Шақалағын қолына алып "таксилеткен" анаға жұртшылық қомақты қаржы жинап берді

2270
Adyrna.kz Telegram

Бір қолымен көлікті тізгіндеп, бір қолымен бесікті тербеткен қазақ әйелін халқы бақытқа бөледі. Өткенде ғана ақпарат айдынын дүр сілкіндірген еңбекқор анаға жұрт болып жиылып, ақшалай асарлатып, қазақстандықтар қомақты қаржы жинап берді. Ананың көзінен қуаныштың ыстық жасы ыршып, көпшілікке шексіз ризашылығын білдірді. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды. 

Қазнетте күнкөріс қамыман көлік пен бесікті қатар тізгіндеген ананың видеосы тараған еді. Баласын жол үстінде әлдилеген кейіпкердің әрекетіне бірі сүйсінсе, бірі таңырқады. Нәтижесінде, жомарт жандар кейіпкерге қол ұшын беріп, қаржылай қолдау көрсетті.  Халықтың бірі жансебіл жанның құрметі үшін 100 мың аударса, бірі соңғы 100 теңгесін жолдаған.

Қуаныштан жанарына жас алған жанның есімі - Әсел. Екі перзенті бар. Тұңғышы 12 жаста, құндақтаулы сәбиінің есімі - Медина. Бес айлық. Әсел қазір Астана қаласындағы жатақханалардың бірінде тұрып жатыр. Нәпақасы үшін көлік тізгіндейді, көпшілікпен қатар қоңыр тірлік кешеді. Ешкімді айыптамайды, ешкімге шағымданбайды.

"Алып та анадан туады", "Осындай қайсар қазақ әйелдеріне таң қаламын", "Ана деген - ұлылық. Біздің қоғамда кейде балаcын оқыту, тоқыту, жеткізу жалғыз анаға ғана жүктелетін секілді. Егер әкесі баласын қолына алып, осылай көлік жүргізсе, бәрі өре түрегелер еді. Аналарға шексіз алғыс", "Балаларын асырау  үшін тәуекелге бел буып отыр. Жол үстінде жүру - оңай емес. Өте қауіпті" деп жазды оқырмандар.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер