«Ғазизаның сырлы әлемі» атты мерейтойлық-шығармашылық кеші өтті

2539
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат»  ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиеваның  70  жасқа толу мерейтойына  арналған «Ғазизаның сырлы әлемі» атты мерейтойлық-шығармашылық  кеші  өтті.

Балалық шақтың естеліктерін баяндаудан басталған сырлы кеште жылылық пен мейірімнің, сұлулық пен парасаттылықтың, талант пен еңбекқорлықтың эталоны Ғазиза Әбдінәбиева сахнада сәнімен, еркелігімен өз көрерменіне есеп бергендей. «Ғазизаның сырлы әлеміне» артистің әріптестері, өнердегі аға-әпкелері, шәкірттері және өзге де өнерсүйер қауым жиналды.

«Сонау Сырдарияның жағасында жалаңаяқ жүгіріп жүргенім ойға оралады. Әке-шешемнің санама құйған сәулесі, көңіл түкпірінде қалған әдемі әсерлер өмір бойы алға жетелеп келеді. Бұл да менің бақытты сәттерім шығар», – дейді мерейтой иесі. Сондай-ақ, өзі айтқан, өнер адамына керек – адалдық пен тазалықтың да иесі – өзі. Өзінің режиссерін тапқан, биігін бағындырған, өз деңгейін аласартпаған  актер –  бақытты.

70 жас – 70 асу емес пе?!. Асулар мен белдерден өтіп, өз шығармашылығына есеп берген актриса  Республикалық  және  Халықаралық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте жүлдегері, көрермен қауымға рөлдерінің шынайылығы арқылы танылған, театр сахнасында әлемдік классика мен заманауи драматургияда 50-ден астам образдарды сомдаған.

Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институты, театр факультетінің актер бөлімін бітіргеннен кейін, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрынан еңбек жолын бастаған өнер иесі – 1993 жылдан бүгінгі күнге дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында талмай еңбек етіп келеді. Ширек ғасыр ғұмырын Әкемтеатрына арнаған актриса сахнадағы әрбір рөлдері арқылы көпшіліктің көңіліне жылу ұялатады.


 

Гүлім РЫСҚҰЛ

Пікірлер