«Халық қатысатын бюжет»:  Алматыда 237 жоба қаржыландырылды

2296
Adyrna.kz Telegram

Азаматтарға қолайлы орта құру шеңберінде тұрғындардың талап-тілегін ескеру басты міндет. Бұл ретте  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты жетілдіре түсетін тағы бір реформасы – «Халық қатысатын бюджет» жобасының маңызы орасан, деп жазды «Адырна» тілшісі.

Биылғы жылы Алматы қаласында  «Халық қатысатын бюжет» бағдарламасы аясында 237 жоба қаржыландырылды. Осылайша, қаланың 8 бірдей ауданында жаңа скверлер мен ойын алаңдары салынып жатыр. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады дейді мамандар. Жоба іске қосылғалы тұрғындардың сұранысы бойынша қалада ұлттық стильдегі бірегей скейт, воркаут алаңдары, аллеялар және тағы басқа да спорт алаңқайлары жасалған.

Алатау ауданындағы бұл алаң өткен жылы ғана бос жатқан еді. Шөп-шалаң өсіп, қараусыз қалған. Ал қазір балалар мен аудан тұрғындарының игілігіне жарап тұр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ойын алаңдары салынып, айнала толық абаттандырылды.

«Жақсы салынған, баламызбен келіп серуендеп жүрміз. Халықтың сұрауымен пайдалы дүние салына берсе, көбейсе, қаламыз гүлденсе тұрғындар да риза болар еді»,– деді Алатау ауданының тұрғыны Нұрлан Шамалов.

Алатау ауданы бойынша жергілікті тұрғын тарапынан биыл 176 жобаға өтінім түскен. 36 жоба аудан жұртының дауыс беруі арқылы іріктелініп, мақұлданды. Құны – 1 млрд 800 мың теңге. Олардың қатарында аллеялар, воркаут алаңдары және тағы басқа да спорт алаңқайлары бар. Әкімдік өкілдері бағдарлама алдағы жылы да жалғасатынын айтып, көпшілікті қуантты.

«Алдағы 2023 жылы жобаны жалғастыру мақсатында 100-ден астам ұсыныс түсті. Қазір тұрғындардың дауыс беруі арқылы 26 жоба анықталып отыр. Келер жылы жүзеге асырылады», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.

Қалалық бағдарлама аясында тек жаңадан алаңқайлар ғана салынып қоймай, біраз жылдан бері жөнделмеген, қараусыз қалған аулаларға күрделі жұмыс та жасалады.

Дәл осы жобасы шеңберінде Жетісу ауданында 800 млн. теңгеге 23 жоба іске асты.

"Бұл жобалар Великолукская көшесінде жаңа қоғамдық кеңістік құруға мүмкіндік берді", - дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ осы кезеңде жаңа спорт алаңдары, оның ішінде Жангелдин және Ратушный көшелерінің бойындағы скверлерде 6 теннис және 6 шахмат үстелдері орнатылды.

Аталған жоба бойынша аудан тұрғындары 2023 жылға қоғамдық кеңістікті абаттандыру және көгалдандыру, балалар мен спорт алаңдарын жөндеу және орнату үшін 129 өтінім берді, оның ішінде 18 жоба алдын ала іріктелді.

Жалпы, бағдарлама шеңберінде  Аумақ абаттандырылып, жаңаша түрленеді. Бағдарламаның ерекшелігі сол – кез келген жұмыс басталмас бұрын, алдымен әр тұрғынның сұрауы ескеріледі, тілегі тыңдалады.

Пікірлер