Дұрыс қарым-қатынас

7091
Adyrna.kz Telegram

Бауыржан ОМАРҰЛЫНА

Сабақтан келсем, үй-іші Алматыдан жайсыз хабар алып отыр екен. Меңдекеш нағашым қапияда қазаға ұшырапты.

Өз ата туысымды білмедім, ал жазу өнері маған нағашы тегімнен ауысқандай болады да тұрады. Меңдекеш пен оған немере (екі-үш атадан қосылады) апам өкілі болып саналатын жеменей адайдың алдасай тақтасының атына шыққан Адырналы Алдасай заманында аңызға айналған адам екен. Айтқаны болмаса, ешкімге қайрылмай, тау- тасты кезіп, арқар қуып, кісі киікке айналып, алапат қайсарлығымен даңды болған саяқ ер. Аңшыбай, Қамбар сияқты аңшы-батырлардың образы. Жайдан-жай сырторай кетпеген - қалмаққа жорықта олжаға түскен алғыншысы Ақсұқсыр сұлудың асқар тауды меңзейтін ашық мінезі күзгі бақтай томсарған мінезіне жақпай, бір күні талақ айтып, құладүзге тартып отырыпты. Іште баласы қалған екен. Одан тараған алдасайлар Ақсұқсыр соңыра әмеңгерлік жолмен тиген қайнысы Шылымнан туған Ақботаның саясында өскен аз тұқым. Атақоныстары Жемнің ортаңғы ағысындағы Ақкиізтоғай маңы.

Меңдекеш Сатыбалдиевтің тұқым-тұқиянын тектеп, таратып жазып отыратын жер бұл жер болмас. Әйтеуір, аңғарғаным, Алдекеңнің мінез-құлық жұғыны ұрпақтарының бойында сілем болып, нышан тастап тұратыны. Меңдекеш ақын бір хатында " Менің ең жақын туыстарым Жолболды, Сайым" дейді ғой. Осындағы Жолболды деген кісінің атын бала кезімде көп еститінмін. "Жолболды құсаған бақа болғыр!" деп ұрсатын мені апам. Сөйтсем, Жолболды тағашым да көп жиналған жерге жоламай, ылғи саяқтау жүреді екен. Мен сияқты. Немесе мен ол сияқтымын : қарсы келген үлкенге басымды көтеріп сәлем беру дегенді білмеймін. Кісі сыйламайтын кісәпірлігімнен емес, "жеті жасырым жерге бүгіліп" ұяламын. Бір кертартпа күш адамға, көпке жақындатпайды. "Жас кезімде мен өте ұялшақ, именшек болдым. Көп адамның мені жақсы көрген дарқан қасиетін пайдалана алмадым" дейтіні бар ғой Қадекеңнің ( Қадыр Мырзалиевтың), менікі дәл сол мінез. Саяқ деуге келмес, саяқ деп өз алдына бөлек жайылатын, тусыған, бойдақ малды айтады ғой, біздікі - көпті тосырқағыш, сыртқары, сырторай жүрер мінез. Бүгінгі ғылым бабымен айтқанда, антрофобия.

Жо-жоқ, ілхәм келіп, шабыт ашылғанда бір кісідей әңгіме шертісуге бапандаймыз, бірақ дейінші, базбіреулер құсап адаммен одан әрі тонның ішкі бауындай араласып-құраласып кету бақыты бізге бұйырылмаған. Шақырысып, шұрқырасу деген жақсы нәрсе қонбаған. Меңдекеш те бала кезінен ұстамды, мінезге бай, көңілді кезінде болмаса басқа уақытта тұйық, көп сөйлемейді екен. Тұстастарының айтуынша, оңашада бірдеңе жазып отырғанда үстінен шықсаң, жалма-жан дәптерін жаба қоятын көрінеді. Жасырақ уағымда, енді қалам жасақтай бастағанымда мен де солай ететінмін. Нағашымды көре алмай қалдым ғой, көргенде бар ғой, өзімдегі бұдан басқа да мінез ерекшеліктерін, айталық, топты адаммен жолыққанымның соңында сілем құрып шаршайтынымды, кейде жұрттың ағыл- тегіл көңілін көтере алмай қалатынымды аяулы тағашымның да бойынан кездестірер ме едім, кім біледі.

