"Алматы әкімдігі менің туындыма қол салып, рұқсатсыз көшірді" - жас суретші Иманғали Еркеғали

3725
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" порталына жас суретшінің өз идеясы мен еңбегінің қаз-қалпында қолды болғанына ашынып жазған хаты келіп түсті.  Оның Талдықорған қаласындағы көпқабатты үй қабырғасына бедерлеген кескіндемесі (муралының) ұрланған. Муралдың эскизі Алматы қаласындағы үйлердің бірінде рұқсатсыз көшірліп, боялған. Суретшінің шағымына әкімдік те, құзырлы органдар да мандыртып жауап бермей отыр.    

Қажыр-қайрат пен ыждағаттылықты, шығармашылық көркемдікті қажет ететін туындыны автор ойында жаңғыртып, мереке күніне орай жарыққа шығарады. Алайда кейіннен өз туындысының айна-қатесіз көшірмесімен өзі Алматы қаласында жолығады.

"Мен - Иманғали Еркеғали. Сіздерге өз туындымның рұқсатсыз ұрланғаны бойынша хат жолдап отырмын. Менің безендірген муралым 2021 жылы Талдықорған қаласында "Құтқарушылар күніне" орайластырып салынған еді.

Бүгінде айна-қатесіз дәл сондай мурал Алматы қаласындағы көпқабатты үйлердің біріне салыныпты. Муралды "көшіріп басу" Алматы әкімдігінің тапсырмасы бойынша жүзеге асқан. Бұл Талдықорған қаласында арнайы тапсырыспен салынған менің жұмысым, оны ескертпестен рұқсатсыз қолданып отыр.

Ерекше муралдың (граффитидің) нобайы Талдықорған ТЖ департаментінде жұмыс істейтін кейіпкермен жеке келісім-шарт бойынша жасалды. Суреттегі кішкене қыз да біздің қаламыздың тұрғыны. Эскиз, яғни туындының нобайын жасау кезінде біз фотосессия жүргіздік. Дизайнер арнайы эскиз сызды.

Көп еңбек пен уақыт сарп еттік. Бірақ "көшіргіштер"  менен де, мурал кейіпкерлерінен де рұқсат сұрамады. Осы эскизді менің келісімімсіз пайдаланған адамдарға қатысты шаралар қабылдауыңызды сұраймын",  - деп жазылған хатта.

Дәл қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімі Ерболат Аскарбекұлына сұраныс хат жолданды. Тұтас үрдісті "Адырна" ұлттық порталы бақылауында ұстайтын болады.

Қосымша ақпарат: Автор қабырға суретінің қай уақытта салынғанын айғақтайтын фото-cкрин да жолдады.  17 қазан. 2021 жыл. 

Алматы қаласындағы көшірме мурал:

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер