты","Тұп-тура осы кезеңнің шындығы. Осылай шындықты айтам деп кейбіреулерге жек көрнішті болған едім","Ақша қолдың кірі деп бәрі сол ақшаны таппай сандалып жүр емес пе Ақша - кір емес, бақ!","Бермесе де бай жақсы,Жемесең де май жақсы" деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы