"Ішіп жатыр, денсаулықтарын құртып жатыр" - Ұлт ақсақалы жастардың денсаулығына алаңдаулы

2000

Қазақтың кеніш көңілді қариясы, жез сақалды дариясы - Төрегелді Шарманов қазақ жастарының денсаулығына алаңдаушылық білдірді.  Ақылман ақсақалдың айтуынша, жастар пепси, кола, чипсы, гамбургер секілті өнімдерді тұтынуға әуес. Оның орнына ұлттық тағамдарымызды көптеп тұтынған дұрыс. Ақсақалдың ақылға қонымды пікірлерін "Адырна" ұлттық порталы жарыққа шығарды. 

Төрегелді Шарманов:

- Студенттеріміз пепси, кола, чипсы, гамбургер сияқты өнімдерін тұтынуға әуес. Осы тез пісетін өнімдерде көмірсутегі, трансмайлық қышқыл, газ өте көп. Бұл адам ағзасындағы пайдалы заттарды шығарып тастайды. Зияны шаш-етектен. Қарынның бос кеңістігін толтырғаннан өзге пайдасы бар деп айта алмаймын. Құрамы толып тұрған көмірсу ғой, қайдан пайдасы болсын? Олар семіздікке әкеледі, өзге де түрлі сырқаттарға душар етеді, - деп көпшілікті  аталмыш өнімдердің қауіп-қатерінен сақтандырды.

Сонымен қатар, сусындар мен көше тағамдарының зарарына қатысты маңызды түсінік беріп, оның салдарын сараптады.

"Ал жастар болса, тәттілігіне қызығып, дәміне сүйсініп ішіп жатыр. Ішіп жатыр – денсаулықтарын құртып жатыр. Бұл сусындар тік ішектегі, жатырдағы қатерлі ісікті тудырады. Ми жүйесінің қабылдағыштық қасиетін төмендетеді. Кальцийдің ағзаға сіңуіне кедергі келтіріп, сүйектердің бітуіне, жетілуіне кері әсер етеді. Кальций жетіспегендіктен остеопотроз сырқаты бел алып, сүйек сынғыш келеді. Балалар көп нәрсеге байыптап қарамайтыны белгілі, сондықтан бірінші кезекте, үлкендер оларға ұғындырып, зардаптарын түсіндіргені абзал" - деді ғалым.

Кезінде Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған әрі бүгінгі Тағамтану академиясының Президенті Төрегелді Шармановтың пайымдауынша, күнделікті тұрмысымызға ұлттық тағамдарымыздың дендеп енгені дұрыс. Бұл жайлы:

- Жастарымыз неше түрлі пицца, гамбургер сынды тез пісетін тағамдардан шыға алмай жатыр. Егер халқымыздың денсаулығын жақсартамыз десек, ұлттық тағамдарымызды, соның ішінде құртымызды, шұбатымызды, айранымызды, ірімшігімізді, бауырсағымызды дәріптеуіміз керек. Бұл тағамдар қасиетінің кереметтілігі соншалық – сол арқылы біз талай қиыншылықтан аман қалғанбыз. Осы тағамдар арқылы ұлан-байтақ даламызға қол жеткіздік, алапат жауды жеңдік, араны кең аштыққа қарсы тұрдық... - деп ой тізбектеді ғалым.

Орайы келгенде айта кетейік, Төрегелді Шарманов әлеуметтік желілерде өте белсенді жан. Өзінің ютуб-арнасында сан-салалы сұхбаттары бар. Қайраткер тынбастан бірінші байлықтың қадір-қасиетін әспеттеп, оны өскелең ұрпаққа ұғындырып келеді.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket