"Алекс Лесли біздің елге еш кіре алмайды" - кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров

6701
Adyrna.kz Telegram

Ары мен ұятын ысырып қойып, қара басы мен карабайыр құлқынының құлына айналған ресейлік Алекс Лесли біздің елге кіре алмайды. Оның бұлай тыпыршып жүргендегі бар әрекеті - елді дүрліктіріп, ешкім оқымайтын кітабын сату ғана. Алекс Леслидің қазақ топырағына аяғын аттап баса алмайтынды жайлы кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров пікір білдірді. Спортшы бұл турасында өзінің видео-үндеуінде жеткізді.

-  Ер-намысты жігіттеріміз көп. Қазақ қызының намысын аяққа таптатып, қараптан қарап отырмаймыз. Әр қазақтың қызын қорғаймыз. Мына Алекстің істеп жүрген тірлігі жүректі ауыртады. Әр қазақтың жігіттері намысшыл екендігін көрсетіп жатыр. Әуежаймен хабарластық. Біздің жерге ұшып келсе де, депорт жасалады. Ол өзінің кітабын сату үшін хайп жасап жатыр. Видеоларында Алматыға ұшып келдім деді де, кітабының сілтемелерін қойып қойды. Дүрлігуге негіз жоқ... Қазақтың жігіттері жасай берсін, қыздарымыз, намысты болайық. Бәрі орнында, - деді спорт саңлағы.

Алекс Лесли өзінің даулы бейнежазбасында Қазақстанға келіп, қазақ қыздарын төсек қатынасына тартудың түрлі тәсілін үйрететінін ашық айтқан еді.

Бір айта кетерлігі, соңғы кездері ресейліктердің қазақ есебінен атын шығарып, айтаққа еруі - қалыпты жағдайға айналды. Олардың мұндай қарабайыр әрекеті, керісінше, қазақтың басын біріктіріп, күш алуына, тілін құрметтеп,  ділін сақтауына ықпал етіп жатыр. Ресейлік белсенділердің басына қазақты қараламаса, қазақтың арасына келіп, концерт өткізбесе, "күнін де көре алмайтын" мүшкіл күн туғандай.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер