Тоқаев тапсырмасы: Алматыда жыл сайын 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады

2283
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы тұрғындарымен кездесу барысында денсаулық сақтау саласына тоқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қаладағы денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, мұндағы негізгі міндет – инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Ал, бұл алдымен тұрғындардың өміріне теріс әсер етеді. Яғни, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына, жедел жәрдемнің дер кезінде көмекке келуіне кедергі келтіреді,-деп кем-кетігін жіпке тізді Тоқаев.

Ендігіде әкімдік жаңа медициналық нысандар салып,  жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек. Бұл шаралар ана мен бала өлімін азайтып, азаматтардың ауыр дерттен сақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек жүйесін дамыту аса маңызды.

Президент келесі жылы халықаралық деңгейдегі көпбейінді аурухана құрылысын бастау керектігін айтып, жобаны мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы жүзеге асырған жөн екенін жеткізді.

Қаланың қарқынды өсіп келе жатқан аудандарында перзентханасы бар ауруханалар салу қажет. Халықтың денсаулығын сақтау үшін науқастарды емдеумен қатар, аурудың алдын алу өте маңызды. Осы орайда, қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасаулуы тиіс.

«Қазіргі таңда алматылықтардың үштен бірі ғана дене шынықтырумен айналысады. Жалпы, дамыған қалаларда саламатты өмір салтының инфрақұрылымы деген ұғым бар. Алматының барлық аудандарында осындай инфрақұрылым салынуы керек. Қазір қаладағы спорт нысандары негізінен орталықта орналасқан. Шеттегі аудандарда мүлдем жетіспейді. Сондықтан, әкімдікке жыл сайын кемінде 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын»,-деді Мемлекет басшысы  баяндамасында.

 

Пікірлер