Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді. Іс-сапары барысында ол қала халқымен кездесу өтткізіп, аймақтағы түйіткілді мәселелерді айшықтап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кездесу кезінде Президент Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы төңірегінде ой өрбітті. Тоқаев алып қаланың бірқатар ауданында орталықтан берілетін су жоқтығын алға тартты. Айтуынша, әлі күнге Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді екен. Осыны ескерген Президент қала әкімдігіне 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырды.
«Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды»,- деді Мемлекет басшысы.
Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, деген Президент Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын еске салды.
«Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі»,-деді өз сөзінде Тоқаев.