Жыл сайын өңірлерде кемінде мыңнан астам мектеп жаңғыртылады – Тоқаев бағдарламасы

2160
Adyrna.kz Telegram

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Шымкент қаласының жұртшылығымен, жас ғалымдармен және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді.

Ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен және белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесуде кандидаттың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.

Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов атап өткендей, бағдарламада білім беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр.

«Әділетті Қазақстанды құрудың негізінде ағартушылық құндылықтар жатыр. Елімізде барлық балалар тұрғылықты жері мен оқу тіліне қарамастан, іргелі білімге және жайлы білім беру инфрақұрылымына теңдей қол жеткізе алады. Алдағы 7 жылда оқуға қолайлы жағдайы бар 1,5 миллион оқушы орны ашылады. Жыл сайын шағын қала, аудан орталығы мен ауылдарда кемінде мыңнан астам мектеп заман талабына сай жаңартылатын болады», - деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, робототехника, химия, биология және физика пәндеріне арналған кемінде 7000 заманауи кабинет ашылады. Балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашылады, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері сынды кемінде 100 жаңа ірі нысан салынады.

Жас ғалымдар мен өнертапқыштармен әңгіме барысында Тоқаевтың жақтастары ғылымды қолдау мәселесін қозғады. Мәселен, сайлауалды бағдарламада қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Гранттар бөлу арқылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасалады. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар құрылады.

Бұдан соң штаб мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдау және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері туралы айтылды.

Жалпы, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санының 4,7 миллионға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Кәсіпкерлердің өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруі және олардың еңбек жағдайларын жақсартуы бизнесті мемлекеттік қолдау шарттарының бірі болады.

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб Астана қаласы, Қонаев 12/1.

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.

 

Пікірлер