Кейін байырқаласам, оның ақындығы журналистігін , эссешілдігін көптің көзінен көлегейлеп, көрсетпей тастағандай екен. Меңдекеш Сатыбалдиевтің жан-жақты жетілген жүйрік журналист болғанына жеңгеміз Рузия Әнесқызы құрастырған "Мөлдір аспан" дейтін очерктер мен шалқымалар жинағы дәлел. Менің де он екі жасымда журналистиканың жалына жармасқаным тегін болмаса керек. Бесінші кластан екпеттеп алып бірдеңе жазып жататынымнан және де екпеттеп ұйықтайтынымнан (қазақ ондай баланы ойшы болады деген екен ғой) дәме етті ме екен, әйтеуір тәтем мен апам Алматыдағы тілеуқор нағашы жұрты ертең мен оқу бітіріп, үлкен қаланың журфагіна барғанымда жел жағына пана болады деген зор үмітпен жүрсе керек, әйтеуір 1973-тің жазында "Меңдекеш өлді" деген хабарды алғанда екеуі қатты мойып қалды.

* * *

Араға үш жыл салып, оныншыны бітірген жазда апам мен тәтем мені КазГУ- дің журфагіне өздері алып келді. Сол кездегі "Дұрыс адам тумасын ұмыта ма?" деген ұғым бойынша Меңдекеш тағашымның үйіне түстік.

Көкбазардың жанындағы "Түркістан" дейтін қонақ үйдің үстіндегі пәтер. Үш бөлімді секция - қоржынбасты екі және бөлек үлкендеу бір бөлме. Ол күнде үлкені Ерболат сәулет-құрылыс институтында студент - сойып қаптап қойған әкесі, қоңыр қозы, шаш деген тасбұйра. Одан кейінгі Расул көбірек шешесіне тартып кеткен , мектепте, тоғыз оқиды. Ерболат естияр да бауырмал , Расул болса бөтен кісіге ит көрген ешкідей состиыңқырап қарайды -- бұ қан дегенді қойсайшы !

Меңкең де зады көпшіл, қонақшыл болмаса керек -- " Азырақ болып ортаңда , көңіліңде жүрсем көбірек " деп келетін жолы осы күнделікті өмірдегі кредосы болу керек. Сөйте тұра , тағы бір жерде " Менің жарым болған сен , / Мен жоқта да қабылдай бер қонақты , / Қонағасың дәйім болсын қомақты" дейді ғой. Рузия жеңгей тегінде осы уәсиетті ұстанса керек, әйтеуір менің көзіме көпшіл, қоғамшылдау көрінді. Біз келгесін көп уақыт өтпей залда дастарқан жайылып, біраз адам келді. Өзім сырттай білетін , кітаптарын оқып жүретін зияли кісілер, есімде қалғаны - Фариза апай , Меңкеңнің жаншығар досы Қабиболла Сыдиқов пен Қабекең үйіндегі Гүлсім жеңгей.

Тәтем мен апам да отырыста - тастамай іштеріне алған. Мен болсам нағашымның кабинет-бөлмесіндемін. Біздің ауылдың сусындауына жететін кітапханасын армансыз қарап шықтым. Шамы сәмсіреген бөлмеде жанын келіге салып , қаламының ұшынан сәуле шашырап өлең жазған жетім үстелі... Аяқталмай қалған, жалғыздықпен дос қылған "Қызғыш құсының" парағы аударылған қолжазбасы... Кейін, "Өрден ойға балақ түріп, /Өзен неге тасиды екен ?/ Ойдан өрге қарап тұрып , /Адам неге жасиды екен..." дейтін шумағын оқығанымда жетпіс алтының жазындағы сол сурет, сол кабинет көз алдыма келді. Содан бермен Меңкең жайында тұстас , қаламдас , таланттастарының жазғандарын қалт жібермей оқып келемін ғой , Маржан ( Ершу) қарындасымыздың диссертациялық еңбегімен де кафедрада алғашқылардың бірі болып таныстым , солардың барлығына әлгі алғашқы әсерлерімді қосқанда түйілер түйін: құзғын да Қызыл кітапқа еніп алған заманда нағашым айқайламай шығатын Ай мен Күн сияқты, өлең-өмірін қақ-соқсыз, жария- жарнамасыз өткізген, атақ-мансаптың ауылына әдейілеп ат байламаған адам болыпты. Бұл жайды "Мен даңққа жақындаман бір табан , / Әнім артық еш даңқсыз шырқаған" деп өзі де айтады. Сол сияқты дүние тіршілігінде де жауласқанмен жұлыспай, дауласқанмен ұрыспай, ақ үй де тікпей, күркеге де кірмей, адымын байқап ашып, аяғын ықшам басып, бір сөзбен айтқанда, белортада біртоға тірлік кешіпті. Сыпайы-сынық мінез, тұйық, жабық, сезімшіл, адал - нағыз чеховтық бітім. " Адамның бір мінезі туған жеріне тартады " деген сөз негізінде рас болу керек , неге десеңіз, Тайыр Жароков та "Мүмкін бұл мықты мінім , / Мықтымын дей алмаймын . /Бәлкім ол мықтылығым , / Мықтымын дей алмаймын..." деп кеткен ғой.

