"Бос уәде бермеймін": Мейрам Қажыкен "АрселорМиттал" қызметкерлерімен кездесті

1829
Adyrna.kz Telegram

Президентікке үміткер Мейрам Қажыкен Қарағанды облысына барып, "АрселорМиттал" қызметкерлерімен кездесті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Аймаққа келуіне 3 қарашада шахтада орын алған қайғылы оқиға себеп болды.

Компания шахталарында қайғылы жағдайлардың жиі кездесуі үміткерді алаңдатады. Теміртауда ол "АрселорМиттал" қызметкерлерімен кездесіп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Көптеген адамдар шағымдардың жылдан жылға қағаз жүзінде қалатынына, ал билік пен басшылық жұмысшылардың мүдделерін қорғау үшін шаралар қабылдамайтынына ашынады.

Мейрам Қажыкен қазіргі жағдайда жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін мүмкіндігінше тезірек шешім қабылдау керек екенін айтты. Ол бір кездері "Арселормитталға" тиесілі неміс компанияларының біріне барғанын тілге тиек етті.

"Лакшми Миттал компанияны алған кезде, оны жаңғырту үшін алды. Мен оның Германиядағы кәсіпорнында болдым-ол жерде бәрі дамыған. Өйткені онда заңдар қатаң және тәуелсіз кәсіподақтар жұмыс істейді. Жалақы туралы тіпті айтудың қажеті жоқ. Бұл жалақыны Миттал емес, компания басшылығымен келіссөздер кезінде кәсіподақтар белгілейді", - деді ол.

Соңында үміткер бос уәде бергісі келмейтінін айтты.

"Адамдардың көзіне қарап, уәде беріп, орындамағаннан кейін сізді қалай құрметтеуге болады? Бірақ мен істеймін. Бұл сөзсіз", - деп қорытындылады ол.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер