Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі Астанада симфониялық музыка кешін ұйымдастырады

3514
Adyrna.kz Telegram

2022 жылдың 9 желтоқсанында, сағат 19:00-де Астана қаласының «QAZAQSTAN» орталық концерт залында тарихы бай, теңдесі жоқ ұжым  – Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің (ҚР МАСО) концерті өтеді.

Аталмыш гастрольдік концертті ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымымен бірлесе ұйымдастырып отыр.

    Концертке Еуропаның жетекші скрипкашысы, Мадридтегі «Katarina Gurska» жоғары музыка мектебінің профессоры, отандасымыз Ержан Кулибаев, сондай-ақ бүгінде халқымыздың ұлттық музыкалық өнерін дәріптеп, музыкалық саз аспаптарын әлемге танытып жүрген Қазақстанның ең танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қатысады. Концерттік шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтеді.

    Астаналық тыңдармандар назарына жауһар туындылар Я. Сибелиустің оркестр мен скрипкаға арналған ре минор концерті, С. Рахманиновтың екінші симфониясы мен композитор А. Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасы ұсынылатын болады. «Дала сыры» симфониялық поэмасында орган, скрипка, флейта, басқа да классикалық аспаптарының үні домбыра, дауылпаз, жетіген, қобыз, сыбызғымен жарасым табады. Қазақ даласының тарихын, ерлік пен өрлік, сабыр мен даналық философиясын елестететін шығарманы симфониялық оркестр «Тұран» ансамблімен бірігіп орындайды. Екі түрлі ұжымның, екі түрлі бағыттың синтезі тыңдармандарды керемет әсерге бөлейді.

    Айта кетейік, «Дала сыры» симфониялық поэмасының халықаралық премьерасы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттік оркестрімен Германияның бес қаласында, концерттік тур аясында өтті. Сондай-ақ поэма тек Еуропада ғана емес, Ресейдің Мариин театры мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында орындалып, тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. 

Т. Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі – 1938 жылы құрылған еліміздегі алғашқы симфониялық оркестр, Қазақстанның ең ірі әрі жетекші музыкалық ұжымы. Чехия, Польша, Германия, Австрия, Франция, Ұлыбритания, Америка, Түркия, Корея, Қытай елдерінің композиторларымен, көрнекті дирижерлерімен авторлық концерттік кездесулер ұйымдастырып, әлемдік деңгейдегі көптеген орындаушылармен бірге өнер көрсетуі оркестрдің жемісті жұмысының нәтижесі болып табылады.

1958 жылы оркестр Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының құрамына кіріп, бүгінде тыңдарман назарына симфониялық музыканы орындаудың ең үздік үлгілерін ұсынып келеді. 

    Қанат Омаров  – 2015 жылдан оркестрдің көркемдік жетекшісі жəне бас дирижері болып қызмет етеді. Қазақстанның халық артисі, профессор, отыз жылға жуық Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері болған Төлепберген Әбдірашевтен тәлім алып, лайықты деңгейде ізін жалғастырып келеді. Сонымен қатар, «Метрополитен» опера театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро – Фабио Луизиден тағылымдамадан өтіп, мамандығының қыр-сырын игерді. 

    Ол Carnegie Hall (Нью-Йорк), Kennedy Center (Вашингтон), Kitara Hall (Саппоро), Мариин театры (Санкт-Петербор) мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында өнер көрсетіп, қазақ дирижерлік мектебінің тұғырын әлемдік деңгейде мойындатып жүр.  

Ержан Кулибаев – Қазақстанды бүкіл әлемге танытып жүрген қазіргі заманның үздік скрипкашыларының бірі. Испаниядағы София патшайымның жоғары мектебінің түлегі, «Washington Award» сыйлығының иегері және Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген елдердегі халықаралық байқаулардың лауреаты. Бүгінде «Katarina Gurska» (Мадрид, Испания) жоғары музыка мектебінің профессоры. 

    «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблі  Қазақстандағы бірегей ұжымдардың бірі, бүкіл түркі әлемінің музыкалық бренді, қазақстандық музыка мәдениетінің інжу-маржаны болып саналады. Ол 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қабырғасында құрылған. Ансамбль ерекшеліктерінің бірі сыбызғы, сазсырнай, домбыра, қобыз, жетіген сияқты саз аспаптары мен көмеймен ән айту мәнерін өзара үндестіру арқылы көне сарынды заманауи тұрғыда қайта жаңғыртуды мақсат тұтуы.

    Көне аспаптар, ұлттық музыка және заманауи аранжировка – осы анықтама бойынша бүгінде «Тұран» ансамблі бүкіл әлемге танылып жүр. 

 

Пікірлер