"Шетелге қашып, Қазақ елін жамандаған қазақ - шіріген жұмыртқа" - жазушы Гүлмәрия Барманбекова

7641
Adyrna.kz Telegram
Қазақ телевизиясында көп жылдар өнімді еңбек еткен ардагер-журналист, қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан жазушы Гүлмәрия Барманбекова шетелге көшіп кетіп, Қазақ елін, тұтас қауымды қаралайтындарға сын айтты. Жазушы туған жер, өскен өңірін, ұлтын сүюге, мемлекетін гүлдендіруге ат салысуға шақырды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.
- Қазақстаннан қашқандар ғана емес, елімізді халықаралық қауымдастыққа жаманатты етіп көрсетуге жанын салып тырысып жүрген, шетелде өмір сүріп, сол елдің азаматы атанған қазақтар да бар. Бәрі емес, әрине, ішінара. Өзі тұрып жатқан елдегі түрлі БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде, Қазақстан билігі туралы жағымсыз ақпараттарды жаһанға жария етеді.
Ұрымтал, қысылтаяң шақта елдегі жоқ-жітіктерге итке сүйек лақтырғандай азын-аулақ көмек ұйымдастырып, өзінше қамқорси қалады. Осылайша қарапайым халықтың көзіне өзін керемет жанашыр етіп көрсету арқылы билік пен екі араға от салады. Мұндайды сабанның астынан су жіберіп қойып, сыртынан қызықтап отыратын зымияндық дейді, - деп тереңнен толғады автор.
Жазушы өз жазбасының жалғасында шетелге кеткендердің Отанына опасыздық істеген қарекетін сынға алып, айыптады. Қазақ елінің кемел келешегі мен зор болашағынан үмітті екендігін жеткізді.
- Иә, оның [жамандайтындардың] түрі кәдімгі қарадомалақ қазақ баласы. Бірақ жүрегі әлдеқашан бөтен деп соғатын болған. Ниеті түзу емес. Ойы арам. Жаны ашыған болып, өтірік көлгірсиді. Қарапайым халықтың білмегенін білдірген болып, білгірсиді. Ондайларды қазақ "шіріген жұмыртқа" деп қояды. Дамыған елде қарны тоқ, көйлегі көк, қайғысы жоқ, тұрып жатыр екен, өз жөнімен тұра берсе қайтеді екен? Қазақстанның қамын жеп, тірлігін күйттеу соларға қалып па? Оларсыз да қазақ елінің таңы атып, тауығы шақырған. Шақыра береді де!
Ұлты үшін сонша жаны күйеді екен, неге келмейді Қазақстанға? Неге еңбек сіңірмейді елге? Неге ұрпағын ұлтжанды етіп тәрбиелемейді? Неге елмен бірге у ішсе у ішіп, су ішсе су ішіп, ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңбайды? Сондай демократ, сондай парасатты екен, неге әділетті Қазақстанды бірге орнатпайды? Жоқ, оларға өздері тұрып жатқан елдегідей жоғары еңбекақы, керемет жағдай туғызу керек! Олай болмаса, елмен бірге қабырғасын қайыстырғысы келмейді. Өйте алмайды екен, айдалада отырып алып, ауздарына келгенді оттап, ел ішіне іріткі салғандарына жөн болсын!
Жаман ба, жақсы ма, бұл - біздің ел. Өзіміз таңдаған билігіміздің кемшілігі болса, өзіміз туралап аламыз. Өзге ел пысықайларының көмегінсіз-ақ, өз қотырымызды өзіміз қасып аламыз! Ешкім біздің басымызға жұмақ орнатпай-ақ қойсын! - деді Гүлмәрия Барманбекова.
Естеріңізге сала кетейік, автордың бұлай ой толғап, сын айтуына ютуб хостингіндегі  "Зубайда патриот" атты қолданушының Қазақстанға қатысты көзқарасы себеп болған.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер