Мұндай байлар мемлекетке өте қауіпті - қоғам белсендісі Қордайдағы көп былықтың бетін ашты

2983
Adyrna.kz Telegram
Қоғам белсендісі, Әулиеата өңірінің тумасы Жасұлан Әбдіхалық Қордайдағы келеңсіздіктерді жариялап, шекарадағы шиеленіскен мәселені алға тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Оның айтуынша, Шынтасов есімді кәсіпкер шекара түбінде өз кәсібін дөңгелетіп, заңды белшесінен басқан. Дәулеті асқан азаматтың шекара түсінде салған ғимараты ел аралық қатынаста ыңғайсыздық тудырып отыр. 
"Мына төмендегі видеодағы ғимарат кеше мен жазған Шынтасов деген дәудікі. Әлгі, халықтың жерін тартып алып пайын бермей заң еңіретіп жүрген қарабай! Ешкімнен рұқсат алмастан дәл кеден бекеті орналасқан шекараның түбіне қонақ үй, кафесімен салып тастаған. Салынған ғимараттың сыртын айнала қоршап тастаған. Онсыз да ат айналып жүре алмайтын жерде ұзын-сонар кезек! Кептеліп қалған көліктер! Ал, Шынтасовқа бәрібір. Прокурорыңа да, сотыңа да пысқырып қарамаған. Ал енді бұл жер соттың шешімімен бұзылғалы жатыр. Кінәсын мойындап, алыстау жерден ғимарат соғайын деген кәсіпкер жоқ!" - деп жазды туған өңірінің жанашыры.
Автор кейіннен шекара түбінде болып жатқан шиеленісті суреттеп, ширыққан Шынтасовтың әрекетін сынға алды.
- Шынтасов қайта күшеніп, билікке ультиматум қойып отыр. Егер де дейді, ғимаратымды сносқа жіберсеңдер, халықты жиып митингіге шығамын, Тоқаевқа қарсылығымды білдіремін, бунт көтеремін. Бұған кім ілеседі, заңсыз соғылған ғимаратты қиратты деп кім көшеге шығады десеңдер, қатты қателесеміз. Бүкіл Қордайдың бизнес нысандары Шынтасовтардың қолында. Төмендегі суреттегі базар, дүкендер, дәріханалар, бутиктер, кафелер, заправкалар! Бұлардың барлығында аренда төлеп адамдар нәпақасын тауып, күнін көріп отыр. Көшеге шықсаңдар аренданың бағасын түсіремін, шықпасаңдар көтеремін десе жетіп жатыр. Кредитте отырған байқұс саудагерлер ылажсыз көшеге шығады, - деп жазды ол.
Жасұлан Әбдіхалықтың көзқарасында Қордай аймағы шырпы тисе, шырт жанатын аудан. Шынтасов ісі шідерленбесе, соңы ұлтараздық қақтығыстарға ұласуы бек мүмкін. Жазба авторы өз ойын келесідей жалғады:
"Сондықтан Шынтасовтардан қорқу керек! Мұндай байлар мемлекетке өте қауіпті! Ұлттық қауіпсіздік қызметі қазірден алдын-алмаса, шекараның түбінен мұндай бунт шықса, арғы жағы ұлтараздық дауға ұласып шиеленісіп кетеді. Қордай деген шырпы тисе шырт еткелі тұрған шекарадағы қиын аймақ. Сондықтан Үйсімбаев сияқты идеологсымақтар көлеңкелі кабинетте отыра бермей барыңдар, сөйлесіңдер, реттеңдер! Әншейінде ФБ-да жазғанды сотқа сүйреп жүрсіңдер. Ал митинг жасаймын деп іріткі салып отырған Шынтасовқа шамаларың жетер ме екен көрейін. Ертең кеш болады!" - деді Ж. Әбдіхалық.
Дәулеті тасқан азамат Шынтасовтың бұл әрекетін желіде жақсыға балап жатқандар жоқ. Желі қолданушылары бұл хақында:
"Стратегиялық маңызы бар объектіні базар қып жіберген көк қағаздың күші ғой", "Осындайларға ризамын,  қалай көздері бақырайып, елді әбігерге салып қойып, өздерінің тіршілігін жасай береді екен. Не деген құдірет?", "Пах шіркін, не деген байлық, не деген тойымсыздық",  "Жалпы халықтың көкейіне қонбайтын мәселелер қордаланды. Бүгінгі таңда солардың бірі жер мәселесі. Ал жер жер дауына келгенде халықтың төзімділігін сынауға болмайды. Халықтың жүйкесін тоздырмау керек. Халық дәл жер секілді қозғалмайды, қозғалса қатты қозғалады. Сондықтан Шынтасов мырзаға айтарым "Дарақ бір жерде тұрып көгереді". Ел арасына іріткі салмай,  мәмілеге келгені жөн", "Халықтың жері өз меншігіне қайтарылу керек, әкімнің әділет жолындағы күресінде қолдау көрестеміз! Әділдік орнасын!", "Мұндай жағдай барлық жерде бар. Әкімдік емес, әр өңірдің бай-бағландары билеп төстеп отыр" деп жазды азаматтар.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер