Әлем өзеріп жатқанда қоғамымыз өзгермесе, тарихтың шаңына көміліп қалады. Біреудің жетегінде жүріп күнелтудің келешегі күңгірт екенін уақыт көрсетті. Ендеше тілші мамандығының іргесін бекітіп, бүгінін бағдарлап, келешегін кемелді ететін кез әлдеқашан келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұллттық университетінің Журналистика факультетінде өткен дөңгелек үстелде ғалымдар осындай ой айтты. Неге?
Себебі, сонау 2010-2011 жылдардан бермен қарай, Журналистика мамандығын оқытатын факультеттердің көптігі, олардың санын азайту арқылы сапасын көтеру сөз болып келеді. Біздің ойымызша, санын азайту арқылы сапасын көтеру - диалектиканың заңына қайшы. Керісінше диалектиканың сан сапаға айналады деген өз заңдылығы бар. Сондықтан, елде сыни ойлай білетін адамның, талдай білетін маманның көптігі жақсы емес пе?
Сол көпке бағдарлы білім беруді, оқыту әдістемесін түзейтін ойды ойлаған абзал. Ал журналистиканы бітірген түлектердің мамандық бойынша қызмет етуі, болмаса басқа салаға ауысып кетуі басқа мәселе.
Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» сайлауалды тұғырнамасын талқылауға жиналған ғалымдар оқу орнының ішіндегі тілшілерді дайындайтын бөлімнің болашағын неге сөз етті?. Өйткені, елдің кемелденуін, әлеуметтің әлауқатын қоғам назарына ұсынып отыру - сол тілшілер қауымының міндеті.
Міндетті мінсіз атқару үшін терең білім керек екені анық. Алайда санын азайту, қысқарту арқылы сапаны көтереміз деу қаншалықты қисынды. Біздің еліміздің экономикасының өндірістік қуатының дамымауы, шикізат азба байлықты терең өңдемей экспорттау, әлеуметтік жағдайдың оңалмауына халық санының аз болуы себеп десек қисынға келе ме? Жоқ, келмейді. Бұл өнеркәсіптік экономиканың дұрыс жолға қойылмауы, іс өнерінің, іскерліктің басында жалтақ басшылардың отыруы, жағымпаздықтың, жалған есеп берудің салдарынан туындаған жағдай.
Ауылшаруашылығы құрдымға кеткеннен кейін амалсыз қалаға ағылған адамдарға арналған іргелі жұмыс орындарының ашылмауы, оларды қайта оқытып, жатақханамен, баспанамен қамтамасыз етпеудің әсерінен туындады. «Ауылшаруашылығын құрдымға кетті» деп неге айтып отырмыз. Жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды ала отырып, сол жерде егін егіп, мал бағып, басқа да ауылдық жерде дөңгелетуге болатын шаруаларды ілгерілете алмаған ауыл тұрғындары игілікті ойлап, қалаға көшті. Есесіне қалалық жерлерде баспана мәселесі бүгінге дейін күрмеуі тарқатылмаған тақырып болып қалды.
Басылымдардан, телеарналардан сан саланың ғалымдары мен мамандары туралы ақпараттар легі тұрақты көрсетілмей, ауылдағы тұрмыс көрінбей, әншілер, әртістер туралы бағдарлама көп болғаннан кейін сол өнімді көріп, сіңіріп өскен жастардың жаңа толқыны әнші, әртіс болғысы келеді. Бұл көзге көрінбесе де, бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Ақпараттық құралдар арқылы таратылып, қалыптасып жататын ой құндылықтары. Содан қоғамда ақпараттық-техникалық, өндіріске қажетті мамандықтарға барып жатқандар сирек. Ірі өндіріс орындарын салу үшін әуелі соған қажетті мықты мамандардың шоңырын қалыптастыру қажет.
Мемлекет басшысы елімізде осындай мәселелердің қордаланып қалғанын айтты. Халыққа мүмкіндіктер беретін және өркениетті елді бірге құруға шақырды. Ол: «Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Шындығын айтқанда, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі мәселе қордаланып, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі арта түсті. Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейді, ұлттың жасампаздық мүмкіндіктерін шектейді.
Сондықтан мемлекеттік саясатымызда әділеттілік идеясы ең маңызды болуы тиіс. Біздің бүкіл ұлттық идеологиямыз Әділет идеясымен сіңетін болады. Біз қабылдаған әрбір шешімнің, әрбір әрекетіміздің негізінде әділдік идеясы болады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестікте артықшылығымыз – адамдар. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуланы берік ұстанатын боламыз. Әділ Қазақстанды құру үшін біз өзара байланысты үш қағидаға негізделген жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз», - деді. Сондықтан, бұл мақсат әрбір отандасымыздың мақсаты болу керек.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің аға оқытушысы,
әлеуметтік ғылымдарының магистрі