Тосын антитеза-егіздеу : мықты мін. Ал шындығында, шын өмірде мықты бола тұрып мықтымын демеу - мықтылық па, мықты мін бе? Күрес-өмірде алға ұмсынбау, кимелемеу қаншалықты дұрыс? "Қазақтың ақылдылары қарапайым. Соларға аздап тасырлық берсе қазақ жақсарып кетер еді,"- деп неге жазған Ілияс Омаров. Ақындық қан қызуы алапат анадай талантымен ұлттық танымалдылыққа жете алмай қалған , шашырандылау өмір сүрген, сөйтіп өз тағдырларына өздері жолбасшылық жасаған меңдекештерді меңзегені ме? Меңкең небәрі үш мүшел жасады ғой, әгәрки ғұмыр жасы ұзақтау берілгенде "Өзім бір өз боп өтпесем, өлеңге беріп өзімше өң" тұжырымының ағала туын қайта қарар ма еді, әлде...

*. *. *

-- Журфакқа түсу үшін талант керек қой ...

Рузия Әнесқызының көкинәнің жақтау тақтайына сүйеніп тұрып Мақсат Әнесұлына бағыттаған сөзі ғой. Қалада бізге бас асып қойған кім бар дейсің - кеше қонақтан қалған жылытпаны ішіп отырғам. Тамақ жеп болған соң ыдысты жалап қоятын әдетім бар-ды. Мына жерде онымды жасамадым. Қала ғой... Сосын жеңешемнің әлгі сөзі ой салды білем. Шығармашылық конкурсқа міндетті мақалаларым азаңдау болып қалып, тәтемнің аудандық "Мұнайшы" газетіне, Тәжмағамбет Текеевтің өзіне кіріп, біреулердің шығып бара жатқан қиқым- сиқым хабарларының соңына фамилиямды мінгестіріп, қара көбейткені есіме түсті.

Бірнеше күннен кейін тәтем мен апам "Иә , құдай , балаға оң жолыңды бере гөр" деп, елге қайтып кетті. Мен жатақханаға шықтым. Бірақ ол жылы түсе алмадым, келер жылы да жолым болмады, ақыры журфактың есігі үшінші тықылдатқанымда барып әрең ашылды. Оқуды бітіріп, журналистік, одан жазушылық жолға түстім, азды-көпті кітаптарым шықты. Дәме еткен жерінен көрінгенімді дәлелдеп, Рузия жеңгеме төбе көрсетер жерім еді. Бара алмадым.

Соңыра, белгілі ақынның немере қызына үйленген Ерболаттың отбасылық өмірде жолы болмай, ақыры қайтыс болып кеткенін естідім. Бара алмадым.

Одан кейін Рузия жеңгейдің өзі де бақилық болды. Бара алмадым.

Қаратастың қалауын табатын , адамдардан жылы сөзін аямайтын, адам мен адамның табысуын ұзаққа ұстап тұруды өнер дәрежесіне көтерген Бауыржан інімнің жазғандарын оқып отырғанда басқа келетін ой ғой...

15 - 16. 11. 2022
Қаскелең шатқалы, Сарқора

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Пікірлер